Спорт

ТҮРКИЯҒА КІМДЕР АТТАНДЫ?

Футбол

Сонымен «Ақтөбе» Түркияға аттанды.
Қаңтардың соңына дейін бас бапкер Юрий Уткульбаев бастаған жаттықтырушылар тобы біраз ой түйіп оралмақ. Ал футболшылар, әрине, бір-бірімен жеткілікті танысып-білісетіні даусыз.
Расына келсек, соңғы жылдары біздің командамызда тап биылғыдай мол ауыс-түйіс болған да емес. Сол себепті де бұл сапарға кімдер аттанғандығы ерекше қызығушылық тудыратыны мәлім.
Мысалы, бұл оқу-жаттығу жиынына аттанғандардың арасында жанкүйерлерге бұрыннан мәлім кәнігі футболшылар саусақпен санарлықтай деуге болады: қорғаушы Юрий Логвиненко мен жартылай қорғаушы Евгений Левин, шабуылшылар Данило Неко мен Сергей Хижниченко.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының үздік ойыншысы Самат Смақов пен өз түлегіміз, 24 жастағы шабуылшы, соңғы жыл жарым ішінде сыртта, «Ақжайық» пен «Мақтаралда» ойнаған Сергей Лисенковқа да біздің жасыл алаңымыз тіпті де жат емес.
Премьер-Лигадағы қадамын «Жетісуда» бастап, «Ертісте» жалғастырып келгенімен жартылай қорғаушы Абылайхан Тотай да Ақтөбенің тумасы, Ақтөбе футболының түлегі.
Ақтөбеліктерді одан әрі жалғастырып көрелік: қақпашылар Мейірлан Қайырмағамбетов (1997 ж.т.) пен Игорь Трофимец (1996 ж.т.), қорғаушылар Айбар Темірбаев (1997 ж.т.) пен Нұрбол Жұмашев (1994 ж.т.), Қуаныш Елтезеров (1995 ж.т.) пен Бағдат Қайыров (1993 ж.т.), жартылай қорғаушылар Аян Дәулетов (1995 ж.т.) пен Әділхан Таңжарықов (1996 ж.т.), шабуылшы Асыланбек Кәкімов (1993 ж.т.). Бұрын қосалқы топта болған бұл жас ойыншыларға тамаша мүмкіндіктер ұсынылып отыр.
Соңғы маусымдарда көзіміз үйреніп қалған Абат Айымбетов (1995 ж.т.), Дидар Жалмұқан (1996 ж.т.), Саят Жұмағали (1995 ж.т.) тәрізді зор үміт күттіретін жас футболшыларымыз қазір Мәскеуде Достастық Кубогы ойындарына қатысатын қазақстандық жастар құрамасы сапында жүргендігіне байланысты бұл тізімге кіргізілмей қалды. Олар жаттығуға кейін қосылады.
Осы тұста сәл шегініс жасаудың реті келіп тұр. Өткен жылдың желтоқсан айының соңына таман өткен облыстық футбол қауымдастығының есеп беру-сайлау конференциясында өңірімізде осы спорт түрінің дамуына қатысты кемшіліктердің беті ашылғаны мәлім.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жер¬гілікті жастардан жақсы футболшылар даярлаудың орнына қымбат легионерлерді сатып алуға жол беріліп, оларға жоғары еңбекақы қойылғанын сынға алумен бірге бұдан былай легионерлерден гөрі өзіміздің жас футболшыларды өсіріп, шеберлер командасында ойнатуға бағыт ұстау керектігін айтқан болатын. Жоғарыдағы жас есімдер — сол әңгіменің алғашқы нәтижесі.
Дегенмен, қалай болғанда да, жергілікті футболшылардан Премьер-Лигада өнер көрсете аларлықтай толыққанды команда жасақтау тап қазір мүмкін де емес екендігі белгілі. Сол себепті оңтайлы қаржыға, кейін клубпен біте қайнасып кетуге лайық, өздерінің шеберлігін жасыл алаңда дәлелдеуге құштар жас легионерлерді шақырмасқа да болмайды. Ал сырттан келгендер кімдер?
Мысалы, 23 жастағы Никита Бочаров — Ресей жастар құрамасы сапында Достастық Кубогының жеңімпазы болған жартылай қорғаушы. Жалпы биыл командамыз жастармен жеткілікті дәрежеде толықтырылатын түрі бар. Жартылай қорғаушылар Бобир Давлатов 19 жаста болса, Игнат Сабирзянов — 20 жаста, ал «Жетісудан» келіп жатқан ресейлік жартылай қорғаушы Михаил Петролай — 21 жаста.
Қысқасы, Түркияға 12 қаңтар күні аттанған «Ақтөбе» футболшыларының тізімі төмендегідей:
1.Юрий Логвиненко.
2.Мейірлан Қайырмағамбетов.
3.Игорь Трофимец.
4. Бағдат Қайыров.
5.Нұрбол Жұмашев.
6.Айбар Темірбаев.
7.Самат Смақов.
8.Аян Дәулетов.
9.Асланбек Кәкімов.
10.Исламбек Құлекенов.
11.Сергей Лисенков.
12.Алдияр Қожахметов.
13.Евгений Левин.
14.Данило Неко.
15.Әділхан Таңжарықов.
16.Сергей Хижниченко.
17.Михаил Петролай.
18.Марат Ситдиков.
19.Игнат Сабирзянов.
20.Никита Бочаров.
21.Бобир Давлатов.
22.Руслан Галиакберов.
23.Абылайхан Тотай.
24.Қуаныш Елтезеров.
Бұл тізімдегілердің барлығы да алдағы маусымда жасыл алаңға «Ақтөбе» командасының жейдесін киіп шығатындықтарына ешкім толық кепілдік те бере алмайды. Өйткені қыс, көктем айларында өткізілетін оқу-жаттығу жиындарында ойыншылар әлі де іріктеле түсетіні белгілі.
«Ақтөбе» футбол клубының бірге аттанған басшылық құрамы: Юрий Уткульбаев (бас бапкер), Олег Нечаев (жаттықтырушы), Константин Деменко (жаттықтырушы), Алексей Косолапов (жаттықтырушы), Сергей Чекмезов (қақпашылар жаттықтырушысы), Аманғос Жаданов (дәрігер), Сергей Власов (массажшы), Юрий Зелененко (физиотерапевт), Берік Өксікбаев (әкімші), Асылбек Қуанышев (оператор).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button