Билік

Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттің бүгінгі басшысы ғана емес, елдің, ұлттың көшбасшысы

Дархан Кәлетаев:

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев дүйсенбі күні журналистермен кездесуінде: «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойғы президенттігі мәселесін кең ауқымды мағынада қарастыру қажет», – деп мәлімдеді.

«Бұл туралы ұсыныс төменнен түсіп жатқандықтан, біз бұл мәселені қолдаймыз. Бірақ оны кең ауқымды мағынада қарастыру қажет. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттің бүгінгі басшысы ғана емес, ол елдің, ұлттың, халықтың көшбасшысы екені ақиқат. Сондықтан мұндай контекстегі мәселе, оның өмірбойғы президенттігі мәселесімен шектелмеуі қажет», – деді Дархан Кәлетаев журналистер сауалына берген жауабында.

Д.Кәлетаев, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыруға сіңірген еңбегі негізінде 2000 жылғы шілденің 20-сында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық Заң қабылданғанын атап өтіп, бұл сұрақты заңнамалық тұрғыда қарастыруға әбден болатынын жеткізді. «Менің ойымша, «ҚР Тұңғыш Президенті туралы» Заңның аясында «Ұлттың көшбасшысы туралы» Конституциялық заңды қабылдау туралы ұсыныс түсіруге болады. Бұдан кейін, Қазақстанның қазіргі Президентінің өкілеттіліктерін айқындау, тіпті қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелерін де қарастыруға болады», – деп аяқтады сөзін Д. Кәлетаев.

ҚР Парламенті сенатының вице-спикері Александр Судьин де кеше журналистерге өзінің Дархан Калетаевтың пікірін қолдайтынын мәлім етті. Вице-спикер «Ұлттың көшбасшысы туралы» Заң қабылдау мәселесі кең түрде талқылануы тиіс деп есептейді. Ал жеке өз пікіріне келсек, Александр Судьин Қазақстанға «Ұлттың көшбасшысы туралы заң» қажет деп санайды.

Ал сенатор Оралбай Әбдікәрімовтің пікірінше, бұл мәселе жалпыхалықтық референдумда шешілуі тиіс.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан жемқорлықпен күреске бағытталған халықаралық конференция кезінде журналистерге берген сұхбатында сенатор Әбдікәрімов: «Бұл мәселені бірінші кезекте Елбасының өзінен сұрау керек. Бұл ұсынысқа ол кісі келіседі ме екен? Президент бұған келісе қалған күнде, менің пікірімше, мәселені жалпыхалықтық референдумда шешу қажет. Бұл ретте бізге қандай да бір заңдар қабылдап жатудың қажеті жоқ. Мәселені тек референдум ғана шешуі тиіс. Бұл нағыз демократиялық елге тән әрекет болмақ» – деді.

52 бағдарлама күшін жояды,

орнына – 4 басты құжат

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевті қабылдады.

Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XII кезектен тыс съезінде Президенттің Үкіметке берген Қазақстанның инновациялық индустрияландыруы жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы аралық есеп берді.
Осыған байланысты бірнеше бағыттар бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. «Қазақстан – 2030» стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылатын еліміздің жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамуының бесжылдық бағдарламасы әзірленуде. Әзірленіп жатқан 2010 – 2020 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасы жаңа құжат болып табылады. Өңірдің базалық ресурстары мен инфрақұрылымының дамуын байланыстыратын ұтымды өндіріс қуатын орналастыру схемасын құру – маңызды бағыт.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда 52 бағдарлама қолданыста бар. Олар әртүрлі уақытта қабылданған, әрі инфрақұрылыммен, құралдармен тиісінше қамтамасыз етілмеген. Президент жіберілген барлық кемішілікті жоюға тапсырма берді. Барлық 52 бағдарламаның күшін жоямыз, ал бізде 4 басты құжат қалады. Жылдың соңында біз Мемлекет басшысына оларды бекітуге ұсынуға тиіспіз, – деді Ә.Исекешев.

Елбасы Въетнам премьер-министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-Министрі Нгуен Тан Зунгті қабылдады.

Кездесу барысында екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жоспарлары талқыланып, осы мақсатта қажетті келіссөздерді – құқықтық базаны құрудың маңыздылығы атап өтілді.
Дүниежүзілік банк пен халықаралық валюта қорының бағалауынша, Вьетнам – соңғы бірнеше жыл бойына әлемде экономикасы анағұрлым үдемелі дамыған мемлекеттердің бірінші ондығына енген және 2009 жылы да жағымды экономикалық өсімі сақталып отырған ел.
Осыған байланысты Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көшбасшылардың бірі болып табылатын Въетнаммен көптарапты байланысты нығайтуға едәуір мән береді.
2008 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Въетнам арасындағы тауар айналымы 96,1 миллион долларды құрады, 2009 жылы қаңтар-шілдеде аталған көрсеткіш 60 миллион долларға жетті. Кездесу барысында Қазақстан-Вьетнам сауда-экономикалық өзара іс-қимыл деңгейі әзірге екі елдің қолда бар мүмкіндіктеріне сәйкес келмейтіні атап өтілді.
Президент екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ресми делегация құрамында Қазақстанға келген үлкен топ, вьетнамдық іскерлік құрылым өкілдері маңызды үлес қосатынын атап өтті.

Ал сейсенбі күні Астанада Нгуен Тан Зунгпен жүргізілген келіссөздерден кейін өткен брифингте Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Вьетнам Социалистік Республикасының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған еді.

«Қатаң әрі әділетті заңдар және олардың орындалуы қажет»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлыққа қарсы тұру үшін ең алдымен қатаң әрі әділетті заңдар және олардың орындалуы қажет деп есептейді. Президент бұл пікірін кеше Астанада ашылған Халықаралық жемқорлыққа қарсы конференция кезінде жария етті.

