Жаңалықтар

Барды базарлау мен жоқты түгендеу             

Аудан әкімі Ербол Данағұловтың жылдық есебі Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой, Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Біршоғыр ауылдық округтерінде өтті.

Жаңақоныс ауылдық округі әкімі Жанболат Үмбетов атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Округте қазіргі күні 58 шаруа қожалығы бар. Есеп беру жиынында аудан әкіміне тұрғындардың бірі жеке мәселелерін айтса, енді бірі малға жайылымның жетіспейтіндігін сөз етті. Дегенмен жаңақоныстықтардың жағдайы жақсы. Теміржолға таяқ тастам жерде тұрған ауылдың қатынас жолы аудан орталығына әрқашан ашық, көгілдір отын маздап әрбір үйде жанып тұр. Кенжалы Бекбергенов  ауылының осындай оң ахуалын айтып, басшыларға алғысын білдірді.

Есет Көтібарұлы ауылдық округінде өткен кездесуге де тұрғындар көп жиналды. Ауыл әкімі Әнуар Мұратовтың баяндамасы толымды істерді атаумен басталды. Әкімнің мәліметінше, «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде ауылдағы «Нұралы» шаруа қожалығы 22,5 миллион, «Алтай» шаруа қожалығы 1,6 миллион теңге несие алып, оған 129 сиыр сатып алған.

— Ағымдағы жылы біздің округке «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 400 қой сатып алу тапсырмасы берілген болатын. Бүгінгі күнге екі қожалық 80 саулық, 5 қошқар, «Сақи» шаруа қожалығы 4,5 миллион теңге алып, 162 қой, 10 қошқар алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша «Абай» шаруа қожалығы 5,5 миллион теңге несие алып, 15 бие және асыл тұқымды бір айғыр сатып алды,— деді  ауыл әкімі.

Бұнда кәсіпкерлік саласында да атқарылып жатқан шаруалар ауқымды. Өткен жылы ауыл жанынан өтетін күре жол бойынан құны 60,0 миллион теңге қаржыға «Нұралы» шаруа қожалығы кемпинг ашқан. Қазір онда тамақтану орны жұмыс жасайды және осы жылы техникалық қызмет көрсету орталығы, газ құю бекеті ашылады деп жоспарланған. Халықтың ұсыныс-тілегіне құлақ түрген сәтте еңбек ардагері Жәрдемберген Піралин әкімдерге қатарынан алты сауал қойды. Соңғысы алдыңғыларынан салмақтылау  еді, ол — ауылға көгілдір отын жеткізу мәселесі. Аудан әкімі елді мекенге газ тарту жұмысы бүгін-ертең ауыл, аудан әкімінің қолынан келмейтін іс екендігін ашып айтты. Алайда, болашағы мол, теміржолға таяу орналасқан ауылға көгілдір отын кіргізу жоспарда бар.

Бұл округтегі учаскелік полиция инспекторы мен мал дәрігерінің жұмыстары, мал ұрлығының тыйылмауы, ауыз судың сапасыздығы, т.б. мәселелер жөнінде бұқара ойын ортаға салды. Аудан әкімі бұл мәселелерді түртіп алып,  тиісті орындарға міндеттер жүктелетіндігін айтты.

Бозой ауылдық округінің әкімі Жарылқасын Шамбалаевтың  баяндамасынан да бұл ауылда соңғы жылдары бірқатар  жұмыстар атқарылғандығы аңғарылды. Жалпы, Бозой — берекелі жер. Өндіріске бір қадам жақын тұрған ауылдың болашағы да зор. Округ бойынша халық саны 2015 жылы 2906 адамды құраған. Оның жұмысқа белсенділігі — 1706. Өзін-өзі қамтушылар саны — 280 адам. Округке қарасты бюджеттік мекемелерде 241 адам, газ және мұнай саласында 420 адам жұмыс жасайды.

Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қаршыға Жанұзақов ауылды интернетпен қамту жайы шешілмей тұрғандығын, Сағымбай ақсақал ауылдағы медбикелердің жұмысына қанағаттанбайтындығын айтты. Аяққұмдық Аязбай Аманжолов ақсақал бір бүйірде жатқан ауылдың  жергілікті билікке деген сәлемдемесін жеткізді.

— Ауылдағы мектеп біз үшін темірқазық іспеттес. Елдің тұрақтануына да осы қасиетті қара шаңырақ себепші. Алайда, мектепте бала санының аздығы бізді алаңдатады. Мектебіміздің жұмысы тоқтамаса деген ортақ тілек біздікі, — деді ол.

Айшуақ ауылдық округінде де біршама істер жасалғандығын ауыл әкімі Әліби Саттықов  мәлімдеді. Жақында жұмысқа кіріскен әкім алдымен ауыл тазалығына ден қойыпты. Және де ауылда мәдени-көпшілік іс-шаралардың да өз жүйесін тауып келе жатқандығы байқалды. Бұл округте аудан басшысына тұрғындар мал өнімін өткізу жайы, ауылдың кейбір аумағында электр қуатының әлсіздігі, аудан орталығына қатынайтын жол мәселесі, баға тұрақсыздығы, т.б. жөнінде сауалдар қойды.

Қауылжыр ауылдық округінде өткен есепті кездесуде ауылдағы жұмыссыздықты жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылғандығы байқалды.

Бұл жиында ауыл тұрғындарының басшылардан естіген бір жағымды жаңалығы — Қауылжыр көпірінің жөнделетіндігі. Бұл ауылда да дәрігерлерге қатысты, жайылым, көктемгі бөгет бөгеу мәселелеріне орай талап-тілектер туындады. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Оразбике Көптілеуова ауылдан салынып жатқан мешітті қолдамайтындығын айтады. Ол «мешіттен бұрын ауылға балабақша салынуы керек, ауыл мектебіне мінгесіп отырған балабақшаның қазіргі жайы көңіл көншітпейді» деп мәселе көтерді. Зейнеткердің бұл ұсынысын ауылдастары қошеметтеп, қолдады. Және де қала маңы «Шалқар—Ақтөбе» жергілікті пойызына жатын вагоннан тағы біреуі қосылса, газет-журнал дер уақытында ауылымызға жетіп тұрса деген де тілектері болды.

Мөңке би ауылдық округіндегі кездесуде Ермұхамбет ақсақал жол мәселесін көтерді. Әсіресе, қыс мезгілінде Біршоғыр тауынан өту қиынға соғады.

Біршоғыр ауылдық округі әкімінің есепті баяндамасын аппараттың бас маманы Мереке Бисенбин жасады. Баяндамада ауылда бірқатар жұмыстардың жасалғандығы айтылғандығымен, шешілмей тұрған мәселелер де бар екен. Мәселен, ауылдың ауыз суы. Құбырлар жүйесі әбден тозығы жеткен. Бұндағы тұрғындардың Біршоғырға көгілдір отын жеткізілсе деген ортақ тілектері бар. Жиын барысында ауылда пошта ғимаратының жоқтығы айтылды, аз қамтылған отбасыларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

Жиын соңында аудан әкімі Біршоғыр ауылдық округі аумағындағы қиыршық тас өндіретін зауыт басшыларының бірқатарының басын қосып, пікірлесті. «Жердің баға жетпес байлығын иеленгеннен кейін сол маңдағы елге де қарайласу керек», — деп әкім зауыт басшыларына ұсыныстар тастады.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button