Жаңалықтар

Көркемөнерпаздар ұжымдары сынақтан өтті

Ақтөбе облысындағы «халықтық» және «үлгілі» атақтары бар 107 көркемөнерпаздар ұжымы үш жылда бір рет сол атаққа сай екенін дәлелдеу үшін сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ 21 ұжым алғаш рет осы атаққа сай шығуға талпынды.

Аттестациялық комиссияға Астанадан келген  Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі департамент директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов төрағалық етті.

Үш күн ішінде әуелі Хромтау ауданының орталығында Әйтеке би, Ырғыз аудандарынан, Қандыағашта Алға, Байғанин, Темір, Шалқар аудандарының, облыс орталығында Қарғалы, Ойыл, Мәртөк, Қобда аудандарынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары «халықтық», «үлгілі»  атақтарын қорғады.

Ақтөбедегі 107 өнер ұжымының 81-і халықтық, 26 үлгілі атағына ие. Олардың ішінде 16 хор, 39 би, 9 қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, 15 халықтық театр, 2 изостудия, 9 отбасылық ансамбль, 10 вокалдық топ, 1 киностудия, 4 фольклорлық ансамбль бар.

Облыстық шығармашылық үйі ұйымдастыратын  дәстүрлі «Театр — өнердің ұлы көші» атты аймақтық халықтық театрлардың фестивалі, «Ғажайып балалық шақ», «Балдәурен»,»Назерке» сияқты конкурстар, би ұжымдарының, отбасылық ансамбьдердің, әзіл-сықақ отауларының сайыстары  арқылы ел ішіндегі таланттар өздерін көрсетіп келеді.

Комиссия төрағасы аттестацияның соңында көркемөнерпаздар ұжымдарының көркемдік жетекшілерімен кездесіп, олардың жай-күйі, дамуы, болашағы жайлы кеңінен сұхбат құрды. Нұрболат Ахметжанов олардың жұмысына жоғары баға берді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button