Спорт

Самат Смақовтың оралуы

Футбол

 Жанкүйерлер «Ақтөбе» футбол клубына Самат Смақовтың оралуына қатысты хабарды бір-біріне қуана жеткізіп жатыр.

Өткен жылдың соңында Павлодардың «Ертіс» командасымен келісімшарт мерзімі аяқталған футболшының «Ордабасыға» немесе «Атырауға» баратыны туралы түрлі қауесеттер тарап та үлгерген болатын. Дегенмен Самат «Ақтөбеге» оралуды жөн көріпті. «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев пен кәнігі футболшының арасындағы әңгіме осындай ортақ мәмілемен түйінделіпті.

Тек бір ескерер жайт, Самат әзірге клубымыздың толық мүшесі бола қойған жоқ. Ол «Ақтөбе» сапында Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына барады, келісімшартқа, бұйырса, сол жақта қол қойылады.

Рас, еліміздің үздік футболшыларының бірі бұрын Қазақстанның басқа клубтарында да, сондай-ақ Түркияның «Ризерспор» командасында да өнер көрсетті. Әйтсе де Самат үшін «Ақтөбенің» орны бөлек. Ол жасыл алаңға шыққаннан басталған 1997 жыл мен 2015 жыл аралығында «Ақтөбе» сапында қай командадағыдан да ұзақ ойнады: 2007-2012. Осы кезде 171 кездесуге қатысып, 30 гол соқты. Қорғаушы үшін 30 гол тіпті де аз емес екендігі белгілі.

«Ақтөбе» құрамында Самат команда капитаны болды, ел чемпионатында алтыннан алқа тақты, күміс, қола медальдарды еншіледі, Қазақстан Кубогы және Қазақстан Суперкубогы иегері атанды, Еуропа алаңдарында жарқылдады. Ендеше өзінің сүйікті командасының табыстарын одан әрі бекіте түсу 37 жастағы ең тәжірибелі футболшының басты мақсаты болатындығына дау бар ма?! Тіпті қысқа сұхбаттарының бірінде ол «Ақтөбеден» аса қомақты қаржы талап етпейтінін де ашып айтты.

Самат Смақовтың ұлттық құрамамыздағы мығымдығы да жанкүйерлерге жақсы мәлім. Ол 2011 жылы Қазақстан ұлттық құрамасындағы мансабын біржола аяқтауға шешім қабылдағанымен 2014 жылы еліміздің бас құрамасына қайта шақырылды. Шеберлігіне шаң түспегенін Самат сол ЕУРО-2016 іріктеу додасы аясында Түркиямен болған кездесуде гол соғумен дәлелдеп берді.

Ендеше Самат Смақовтың оралуы Ақтөбе футболына тың серпін беретіндігіне еш дау жоқ.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button