Спорт

Артастың кезекті жеңісі

Еркін күрес

Еркін күрес шебері Артас Сана жақында Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ірі халықаралық турнирдің екінші рет жеңімпазы атанды. Бұл жарысты ФИЛА-ның Гран-При сериясы турнирінен кем түспейтін шағын әлем чемпионаты деп атайды екен.
— Шағын әлем чемпионаты деп атайтын себебі, бұл турнирге әлемнің ең мықты палуандары жиналады, — дейді № 4 БЖСМ директоры Болат Еңсепбаев. — Айта кету керек, Артас Санадан басқа қазақстандықтар бұл турнирде бұған дейін жеңімпаз тұғырына көтеріле алмаған. Осыдан-ақ турнир деңгейін білуге болады.
Таразда өткен биылғы турнирде ақтөбелік Артас бірінші іріктеу кездесуінде шымкенттік Бердах Пірімбаевты таза жеңді. Еуропа чемпионы, Ресей жастар құрамасының мүшесі Артыш Оолмен болған екінші белдесуін де 10:0 есебімен мерзімінен бұрын аяқтады. Шымкенттік тағы бір спорт шебері Ғабит Төлепбайдан 4:2 есебімен басым түсті. Жартылай финалда ресейлік әлем чемпионы Андрей Тускаевты 3:0 есебімен жеңді. Финалда Владимир Кудринді 11:1 есебімен жеңіп, алтын медаль иесі атанды. 57 келі салмақ дәрежесінде екінші, үшінші орындарға да қазақстандықтар Кудрин мен Төлепбай жайғасты. Айта кету керек, Сана қазақстандықтар арасында жалғыз жеңімпаз атанды.
Артастан басқа тағы екі ақтөбелік Тараздан мерейлі оралды. Ғани Ізмағамбетов пен Жүсіп Батырмырзаев қола жүлде тағып қайтты. Жүсіп үшінші орын үшін таласта шымкенттік палуанды таза жеңді. Жарақатына байланысты екі жыл үзілістен кейін кілемге жақында ғана оралған Ғани Ақтөбеде өткен Қазақстан Кубогінде барлық қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңген еді. Бұл жолы Таразда Ғани Лондон олимпиадасының жүлдегері Грузиядан келген палуаннан ғана жеңіліп қалды. Ал үшінші орын үшін белдесуде ұлттық құраманың бірінші нөмірлі палуаны Дәулет Шабанбайдан 10:4 есебімен басым түсті.
Болат Еңсепбаевтың айтуынша, бұл турнирге келген палуандардың жататын орны, тамағы үшін барлық шығынды турнирді ұйымдастырушылар өтеген. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер және олардың жаттықтырушылары едәуір ақшалай сыйлық алыпты. Мәселен, чемпион атанғандар медальмен қоса 5 мың, бапкері 3 мың доллар ақша алса, күміс, қола жүлдегерлерге тиісінше 3 мың, 1 мың доллардан берілген.
Алдағы жылы өтетін Олимпиадаға жолдаманы бұған дейін алып қойған Артас Сана (жаттықтырушысы Еркін Ізбасаров) жаңартылған әлемдік рейтингте жетінші орында тұр.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button