ЖаңалықтарӘлеумет

Орташа зейнетақы — 53091 теңге

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері өсті. Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша 273 мыңнан астам зейнетақы және жәрдемақы алушылардың іс-құжаттары көтеріліп, қайта қаралды.
2015 жылы ай сайын бұл мақсатта мемлекет тарапынан 5 млрд. 689,6 млн. теңге қаржы төленген болса, 2016 жылы ай сайын «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы тарапынан төленетін зейнетақы мен жәрдемақылардың жалпы мөлшері — 6 млрд. 202 млн. теңге. Ал облысымызда жасына байланысты зейнеткерлердің саны — 82279 адам.
Ақтөбе облысы бойынша зейнетақының орташа мөлшері базалық зейнетақыны қоса есептегенде 53091 теңгеге жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 49359 теңге болған еді.
«2016-2018 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 30.11.2015 ж. №426-V Заңына сәйкес, 1.01.2016 жылдан бастап күнкөріс шамасының ең төменгі мөлшері 22859 теңгеге дейін, айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2121 теңгеге дейін көтерілген болатын. Осының нәтижесінде бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері де көтеріліп отыр. Бұдан былай 1, 2 және 3-бала туылғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері — 66621 теңге. 4-ші бала мен одан көп бала үшін 111 035 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Сәйкесінше, жұмыс жасамайтын адамдарға республикалық бюджеттен бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін төленетін жәрдемақы мөлшері де өзгеріске ұшырады. 1-ші балаға 12217 теңге, 2-ші балаға 14445 теңге, 3-ші балаға 16650 теңге, 4-ші және одан да көп балаға 18877 теңге көлемінде бала күтімі жәрдемақысы тағайындалады.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері (асыраушысынан айырылуына, мүгедектігіне байланысты) 25 пайызға арттырылды.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 10.12.2015 ж. №986 қаулысына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен айрылуына және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлемдер 7 пайызға өсті.
— Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, төлемдер ай сайын белгілі уақытта төленіп отыр. «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығынан» қазіргі таңда 40-тан астам түрлі төлемдер жүргізіледі, — дейді аталған мекеменің Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қайрат Отаров.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button