Жаңалықтар

Тұрмыстың жақсаруымен талап та өзгерген  

Новый ауылдық округіне Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендері қарайды.  Бір-екі жылдықта құрылысы аяқталған  Ақтөбе-Қобда бағытындағы тас жолдың бойына орналасқан бұл мекендер қазір танымастай өзгерді. Бір кезде ойда үркердей болып көрінетін ауылдар, ертегіде суреттелетін алыптардай жыл емес, күн санап өсе берді. Тәуелсіздік жылдарында қазақы атау алған Жаңақоныс терістігінде шақырымдарды қаусырып, коттедж үйлерден көше салып қалаға келіп қосылды. Оңтүстігінде іргесін жапандағы жалғыз үй боп қозыкөш  жерден көрінетін онкологиялық сырқаттарды емдейтін ауруханаға тіреді.  Аз жылда Құрашасай ауылы да осылай өсті. Бүгінде жаңа құрылыстары күре жолға қарай қанат жайған Құрашасай мен Жаңақоныстың арасы қосылуға таяды. Екі ауыл да негізінен жеке тұрғын үй құрылысын салушылардың, әлеуметтік нысандар тұрғызған кәсіпкерлердің есебінен көркейді. Мұндағы адамдардың тұрмыстары жақсарғанын, орта дәулеттілердің көбейгенін осыдан-ақ көруге болады. Соған сай билікке қоятын талаптары да өзгерген. Олар бір кездегідей отын, ауызсу, қоғамдық көлік қатынасын, мектеп, балабақша сұрамайды. Бұл мәселелер шешілген, екі ауылда да үлкен мектеп, балабақша, жол құрылыстары, өзге де әлеуметтік нысандар салынған. Алайда округ тұрғындарының  талабы, өтініш-тілегі, арыз-шағымы  көбеймесе, азайып отырған жоқ. Алдыңғы күні қала әкімі Бекбол Сағын осы округтің Жаңақоныс ауылындағы жаңа мектепте тұрғындар алдында есеп берген кезде сауал қою үшін ауыл адамдары үлкен кезекке тұрды. Қала басшысы мен Новый ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Мыңжасаровтың баяндамалары бір сағаттан сәл артық уақыт алса, залдың екі тұсына қойылған микрофонға кезекке тұрып сауал қоюшыларға жауап беруі екі жарым, үш сағатқа жуық созылды. Кездесуде тұрғындардың қандай мәселені де еркін айтуына мейлінше кеңшілік жасалды. Тіпті қала әкімі кездесу жиналысы аяқтағанан соң да, бірсыпыра уақыт өзімен бірге келген қала әкімдігінің үлкен құрамымен жеке тұрғындарды қабылдап, мәселелерін шешіп жатты.

Кездесу кезіндегі тұрғындардың сонша уақытқа созылған сауалдарын түгел қамтып айту мүмкін емес және оның бұл жерде қажеттілігі де шамалы. Бірін-бірі қайталаған, жеке бас төңірегіндегі, оның ішінде  заң орындары арқылы ғана шешуге болатын сауалдар да аз болған жоқ. Біз жоғарыда бұл округте тұрғындардың тұрмысы жақсарды, орта дәулеттілер көбейді деп бекер айтқанымыз жоқ. Шын мәнінде солай. Осы жерге қоныс теуіп, коттедж үй тұрғызғандар, бизнес орындарын салғандар  бір кезде газды, ауыз суды, электр қуатын қиналып кіргізсе, қазір мұның бәрі артта қалған. Мұндағы барша тұрғынның жаңа мектепке, балабақшаға, діттеген жерге кідірмей жететін қоғамдық көлікке, жақсы жолға деген тілектері де орындалған. Алайда түзелген тұрмыс, өркенді өмірдің биігі жаңа талаптарды тудырады екен. Енді бұл округ тұрғындары балабақшаға, жаңа мектепке баратын жолдардың кейбір тұстары кеңейтілсе, жақсартылса дейді. Себебі әрбір үй баланы білім ордаларына ертеңгілік-кешкілік көлікпен апарып, алып қайтады. Кей тұстағы көлік кептелісі осыны қиындатып отыр. Бір кездегідей емес,  боранды күндері электр қуатының бір сәт те болса ажырауы, қардың көшеде жатып қалуы, қоқыс жәшіктерінің уақтылы алынбауы тұрғындар тарапынан ауыр қабылданады. Себебі бүгінгі газбен жылытылатын үйлердің жылу қазандығы электр қуатына тәуелді, ертеңгілік әр үйден бірнеше көлік шығады.

Көп тұрғындар кейін көше түзеген қоныстардың өзінде түнде қаладағыдай шамдар жанып тұрса, жаяу жүргіншілер жолы салынса деген қалауын білдірді. Тұтас ауылдардың, әсіресе көпқабатты үйлердің тазалығының, көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарының әлі де нашар күйде қалып отырғанын ренжіп айтқандар аз болмады. Ауыл әкімі Бақыткелді Мыңжасаровтың қызметіне риза еместер де табылды.

Әрине, әр түрлі сала бойынша қол жеткізілген нәтижелерді қала әкімі де, ауылағасы да біраз тізбектеп айтқан еді. Соның маңыздысы — шағын және орта бизнестің  дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы қадамдар. Мәселен, өткен жылы Новый ауылдық округінде жалпы қызмет көрсету салалары бойынша 94 кәсіперлік нысан тіркеліп, 8 жеке кәсіпкер өз ісін бастаған. Бұл аз ба, көп пе? Сайып келгенде, мұндай іс санына да емес, берекесіне байланысты ғой. Округте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 13 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив айналысады екен. Аумағы 27 мың гектар жерді құрайтын, 11 мыңнан астам тұрғыны бар, қала іргесіндегі қолы ұзын округ  халқы үшін бұл көп пе?

Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан үздіксіз қолдау көріп келеді. Тек есепті кезеңде ауылдық округке қарасты 3 тұрғын үй массивтеріне 533 миллион теңгеден астам қаржыға су құбыры желісі тартылды. Мұнымен бірге, «Шестихатка» тұрғын үй массивіндегі 11 үйге ауыз су құбыры жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек ауылдың ескі бөлігіндегі су құбырына 265 миллион теңге көлемінде  күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. «Бірлік» тұрғын үй массивіне сметалық-жобалық құны 185 миллион теңге тұратын электр жарығы жүргізілді.  Осы жерде әкіммен кездесуде тұрғындар айтқан тағы бір мәселе еске түсіп отыр. Ол — жаңа көшелерге, тұрғын үй массивтеріне лайықты атаулар беру мәселесі. Осыны талап еткен бір қарындас: «Мен «Шестихатка» деген  көшенің тұрғыны болғым келмейді» деді. Осындай жаргон сөздер сияқты қолайсыз аталатын орамдар мен көшелер бұл жақта көп екен.

Ақтөбе қаласының орталығындағы сияқты Жаңақоныс ауылында да терможаңғырту бағдарламасы аясында жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр 15 үйге осындай жөндеу жүргізілсе, биыл да бұл жұмыс жалғаспақ.

— Өздерің көріп отырғандай, былтырғы жылы біршама жұмыстар атқарылды. Көптеген көрсеткіштер бойынша динамикалық өсім бар. Бірақ қаланың және оған қарасты елді мекендердің қарқынды түрде дамуы және тұрғындар қажеттілігінің артуы —жергілікті атқарушы органдар алдына жаңа міндеттер жүктейді, — деп түйді қала әкімі сөзін.  Бұл  — «тұрмысына қарай талабы» деген халық тұжырымымен де үндеседі.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button