ЖаңалықтарЭкономика

«СНПС — АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ» 700 миллион теңгеге жергілікті тауар өнімін сатып алады

Биыл «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жергілікті тауар өндірушілерден 700 миллион теңгеге өнім сатып алатын болды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтағы мұнай саласының алыбы —
«СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ компаниясымен жасалған жұмыста осындай тиімді нәтижеге қол жеткізді.
Палата өкілдерінің айтуынша, бүгінде тамақ өндірушілер үшін өнімді өткізуде кедергілер көп. Мұндай кедергілер көп жағдайда ет және көкөніс өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарының ісінде кездеседі.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ палатаның жергілікті өндірушілерді қолдау бастамасын құптап, тауарды тікелей сатып алуға мүмкіндік туғызды.
«Байқау өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше рет кездесу өткізілді. Біз байқау құжаттамаларын қарау кезеңінде бақылаушы ретінде қатыстық. Нәтижесінде, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамымен 700 миллион теңгеден астам сомаға шарттар жасалды», — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Владимир Сухорученко.
Енді арадағы келісімнің нәтижесінде «Рамазан» ЖШС компанияға жарма, ұн, макарон және жұмыртқа жеткізбек. «Тандем W» серіктестігі шұжық өнімдерін, «Пайда» шаруа қожалығы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етпек. Ал Ырғыздағы «Наурыз-СИМ» шаруа қожалығы мен аталған компания арасында балықпен қамтамасыз етуге келісім жасалса, «Рейімқұл» шаруа қожалығы үшін ет өткізудің мүмкіндігі туды.
Жылына отыз тоннадан артық балық өндіретін «Наурыз-СИМ» шаруа қожалығының басшысы Ибрагим Сәрсенбаев:
— Бұл біз үшін күтпеген жаңалық болды. Қытайлық мекемемен бірінші рет келісімшартқа отырдық. Облыстық кәсіпкерлер палатасының ықпалымен жасалған игі шараның арқасында біз секілді тауар өндірушілерге ісін жандандырудың әрі жеңілдетудің мүмкіндігі туды. Бұрын өнім өткізудің жолын өзіміз қарастырып, іздейтінбіз. Біз бұған дейін өз тауарларымызды қаладағы жабық мекемелерге конкурс арқылы өткізіп келдік, — дейді.
«Наурыз-СИМ» — балық өндірумен айналысатын облыстағы санаулы шаруашылықтардың бірі. Шаруашылық аталған мұнай компаниясымен бір жылға келісімшарт жасасыпты. Енді 10 қаңтардан бастап компанияның жұмысшы-қызметкерлерін сазан, мөңке балық, шортанмен қамтамасыз етпек.
— Кәсіпорын мен қожалық арасында 17 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Жыл бойы кен орындарына 35,5 тонна балық жеткізуіміз керек. Шаруашылық жылына осындай мөлшерде өнім өндіретін. Бұл біздің қажеттілігімізді толықтай өтейтін келісімшарт болды. Тасымалдау ісі өзімізге жүктелді. Балық тазартылған күйінде жеткізілуі шарт. Бұл — кәсіпорынның талабы. Енді сол тұрғыда жұмыс жасайтын боламыз, — дейді И.Сәрсенбаев.
Ырғыздан Ақтөбе қаласы арқылы Жаңажолға тасымалданатын балықтар арнайы техникамен аптасына бір рет жеткізілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button