Билік

Тауар өндірушілер көрмесі Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі болды

12-13 ақпанда «Алатау» сауда-ойын-сауық кешенінде облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының тауарларының, жұмысының және қызмет көрсету түрлерінің жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңке кезінде кәсіпкерлер арасында өзара алыс-беріс келісім-шарттарына қол жеткізілді. Бұл шара қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен облыстық кәсіпкерлік және жұмыс берушілер одағының бастамасы бойынша облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрмеге қазақтандық және ресейлік 50-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорны қатысты.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов көрмені ұйымдастырудағы мақсат шағын және орта бизнес өкілдеріне бүгінгі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында қолдау көрсету екендігін баса айтты.

– Бұл тек ақтөбеліктердің көрмесі емес, өзге де өңірлерден, Ресейден келіп қатысушылар бар, – деді Елеусін Наурызбайұлы. – Көрмеге 60-қа жуық кәсіпорын қатысып, өздерінің тауарларын, қызмет түрлерін көрсетіп, келісім-шарттарға отыратын болады. Мақсат – кәсіпкерлер жұмысының дамуын қамтамасыз ету. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін икемді де нақты механизм болып табылады.

Облыс әкімінің айтуынша, көрменің маңыздылығы қазіргі қиын жағдайда ішкі рыноктың жұмысын қамтамасыз етуде болып отыр. Соңғы 4-5 жылдың ішінде облыс экономикасында, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікте зор өзгерістер болды. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын жұмыс істеуге қабілетті облыс тұрғындарының 30 пайызы орта және шағын бизнесте жұмыс істеген болса, биылғы жылдың 1 қаңтарына 40 пайызға жеткен. Енді облыс басшысы таяу 10 жылда бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Сол кезде, тұтастай алғанда, ақтөбеліктердің тұрмыс жағдайын едәуір арттыруға мүмкіндік туады.

Облыс басшысы кәсіпкерлермен кездескенде дағдарыстан мейлінше аз шығынмен шығу жолдары іздестіріліп, өндіретін өнімдерінің сұранысқа сай болуы негізгі тақырып екеніне де тоқталды. Өзге өңірлерге, өзге елдерге шығару өз алдына, алдымен облыстың қажеттілігін өтеуі тиіс. Биылғы жылы құрылыс саласында 50 миллиард теңге игерілетін болады. Бюджеттік қаржылар және кәсіпорындар есебінен мұнай тазарту зауыты, тау-кен, құрылыс индустриясы нысандары салынады. Біздің кәсіпорындар өндіріске қажетті тауарларды сырттан тасымай, жергілікті құрылыс индустриясы, машина құрылымы және басқа кәсіпорындардың өнімдерін пайдалануы тиіс. Мұндай міндеттер қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Мәселен, «Казхром» трансұлттық компаниясы мен «Ақтөберентген» АҚ арасында өзара тапсырыстар қабылдау шаралары қаралуда. Станоктардың, жаңа қондырғылардың детальдары бәсекелестікке төзімді, сапасы жоғары болуы үшін жұмыс істеу керек. Енді сапаға мән беру алдыңғы кезекке шықты. 1995-96 жылдары бірқатар кәсіпорындар тоқырауға ұшырап, тарай бастаған кезде сол зауыттардың ғимараттарын қалай да сақтап қалу мәселесі тұрып еді. 20 мыңдай адам жұмыссыз қалған болатын. Қазіргі міндет мүлдем өзгеше. Өткен жылы сыртқы экономикалық тауар айналымы 10 миллиард доллар құрауы жаңа талаптың қалай орындалып жатқанын көрсетсе керек.

Дағдарысқа қарамастан биылғы қаңтар айында өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда инвестиция 130 пайызға артық құйылып отыр. Өйткені біздің облыс – инвестицияға тартымды өңір. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының көмегімен азот тыңайтқыштарын шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Сонымен қатар газ-турбиналық электр стансасы, вагон жөндеу зауыты құрылыстары да қолға алынады.

Айта кету керек, Ақтөбе – өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген облыстардың бірі. Облыс әкімі қаржы көлемінің биыл да кемімейтінін атап өтті.

Көрмеге қатысқан Ульянов облысы өнеркәсіпшілері және кәсіпкерлері одағы атынан Александр Озолин былай деп ой бөлісті:

– Бздің одақтың құрамында 500-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қай-қайсысы да Ақтөбе рыногына ерекше қарайды. Себебі облыстың экономикалық дамуы жоғары. Мақсат – Ақтөбе және Ульянов облыстарының шағын және орта бизнес кәсіпорындарының байланысын нығайту. Ақтөбеде цемент, металлургиялық зауыттар салынады екен. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің экономикалық әріптестігін арттыра түседі. Ульянов қаласы «Шығыс-Батыс» қарым-қатынасының дәлізіне айналып отыр. Сондай-ақ, әуежай қызметі де салық жөнінен кәсіпкерлерге жеңілдіктер беруде.

Асхат Айтжанов, «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының Ақтөбе филиалы басқармасының төрағасы:

– Біз осы форум арқылы өзіміздің үмітіміз бен сеніміміздің биіктігін дәлелдей аламыз. Біз, кәсіпкерлер, өзімізді тек жақсы жағымыздан, үлкен нәтижемізді көрсетуге тиіспіз. Әрине, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда «Даму» және басқа қорлар арқылы Үкімет тарапынын үлкен көмектер берілуде. Дегенмен біз де өз тарапымыздан өнімдеріміздің сапасын арттырып, айқын, ашық бизнес жүргізуіміз керек. Сонымен қатар кәсіпкерліктегі қызметкерлерге жағдай жасауды алдыңғы кезекке шығару қажет.

Анар Ерғалиева, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:

– Әлемде қаржылық дағдарыс жүріп жатыр деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалай болғанда да тығырықтан шығудың жолдарын іздестіруіміз керек. Облыс әкімінің қолдауымен өткізіліп отырған осы көрме – сол шаралардың бірі. Мұның кәсіпкерлер үшін пайдасы мол болмақ. Мәселен, олар бір-бірінің тауарларымен, қызмет көрсету түрлерімен танысады, өзара келісімдерге келеді деп ойлаймын. Отандық тауар өндірушілер мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алады. Оларға жеңілдіктер де қаралған.

Шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаларын нақты жүзеге асыру үшін менеджмент қызметін көтеру ісін қолға алдық. Тағы бір бағыт – жергілікті тауар өндірушілерді оқыту. Біздің кәсіпкерлер өндірген өнімдерінің сапасы халықаралық стандарттар талабына сай болуы тиіс. Сонда ғана тауар өндірушілер үлкен рынокқа шыға алады.

Көрмеге машина құрылысы, тау-кен өндірісі, мұнай-газ өнеркәсібі, қуат көздері, құрылыс индустриясы және басқа салалар бойынша өнімдер шығарылды. Кәсіпкерлер арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button