«Тұтастай алғанда, біз Қазақстанда жемқорлықпен күресте пайдалы тәжірибе жинақталды деп есептейміз. Біз әрқашан да өзіміздің шетелдік әріптестермізбен барлық мәселелер бойынша диалогқа ашықпыз. Біз өзіміздің тәсілдерімізді бөлісуге, әлемнің өзге елдерінің жемқорлықпен күрестегі табысты тәжірибесін зерттеуге және қолдануға дайынбыз. Біздің тәжірибеміз бірнеше маңызды шарттарды орындау арқылы бұл індетке табысты қарсы тұруға болатынын айтады. Біріншіден, қатаң әрі әділетті заңдар және олардың орындалуы қажет», – деді конференцияда Мемлекет басшысы.

Елбасы: «Бұл бағытта біз бұдан былай да өзіміздің құқықтық базамызды, соның ішінде әлемдегі өзге елдердің бай тәжірибесіне арқа сүйей отырып, жетілдіретін боламыз», – деп атап көрсетті.

Президент жақында өзінің Жарлығымен бекітілген Құқықтық саясат тұжырымдамасы Қазақстандағы жемқорлықтың туындауына ықпал ететін шарттардың себептерін жою жөніндегі бірқатар міндеттерді қамтитынын атап көрсетті. «Және біз заңнамада жемқорлар үшін бірде бір мүмкіндік қалмауы үшін барлығын жасайтын боламыз. Үкіметтік және жергілікті шенеуніктер жұмысының ашықтығы, мөлдірлігі, бұқаралық ақпарат құралдары үшін компаниялардың да, бизнестің де барлық іс қимылдарының  қолжетімділігі қажет», – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Рақымшылық қажет…

Кеше ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Ғани Қасымов Қазақстанның ЕҚЫҰ‑ға төрағалығы қарсаңында елімізде рақымшылық шарасы жүргізілуі қажет деген пікір айтып, осы мәселе бойынша Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

«Келесі жылдың қаңтарынан бастап біздің еліміз ЕҚЫҰ‑ға төрағалық ететіні белгілі. Бұның өзі осы миссияны жүзеге асыратын барлық мемлекеттік билік институттарына ерекше жауапкершілік жүктейтін болады. Сондықтан да, біздің қызметімізге қарай сынның мейлінше аз айтылу жақтарын қарастыра беру қажет. Осыған байланысты  Үкіметтен орташа ауыр және жеңіл қылмыстарына орай сотталған ел азаматтары үшін рақымшылық жүргізу мәселесін қарастыруды сұраймын», – деді сенатор. Ғани Қасымовтың пайымдауынша, еуропалық қауымдастық бұндай қадамды адам құқы мен бостандығын қорғау саласындағы қазақстандық қоғамды демократияландырудың мемлекеттік саясаты ретінде жақсы қабылдайды.

Отырар халықаралық туризм орталығына айнала ма?

Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында үш жылдық бюджеттен тиісті қаржы бөлінуі тиіс.

Кеше ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов осындай мәселе көтерді.

«Еліміздегі тарихы терең, әулие-әмбиелері көп Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыстанбаб кесенесі орналасқан Отырар ауданына зиярат жасаушылар мен туристер саны жыл сайын еселеп арта түсуде. Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған Үкіметтің 2004 жылғы «Көне Отырардың қайта өрлеуі  туралы» қаулысы негізінде, туристік инфрақұрылымдарды салу үшін 176,2 гектар жер бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттар жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Тиісті құжаттар қазір Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне тапсырылған. Жоспарланған нысандар бойынша құрылыстың жалпы құны  4,5 млрд. теңгені құрап, оны игеру екі кезеңге есептеліп отыр. Бірінші кезеңде, яғни, 2010 жылы игерілетін қаражат мөлшері – 1 млрд. 650 млн. теңге. Екінші кезеңде, яғни 2011 жылы  1 млрд. 426 млн. теңге игерілуі тиіс. Қалған 1 млрд. 424 млн. теңгеге есептелген нысан құрылыстарын инвесторлар қаржысымен жүзеге асыру жоспарланып отыр», деді депутат.

Осыған орай, Қ. Айтаханов елімізде туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында әрі Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында, 2010-2012 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджеттен 3 млрд. 76 млн. теңге қаржы бөлуді сұрады.

ҚазАқпарат агенттігі және «Ақорда» сайты материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Ассаламуалейкум, қадірлі Ақтөбеліктер!
    Сіздердің облыстарыңыз тарапынан әркез қолдау сезініп келеміз, Алла разы болсын!
    Елбасымыз Нұрсұлтанның анасы Әлжан Ана атындағы қыздар Медресесі құрылысына Аллаһ разылығы үшін жасалып жатқан рухани қолдауларыңызға Аллаһ разы болсын! Сіздердің еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
     
    Құрметпен, Айша хажы . Әлжан ана Медресесі құрылысынан.

  2. БИСМИЛЛАҺИР РАҺМАНИР РАҺИМ!
    ДАРХАН КАЛЕТАЕВ МЫРЗАНЫҢ ЖАЗҒАН ДҮНИЕЛЕРІ КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ, ӨТЕ ОРЫНДЫ ПІКІРЛЕРІ БОЛАШАҚҚА, ЖАҚСЫЛЫҚҚА ДЕГЕН СЕНІМДІ ОРНЫҚТЫРАДЫ, ИНШАЛЛА! АЛ ЕЛБАСЫМ ТУРАЛЫ ІЗГІ ПІКІРЛЕРІ АЛЛАХТЫҢ ҚОЛДАУЫНДА БОЛСЫН!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button