Жаңалықтар

Әзірге үміткерлер — бесеу

Алдағы сайлау науқаны барысында 526 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Әзірге аймақта әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 5 адам өзін-өзі үміткер ретінде ұсынып отыр.  

Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша,  облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін қазір 14 аумақтық және 204 округтік сайлау комиссиясы өз жұмыстарына кіріскен. Ал сайлау күніне нақ бір ай мерзім қалғанда учаскелік сайлау комиссиялары жұмысқа кіріседі. Сайлауда облыстық мәслихатқа — 31, қалалық мәслихатқа — 23, аудандық мәслихаттарға барлығы 150 депутат сайланады.

Айта кетерлігі, учаскелік сайлау комиссияларында кішігірім өзгерістер болды. «Нұр Ақтөбе» секілді жаңа тұрғын үй массивтерінің  бой көтеріп, халық санының артуына байланысты Ақтөбе қаласында жаңадан 8 сайлау учаскесі қосылса, керісінше, халық санының азаюына байланысты шалғай елді мекендерде 3 учаске жұмысын тоқтатты. Оның бірі — Ырғызда, екеуі — Хромтау ауданында. Округтік сайлау комиссияларында саяси науқан барысында комиссия құрамында 774 адам жұмыс істейді, сондай-ақ 5208 адам сайлауды ұйымдастыру, өткізу шараларын жүргізеді, — деді Г.Күнбаева.

Оның айтуынша, атқарушы органдар учаскелік сайлау комиссияларын материалдық жабдықтармен қамтамасыз етуге тиіс. Бүгінде сайлау комиссияларының жұмыс кестесі құрылған. Жұмыс уақыты кезінде учаскелерде комиссия мүшелерінің болуы  қатаң ескертілген.

Президенттің Жарлығы, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы шыққаннан бері, яғни 20 қаңтардан бастап әрбір адам өзін әртүрлі деңгейдегі мәслихатқа депутат ретінде ұсынуға құқы бар. Ол үшін депутаттықтан үміткерлерге қойылатын талап бар. Бірінші кезекте ол — Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Екіншіден — үміткер кемі 20 жаста болуы керек. Сайлау жарнамасы — 114295 теңге. Бұл — әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлер үшін бірыңғай жарна. Қажетті құжаттар тіркеуден өткеннен кейін ғана сайлау жарнасы сұралады. Депутаттыққа үміткер арыз бергеннен соң үш күннен кейін округтік сайлау комиссиясы құжаттарды түгел тексереді. Егер тапсырылған құжаттар

«ҚР Сайлау туралы» Заң талаптарына сәйкес келсе, комиссия  хаттама толтырады. Сондықтан әрбір азаматтың 19 ақпанға дейін өзін-өзі сайлауға үміткер ретінде тіркеуге толық мүмкіндігі бар, — деді Г.Күнбаева.

Үміткерлерді тіркеу мерзімі 23 ақпанда аяқталады. Ал  24 ақпаннан бастап мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар

18 наурыз түскі сағат 12.00-ге дейінгі аралықта жүргізілуі тиіс. «Әзірге облыс бойынша бар болғаны 5 адам өзін-өзі мәслихат депутаттығына ұсынып отыр. Оның бірі  — облыстық, ал қалғандары — аудандық мәслихаттарға депутаттыққа үміткер ретінде тіркелгендер», — дейді ол.

Әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерді қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар атынан да ұсынуға болады. Әзірге мұндай жолмен депутаттыққа үміткерлерді ұсынып жатқандар жоқ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button