Жаңалықтар

ПИК басшылары есеп береді

Биыл 15 ақпаннан бастап Ақтөбе қаласындағы пәтер иелері кооперативтері басшылары тұрғындар алдында есепті кездесуін өткізеді. Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Жұлдызбек Бисенбин кездесудің мақсаты әрі жалпы жиында тұрғындар алдындағы міндеттер турасында айтып берді.
Қазір Ақтөбе қаласында 114 пәтер иелері кооперативі, 546 кондоминиум бар. Олар қаладағы 1615 көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетеді.
— Есепті кездесу барысында пәтер иелері кооперативтерінің басшылары тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар турасында есеп береді. Жалпы жиында кооператив басшылары есепті кезең ішінде тұрғындардан қанша өтініш-арыз түскенін, сол арыздар негізінде жасалған шаруаларды баяндайды. Сондай-ақ, жалпы мақсатқа жиналған қаражаттың жұмсалуы, игерілуі сөз болады. Өйткені қазір инспекцияға пәтер иелері кооперативі тарапынан жиналған қаражаттың қайда, қандай мақсатқа жұмсалып жатқанын білу үшін тұрғындардан көп арыз түседі. Мәселен, кейбір тұрғындар үйдің төбесінен кететін суға байланысты инспекцияға хабарласып жатады. Әрине, бұл пәтер иелері кооперативтері тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының салғырт жүргізілуінің нәтижесі деп білемін.
Ең бастысы — пәтер иелері кооперативтері басшылары жалпы мақсатқа жиналатын қаражатты, пәтердің шаршы метрі үшін төленетін тарифті тұрғындарға ұғынықты түсіндіруі керек.
Жалпы мақсатқа жиналған қаражат негізінде тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс. Сондықтан осындай жұмыстар салғырт жүргізілгесін, кооперативтер мен тұрғындар арасында түсініспеушілік туындайды, — дейді Ж.Бисенбин.
Пәтер иелері кооперативтері басшылары тұрғындар алдында жыл сайын есеп беруі тиіс. Ж.Бисенбиннің айтуынша, ПИК-тер тарапынан тұрғындармен жалпы жиындар өткізіледі. Дегенмен қалада 20-30 көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ірі-ірі пәтер иелері кооперативтері тұрғындармен жиын өткізу үшін подъезге кіреберіс тұсқа хабарлама ілгенмен, ол жарнама қағазымен қоса жыртылып, нәтижесінде көпшілігі хабарсыз болып шығады. «Заң бойынша тұрғындармен болатын басқосу кездесу өткізуден он күн бұрын хабарлануы тиіс. Сондықтан биыл тұрғындарға пәтер иелері кооперативтері басшыларының есепті кездесуі болатынын облыстық газеттер арқылы хабарлағанды жөн көрдік. Сондай-ақ, ақтөбеліктер әрбір пәтер иелері кооперативтері өткізетін жиынның уақыты мен болатын жері туралы мәліметті Ақтөбе қалалық әкімдігінің ресми сайтынан көре алады», — дейді Ж.Бисенбин.
Пәтер иелері кооперативтері басшыларының жұмыс жүргізудегі тәжірибесі көпке ұнамауы мүмкін. Сондықтан мұндай кездесу тұрғындардың кооперативке жаңа басшы тағайындауына мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, есепті кездесу барысында биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары талқыланады. Нақтырақ айтсақ, пәтер иелері кооперативі тарапынан қандай жұмыстардың жүргізілетіні, қай үйде қандай мәселелер бар, не үшін жалпы мақсатқа қаражат жиналады деген сауалдарға тұрғындар нақты жауап алады әрі кездесу барысында штаттық кесте бекітіледі. Штаттық кестеде пәтер иелері басшысынан бастап аула тазартушыға дейінгі адамдардың айлық табысы белгіленіп, бекітілуі тиіс. Жұлдызбек Бисенбиннің айтуынша, кооператив басшысы жалақыны өзі белгілемейді, бұл мәселе тұрғындармен болған жалпы жиында бекітілу керек. Сонымен қатар, бұл жиында тұрғындар арасынан ревизиялық комиссия мүшесі сайланып, бекітіледі. Ол үшін тұрғындар арнайы бухгалтерлік біліктілігі бар, болмаса есеп-қисапқа біртабан жақын адамды таңдағандары абзал. Қазір қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің бәрінде бірдей ревизиялық комиссия жоқ.
—Тұрғындармен болатын жиынды пәтер иелері кооперативтеріне жақын орналасқан маңдағы мектептің кең залында өткізуді жоспарлап отырмыз. Есепті кездесу жұмыс уақытынан кейін, яғни кешкілік сағат 19.00-де басталады. Бұл кездесулерге жауапты мамандар да қатысады, — дейді Ж.Бисенбин.
Мамандар мұндай кездесулердің болатыны туралы қанша жерден алдын ала хабарлағанмен, халықтың қатысым деңгейі нашар болатынын жасырмайды. Өйткені жақында «Бастама» пәтер иелері кооперативі жалпы жиын өткізетіні туралы алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлағанмен, 3 мыңнан астам пәтерге қызмет көрсететін ПИК-тің жиынына бар болғаны 89 пәтердің иесі ғана қатысыпты. Егер есепті кездесулерде осындай жағдайлар орын алса, онда жоғарыда айтылған мәселелерді бекіту үшін халықпен жазбаша түрде жұмыстар жүргізіледі. Жиында айтылуға тиіс мәселелер қағазда көрсетіліп, әрбір пәтерге жолданады.
—Тұрғындар тарапынан көп түсетін шағым — пәтер иелері кооперативі басшылары халық алдында есеп бермейді. Бүгінде қалада отызға жуық ірі пәтер иелері кооперативтері бар. Олардың қатарында «Бастама», «Назар», «Мекен», «Әлия», сондай-ақ «Табыс Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атауға болады. Олар он үйден елу үйге дейін қызмет көрсетеді. Ақтөбеде «Әлия» пәтер иелері кооперативі өзгелерге үлгі бола алады. Ал «Мекеннің» атына, әсіресе жылу беру ісінде тұрғындардан аптасына 2-3 арыз-шағымнан түсіп жатады. Сондай-ақ, «Қазына», «Амандық», «Елек» кооперативтерінің атына айтылатын сындарды естіп жатамыз. Инспекцияда тұрғындардан түскен арыз-шағымдар тіркеледі. Олардың орындалуы қатаң қадағаланады. Арыз-шағымдарға қатысты мамандар тиісті орындарға барып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізеді. Болмаса, инспекцияның 21-10-21 сенім телефонына қоңырау шалып жатады. Әрбір қоңырау иесінің арызы негізінде тиісті жұмыстар жүргізіледі, — дейді Ж.Бисенбин.
Белгілі болғандай, пәтер иелері кооперативі басшысын тұрғындардың өзі тағайындайды. Егер тұрғындар арасынан бұл істі атқаруға лайықты адам болмаса, онда тұрғын үй инспекциясы тарапынан ұсыныс болады. Әрине, инспекция ұсынған адамның өзін жалпы жиында тұрғындар қолдап, бекітуі тиіс.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button