ЖаңалықтарЭкономика

Мұндай жоба Ақтөбеде ғана бар!

Инвестициялық форумнан соң

Республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып жаңа пилоттық жоба — «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы іске асырылмақ. Осы бағдарлама арқылы ауыл кәсіпкерлерінің ісін жандандыруға 900 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр.
Бұл — былтыр қарашада Ақтөбеде өткен инвестициялық форум аясында облыс әкімдігі мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы және «АЛМЭКС» холдингі арасындағы үшжақты меморандумға қол қоюдың нәтижесінде жүзеге асырылатын жоба. Бастапқыда облыстық кәсіпкерлер палатасы жаңа бағдарламаны «Атамекен» деп атауға ниет білдірген. Дегенмен жергілікті атқарушы билік жаңа жобаны «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы» деп атағанды жөн көріпті.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, жаңа жоба қаңтар айының ішінде іске асырылады.
— Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып пилоттық жоба — жаңа бағдарлама жүзеге асырылады. Былтыр
27қарашада Ақтөбеде өткен инвестициялық форум аясында облыс әкімдігі мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы және «АЛМЭКС» холдингі арасында үшжақты меморандумға қол қойылғаны белгілі. Ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында 900 миллион теңгеге келіссөз жүргізілді. Енді осы келісім іс жүзіне асырылуы тиіс. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін үш тарап 300 миллион теңгеден қаражат шығарып, барлығы 900 миллион теңге несие ретімен кәсіпкерлердің ісін кеңейтуге және бизнес бастаушыларға беріледі. Жаңа бағдарламаға қарапайым тұрғындар қатыса алмайды, — дейді Г.Ерғазина.
Бағдарламаға қатысушы ауыл кәсіпкерлері сауда-саттық бағытынан басқа бизнестің барлық түрі, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда несие қаражатына қол жеткізе алады. Бағдарлама шарты бойынша несие 5 жылға
6 пайызбен беріледі. Несие қаражатын төлеуде кәсіпкерге жеңілдетілген кезең қарастырылған.
— Жаңа бағдарлама арқылы бұрын несие алып көрмеген бизнес бастаушыларға
3 миллион теңгеге дейін қаражат алуға мүмкіндік бар. Ал кәсібін кеңейткісі келетіндер үшін осы бағдарлама арқылы 8 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни орташа есеппен 17 миллион теңгеге дейін несие құжаттарын рәсімдеуге жағдай жасалады. Бағдарламаға қатысатын кәсіпкерлерге несие қаражаты тікелей қор арқылы берілмек, — дейді Г.Ерғазина.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін келісімшартқа қол қою мақсатында осы аптаның жұма күні Ақтөбеге арнайы жұмыс сапармен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев келеді деп күтілуде. Келісімшартқа қалай қол қойылса, қор мамандары уақыт оздырмай кәсіпкерлерден тапсырыс қабылдау жұмыстарын бастамақ.
Қор директорының айтуынша, қазір әрбір ауданда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс жасайды. Аталған орталықтардағы кәсіпкерлер палатасының және «Даму» қорының өкілдері жаңа бағдарламаның шарттары мен талаптары туралы бизнестегілерге кеңес бермек.
Бұған дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша шағын несиелер беріліп келді. «Қазір Үкіметте аталған бағдарлама бойынша кәсіпкерлерді қолдаудың мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Егер қор «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын болса, онда бұл бағыттағы жұмыстарды біз бірінші тоқсанда-ақ бастап кетеміз», — дейді Г.Ерғазина.
Өткен жылы облыс кәсіпкерлеріне «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 8 бағдарлама бойынша 833 қарыз алушыға жалпы сомасы 2 миллиардтан астам теңгеге мемлекеттен шағын несие берілген. Былтырғы жұмыстардың нәтижесінде қордың облыстық филиалы қаражаттың нақтылы әрі уақытында игерілуі, оның мақсатты жұмсалуы және несиенің қайтарылымы бойынша республикада жоғары көрсеткішке ие болыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қор тарапынан берілген несиенің қайтарылмай отырған көрсеткіші — 0,6 пайыз. Қор директорының айтуынша, елдегі экономикалық қиындықтардың әсері өзге аймақтармен салыстырғанда ақтөбелік кәсіпкерлердің жұмысына ешқандай кедергі келтірмеген. Биыл да аймақ кәсіпкерлерінің «Моноқала», «Ырыс», «Ауылдық ипотека» бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button