ДенсаулықЖаңалықтар

Бауырына бауырын берді

Батыс аймағы бойынша  алғаш рет Ақтөбеде бауыр трансплантациясы жасалды. Облыстық клиникалық ауруханада Сеул ұлттық университетінен келген профессор К.Ли және ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік хирургтер 38 жастағы әйелдің бауырын ауыстырды.

Бауыр трансплантациясы — хирургия саласындағы ең күрделі ота. Қазіргі күні бұндай ота түрі еліміз бойынша  Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жасалса, енді батыс өңірі бойынша Ақтөбеде жасалады.

Ақтөбелік хирургтердің қатысуымен өткен алғашқы ота сәтті аяқталды. Студенттер мен дәрігерлер ота жасау сәтін жоғарғы қабаттағы мәжіліс залында арнайы экраннан көріп отырды. Екі бригаданың қатысуымен жасалған ота жеті сағатқа созылды.

Ота жасатқан ақтөбелік азаматша бауыр циррозына шалдыққан. Осы уақытқа дейін тек дәрі-дәрмектің күшімен жүрген. Бауыр күрделі өзгеріске ұшырап, цирроздың соңғы сатысына ауысқан кезде оны ауыстырмаса науқас әрі қарай өмір сүре алмайды. Науқастың анасы басқармаға келіп, жағдайын түсіндіріп айтқаннан кейін ота жасауға дайындық жүргізілді. 26 жастағы туған інісі бауырын беретін болды. Оңтүстік Кореядағы Сеул ұлттық университетінің мамандарымен бірлесе отырып, екі адамға да барлық медициналық тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері аурухананың материалдық базасымен танысты. Ал біздің Базылбек Жақиев, Әбілғазы Жанаділ, Мұрат Жайқанов секілді білікті хирургтер мен анестезиолог, медбикелер сол елге барып біліктілігін арттырды. Бүгін екі жақтың дәрігерлері донор  бауырының 70 пайызын алып науқасқа салды. Қазір екі адамның да жағдайы қалыпты, дәрігерлердің қадағалауында, — деді  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Дәрігерлердің айтуынша, ағзадағы тез жетілетін мүше — бауыр. Бір жарым жылдың ішінде қайта қалпына келеді.

Әсет Қалиевтың айтуынша, алдағы уақытта облыста  трансплантологиялық орталық ашылады. Соңғы екі жылда осы мақсатқа 250 миллион теңге бөлініп, дәрігерлер оқытылып, құрал-жабдықтар сатып алынған. Жеті бүйрек ауыстыру отасы жасалған. Үздіксіз еңбектің арқасында қазіргі күні ақтөбелік хирургтер ешқандай шетелдік дәрігерлердің көмегінсіз бүйрек ауыстыра алады.

Басқарма басшысы бауыр  трансплантациясын да осындай деңгейге жеткізу үшін Оңтүстік Корея елінің дәрігерлерімен бірге шеберлік кластарын өткізбек. Биыл ақпан, наурыз айларында осындай бес бауыр трансплантациясы жасалады. Бұл ретте Оңтүстік Кореялық дәрігерлердің тәжірибесі мықты. Сеул университетінен келген профессор К.Ли  осы салада жиырма жылға жуық еңбек еткен. Жылына бес жүзге жуық бауыр ауыстыру отасын жасайды. Білікті хирургтен ақтөбелік дәрігерлердің үйренері көп.

Жалпы облыста 128 науқас бүйрек, 60 науқас  бауыр ауыстыруды қажет етеді.  Басқарма басшысының айтуынша, ең негізгі мәселе — донор тапшылығы. Көп жағдайда науқасқа туған-туыстарының ішкі мүшелері салынады. Алайда көпшілігі сәйкес келе бермейді. Ал сәйкес келгендері ота жасатудан қорқады.

—  Бұл мәселені шешу үшін соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, жол апатына ұшыраған  адамдардың ішкі мүшесін алу арқылы донор тапшылығын азайту. Себебі дәрігерлер бұндай жағдайда тек қана туыстарының немесе сол азаматтың өзінің рұқсатымен ғана  ішкі мүшелерін алуға  құқы бар, — дейді басқарма басшысы.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button