Жаңалықтар

Ынтымақ бар жерде ырыс болады

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын Сазды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бұл шаһар басшысының жоспарланған жеті есептік кездесуінің бесіншісі.

Ақтөбе қаласының әкімі өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары туралы кеңінен баяндап, артынша Сазды ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өз сөзінде Бекбол Сағын  шағын және орта бизнестің ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2015 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 40,9 мың бірлікті құраған. Ал Сазды ауылдық округінде тіркеуде жалпы саны 51 кәсіпкерлік субъектісі бар: 25 шаруа қожалығы, 20 қызмет көрсету кәсіпорындары, 1 акционерлік қоғам, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 өндірістік кооператив. Өткен жылдың өзінде округтің жеке кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен 7 кәсіпкерлік нысаны ашылған. Бұл бойын енді-енді тіктеп келе жатқан ауылдық округ үшін жақсы көрсеткіш. Соның арқасында былтыр қала аумағында және оған қарасты елді мекендерде бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын тауар өндірісіне ықпал ету, нарықты жоғары сапалы өнімдермен кеңінен қамтамасыз ету мақсатында тауар өндірушілер мен сауда кәсіпорындарының қатысуымен 35-тен астам ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Оның 7-уі — Саздыға тиесілі.

Ауылдағы жұртшылықтың негізгі айналысар кәсібі мал шаруашылығы екені белгілі. Бұл саланы дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларына қатысушылардың қарасы қалың. Өткен жылы аталған төрт бағдарлама бойынша 74 миллион теңгеден астам сомаға 296 бас мал сатып алынса, онда саздылықтардың да үлесі басым. Айталық, Сазды ауылдық округінде «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,3 миллион теңгеге 23 бас ірі қара мал сатып алынып,  ірі қара мал саны 37 басқа және қой саны 506 басқа көбейген. Осы орайда өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту бойынша 2,1 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаға өтінім беріліп, оның 6-уы жүзеге асырылғанын айта кеткен абзал. Кезектегі 3 жоба («Айбек» ауылдық өндірістік кооператив ет-консерві цехы, 2 сүт өңдейтін кәсіпорын) осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, әкім болашақта аумағы 100 гектарды құрайтын барлық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген аграрлы-индустриалды аймақ құру жоспарланып отырғанын сөз етті. Мұнда жоспар бойынша жылыжай кешендері, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар орналастырылатын болады.

Кездесуде Сазды ауылдық округінде «Бауырластар» және «Бауырластар-2» тұрғын үй массивтеріне  240 миллион теңгеге су құбырлары желілерінің салынғаны, ал «Сазды-2» тұрғын үй массивіне 335 миллион теңгеге газ жүргізіліп, 625 миллион теңгеге сумен жабдықтау жұмыстарының ұйымдастырылғаны айтылды.

Жиында Бекбол Сағын аталған ауылдық округте бала санының өсуіне байланысты осы жылдың қыркүйек айынан бастап Сазды орта мектебі үш ауысымдық оқытуға ауысқалы отырғанын хабарлады. Бірақ, әкімнің сендіруінше, бұл қолайсыздықтың ұзаққа созылмауы бек мүмкін. Өйткені 2016-2017 жылдары сметалық құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 600 орынға арналған мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Қала басшысы және ауылдық округтің әкімі Амангелді Оңғарбаевтың баяндамаларын ұйып тыңдаған жиналғандар сұрақ қою сәті туғанда, тосылып қалмады. Алайда көпшілігі бір сарынды һәм жай-жапсарына атқарушы билік өкілдері сөз басында егжей-тегжейлі тоқталған жағдайларды айтумен болды. Бір байқағанымыз, ауылдықтардың денін толғандыратын мәселелер — көшедегі жарықтандыру, автокөлік жолындағы арнаулы белгілердің аздығы, жарықтың жиі-жиі сөніп қалатындығы. Сол бойда тұрғындармен жүздесуге ере келген сала мамандарына мән-жайды жіті зерттеп, барлығының оңды шешілуін қамтамасыз етуді тапсырған қала әкімі ұсыныс-тілектің аяқсыз қалмайтынын білдірді.

Өз кезегінде кәсіпкер Гүлнар Қалабаеваның «Осында балабақша ашқым келеді, мемлекеттен қандай да бір көмек бола ма?» деген сауалына Б.Сағын әуелі оның құжаттарын реттеу керектігін, бәрі ойдағыдай болса, жергілікті биліктің аянып қалмайтынын жеткізді. Ал саздылық жігіттің өз қаражатына мешіт салуды армандайтынын, бірақ құзырлы органдар бірнеше жылдан бері түрлі сылтаумен рұқсатын бермей жүргенін естіген қала әкімі бұны өз бақылауына алатынын, мән-жайды облыстағы теолог мамандармен пысықтайынын сөз етті. Ауыл ақсақалының кездесу соңындағы арыз-шағымы да ескерусіз қалмады, Саздыдағы бұралқы иттердің көзін жою ауылшаруашылық бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.

Жиынды қорытындылаған қала басшысы қай істе де «көрпеге қарай көсіліп», әлемдік экономикалық қиындықтар орын алған уақытта өзара тату болуға, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырды. Сондай-ақ, учаскелік инспектордың жұмысы енді одан сайын жандану керектігі, басты мақсат — көшедегі тәртіптің сақталу қажеттігі айтылды.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Суретті түсірген автор.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button