Спорт

Раиса БАЙЛИЕВА: Ащы термен келген жеңістің дәмі тәтті болады

Жуырда ғана Ресейде әмбебап күрестен өткен әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алған Раиса Байлиеваның арманы көп. Самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше мәрте Азия мен Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы, полиция майоры һәм бапкер «мені қартайды дейтіндер қателеседі, алар асуым әлі алда» дейді.

— Алдымен жақында ғана жеткен жеңісіңіз жөнінде айтсаңыз. Бұл белесті бағындыру қаншалықты қиын болды?
— Әрине, оңай болған жоқ. Ресей Федерациясының Калута облысына қарасты Медынь қаласында өткізілген додаға 38 елден 230-дан аса палуан қатысты. Осының өзінен-ақ оның қандай деңгейде болғанын бағамдай беріңіз. Біздің елден оған 15 спортшы аттанды, солардың барлығы намысты қолдан бермеуге барын салды.
Жарыстың ақтық сынында мен екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік спортшымен белдестім. Оны жеңу айтарлықтай қиын болды. Әрі бұл жолы 78 келі салмақта өнер көрсеттім. Дей тұрғанмен, барлық күш-жігерімді салып, айла-тәсілімді қолданып дегендей, оның жауырынын жер иіскеттім. Қанша айтқанмен, тәжірибенің өзіндік көмегі болады екен.
— Кезінде алғашқы алтын медальыңызға да осындай үлкен қажырлылығыңыздың арқасында жеттіңіз ғой?
— Әр нәрсенің өзіндік қызығы мен шыжығы болады деген рас. 33 жасымда да әлем чемпионатына қатысарда көп қиындықты бастан кешірдім.
Өзіңізге белгілі, спортпен айналысқаныма 20 жыл болса да, сол биік белесті бағындыра алмай, жүлделі орындарды ғана иеленіп жүргенмін. Дүбірлі додаларда күміс медальдан әрі аспаймын, көбіне-көп ақтық сында қарсыласыма жол беруге тура келетін. Әйтсе де, сол аралықта бағындырған асуым да осал емес еді: самбодан 3 дүркін Азия, 2 дүркін Орталық Азия, 16 дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Бірақ, алтын медальдың орны бөлек екен…
2007 жылы кезекті әлем чемпионаты Чехияның бас қаласында ұйымдастырылатын болды. «Осы жолы қалай да жеңіске жетемін» деп, жолға жиналып, жарысқа баруға бел будым. Өкінішке қарай, менің шашбауымды көтерісуге жанкүйерлерім түгілі, бапкерім де барған жоқ. Себеп — қаражат тапшылығы. Әрі көпшілігі менің мүмкіндігіме сенімсіздік білдіріп, алтыннан алқа тақпайтынымды айтып шуласты. Содан ешкімнің пікіріне құлақ аспай, жалғыз өзім Прагаға тартып тұрдым. Рас, спорттық сайыс оңай болмады, қатысушылардың саны да жетіп артылды. Әйткенмен, адам шынымен армандаса, соған жетпей қоймайды екен. 20 жылда бар білгенімді пайдаланып, моңғол, орыс, молдован қыздарын ұтып, соңғы айналымда 7:0 есебімен кубалық әріптесімді жеңдім. Осылайша, асқақ арманым бір-ақ күнде ақиқатқа айналды.
— Бір жылдары дзюдомен де айналысыпсыз…
— Иә, 1987 жылдан бері самбомен қатар, дзюдомен де айналыстым. Бірнеше жыл қатарынан ел біріншіліктерінен жеңімпаз да болдым. Бірақ бұл жерде де бапкерлер тарапынан әділетсіздіктер көрдім. Өзімнің салмағым 60 келі болса да, олар менің кемінде 10 келі салмақ арттыруымды талап етіп, кейіннен халықаралық жарыстарға қатыстырды. Нәтижесінде, үнемі жеңіліп қала беретінмін. Өзіңнен үлкендермен жекпе-жекке шығу оңай емес қой… Соның салдарынан денсаулығымның да біраз нашарлағаны жасырын емес. Барлығы да бапкерлердің қателігінен… Әңгіменің ашығы, жаттықтырушыларға «өзімнің салмағым 63 келі бойынша ғана жарысқа жіберсеңдер, сөзге келместен бағымды сынаймын» деген талап қойдым. Бұдан соң да бір реті келмей қойды… Жеңіліске ұшырағаныммен қоймай, жарақат алып, үйде біршама уақыт отырып та қалдым. Айтып-айтпай не керек, 2001 жылы дзюдодан біржолата қол үздім. Самбомен-ақ мақсатыма жетермін.
— Білуімше, бүгінде полиция майоры деген әскери шеніңіз бар екен.
— 1994 жылы облыстық ішкі істер басқармасының басшысы жұмысқа шақырып, өз ұсынысын білдіргені бар. Тума-туыстарым да кезінде осы салада қызмет еткен-ді. Сондықтан ұсынысқа бірден қуана келісіп, содан бері бұны да қоса атқарып жүрмін. Шүкір, реті келгенде бастығым жұмыстан босатып, түрлі жарыстарға жіберіп тұрады. Осы сәтті пайдаланып, барлық жұмыстастарыма алғысымды білдіре кеткім келеді.
— Спорт мектебінде де сабақ беретін көрінесіз. Бәріне қалай үлгересіз?
— Өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме білгенімді үйретіп, сабақ беру — менің ең сүйікті ісім. 1992 жылдан ұстаздық қызметімді жалғастырып келе жатырмын. Расын айту керек, осы қызметіме қызығушылығым ерекше. Өйткені өзгені самбоға баулып, өзің де жаттығасың… Болашағынан зор үміт күттіретін Эльмира Ысқақова, Индира Шакратова есімді шәкірттерім бар. Болашақта қыздарым тек республика көлемінде емес, әлемдік дәрежедегі байрақты бәсекелерде де чемпион атанады деген ойдамын.
«Қалауын тапса, қар жанады» демекші, ниет барда бәріне де үлгеруге мүмкіндік бар. Адам баласы сан қырлы ғой… Мәселен, жеке басым самбо мен дзюдодан бөлек, жүзу, мылтық ату мен шаңғы тебу және жүгірумен шұғылданамын. Аталған спорт түрлерінен алған медальдарым да аз емес.
— Құпия болмаса, спорттағы амал-тәсілдеріңізді өмірде қолданған кезіңіз болды ма?
— Әрине, болды. Ұмытпасам, алғаш рет 1995 жылы қолдануға тура келді. Кешке таман жаттығу залынан шығып, үйге жаяу қайтып келе жатқанмын. Кенет екі жағымнан екі жігіт шығып, «ақша бермесең, көрсетеміз саған!..» демесі бар ма?! Олар «көрсетем» дегенше, екеуінің қолынан қатар ұстап, лезде жерге қарай лақтырғаным бар. Өздері де күтпесе керек, аң-таң болуы былай тұрсын, ләм-мим деуге жарамай, қаша жөнелді. Шынымды айтсам, сол кезде самбодағы әдіс-әрекетімді оқыстан қолданған болатынмын. Негізінен, «приемдарды» қарапайым өмірде емес, бозкілемде ғана кәдеге асырғанды жөн көремін. Бірақ кейде «аюға намаз үйреткен таяқ» дегенге де келіспеске лажың жоқ…
— Жалпы, сөзіңізге қарасам, әділетсіздікті көп көрген сияқтысыз…
— Өте көп көрдім. Жамандағаным емес, өзгені айтпағанда, өзіміздің төрешілер талай әділетсіздік көрсетті. Бір ғана мысал, 2004 жылы Оралда Азия чемпионаты өткізілді. Сол додада барлық кездесуде оқ бойы озып шығып, ішімнен «бұл жолы менен мықты самбошы жоқ» деп ойлағанмын. Қысқасы, жеңіс менікі екенін сездім. Дегенмен, сол кездегі бас бапкер орта жолдан орныма басқа қызды жіберіп, мені еш себепсіз жарысқа қатыстырмай қойды. «Аға, ұтатыным анық қой, неліктен мені алып тастадыңыз?!» деп сұрақ қойғанымда, тіс жармастан бұрылып кете берді. Сенесіз бе?! Мен де уақытты текке жібергенім жоқ, Ақтөбедегі жаттықтырушым Асылбек ағайыма хабарласып, мән-жайды жылап тұрып жеткіздім. Шыны керек, сол уақытта менен шарасыз әрі қорғансыз адам жоқ еді… Өзіңнің мықты екеніңді біліп тұрып, турнирден тыс қалу — спортшыға ауыр соққы. Бапкерім келесі күні чемпионатқа өзі алып-ұшып келіп, мені ақыры қатысушылардың тізіміне қайта қосты. Сол кезде еш қиындықсыз моңғолдық әріптесімді жеңіліске ұшыратып, 60 келі бойынша алтын медальді еншіледім. Бір қызығы, менен басқасының барлығы жоғары нәтиже көрсете алмады. Алғашында менің орнымды тартып алғысы келіп, кейін бас бапкер арқылы жарысқа қатысқан әлгі қыз үздік үштіктен де көрінбеді… Сонда қуаныштан көзіме жас үйіріліп, атойлағанымды әлі күнге ұмытпаймын. Бәрінен бұрын, әділетсіздік құрбаны бола жаздағаныма қарным ашты.
— Сонда сол бұл шешімге не себепті келді деп ойлайсыз?
— Жалғыз ол ғана емес, көбісінің айтатыны — «спорттағы карьераң аяқталды». Сол-ақ. Бәзбіреулердің жасымның 30-дан асқанын сылтау етіп, бірқатар жарыстарға қатыстырмай қойды. Бір сөзбен айтқанда, «жастарға жол бер» дейді. Сөзге келместен бір емес, бірнеше мәрте дайындығым жақсы бола тұра, жастардың қадамына қарсылық танытпадым. Алайда солардың барлығы қанжығасына үшінші орынды да байлай алмай жүр. Бұл — шындық. Сондықтан тәжірибемнің мол екендігін айтып, әлі де болса жалауымызды жоғарыдан желбірететінімді айтудан жалыққаным жоқ. Әлі талай жетістіктерге жететініме сенімдімін.
— Неше жасыңызға дейін үлкен спортта жүрмексіз?
— Оны бір Құдай біледі. Меніңше, қазіргі кезең — көрген-білгеніңді жүзеге асыратын уақыт. Оның үстіне, өз басым күніне үш рет жаттығумен айналысып, «формамды» сақтау үшін бар уақытымды спортқа арнаймын. Жалпы, спортта жастың мән-маңызы шамалы. Неге десеңіз, барлығы да адамның өзіне тікелей байланысты дер едім. Мәселен, бір шетелдік нәзік жанды желаяқ 45-ке келсе де, спорттан кеткісі жоқ. Тіпті жазғы Олимпиада ойындарына қатыспақ ойы да бар…
— Сіздің ойыңызша, спортшы үшін кәсіби дайындық маңызды ма, әлде сәттілік пе?
— Өзімнің сәттіліктің арқасында ешқашан жеңіске жетпегенім анық. Қайта маған көбінесе сәтсіздік серік болды… Жетістіктерімнің барлығы — ерен еңбегімнің жемісі. Әйтсе де, ащы термен келген жеңістің дәмі қашанда тәтті болады екен.
— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button