Спорт

Ақырғы сынның алдында

Премьер-Лига

31-турда сырт алаңда жеңіске жеткен «Қайрат» чемпиондықтан үміт үзбейтінін нықтап, «Астана» футболшыларының көңілін күпті етіп қойды. Жалпы бұл турда өз алаңдарында «Ақтөбе» мен «Ордабасының», сырт алаңда «Ертіс» пен «Қайсардың» жеңіліске ұшыраулары чемпиондық тәжден басқа мәселелерді біржола орнына қойып берді. «Ақтөбенің» биыл қола медальмен қанағаттануға мәжбүр болатыны анықталды. «Ордабасы» Еуропа Лигасының іріктеу ойындарына қатысу мүмкіндігін уыста ұстап қалды. Сондай-ақ «Қайсардың» келесі жылы бірінші топқа түсетіні, ал «Жетісу» Премьер-Лигада қалу үшін бірінші топтың жеңімпазымен күш сынасатыны мәлім болды.
31 қазан күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдады.
Әуелгіде жерлестеріміз чемпиондықтан дәмесін үзе қоймаған алматылықтарға еркіндік бергендей көрініп, сондай шақтарда оларды тұтқиыл қарсы шабуылдармен опындыруға тырысып бақты. Бірақ бұл тәсіл нәтиже әкеле қоймады. Мысалы, 5-минутта-ақ Дидар Жалмұқан қақпашымен жеке шығуға болатын оңтайлы сәтті пайдалана алмай қалды. Одан соң да сол өкініш жалғаса берді. Маркос Пиззелли тепкен допты қақпашы сыртқа қағып үлгерді. Айоделе Аделейенің соққысынан соң доп қақпа діңгегін жалап өтті. Тіпті соңғы 10 минут шамасында іске шындап кіріскен «Ақтөбе» шабуылды тым үдете түскенімен «Қайраттың» қорғаушылары аса абыржымады, Маркос Пиззеллидің қауіпті дерліктей соққысын Владимир Плотников қақпаға дарытпады.
Екінші таймда қонақтар күшке мінді. Сержиньоны біздің қорғаушымыз айып алаңында шалып құлатты да, он бір метрлік айып добы белгіленді. Допты төреші Артем Кучин әлдебір себептермен екі қайтара тепкізгенімен Сержиньо екеуінде де қателескен жоқ — 0:1.
Ақтөбеліктер есе қайтаруға тырысқандай болды, тайлы-таяғымен шабуылға көшті. Бірақ бұл шабуылдар берекесі шамалы қарсылық еді, оның үстіне шабуылды «Қайраттың» ойыншылары да ұмыта қойған жоқ болатын. Сондай сәттердің бірінде, 85-минутта Джордже Деспотович қақпаға тура тепкен допты, обалына не керек, Стас Покатилов кейін серпіген болатын, бірақ әлдеқайдан сап ете түскен сол баяғы Сержиньо жібек торды бүлк еткізді — 0:2.
Бұдан соң жағдай белгілі болып та қалғандай еді. Дегенмен ақтөбеліктер жандәрмен қимылға көшіп, қонақтарды тықсырғысы келді-ақ. Бірақ барлығы да оңбай қателесті, бұлар бірін-бірі түсінісе алмай қапылып жүрген шақта «Қайраттың» шабуылшысы Деспотович аяғына орала қалған допты қақпадан тым алыстап кеткен Поктиловтың үстінен асыра теуіп, нысананы дәл көздеді — 0:3.
Биылғы чемпионат барысында «Ақтөбе» өз алаңында бірінші рет осылайша ірі есеппен ұтылды.
«Қайрат» Ақтөбе қаласында өткен кездесулерде 11 жыл бойы, 2004 жылдың 15 қыркүйегінен бері жеңіске жете алмай келген екен. Бірақ бұл статистика ақтөбелік жанкүйерлерге жұбаныш бола алар ма екен?!
Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері Йоан Андоне өз алаңымызда өткен соңғы ойынның, әсіресе, екінші таймы тым сәтсіз болғанын, футболшылар соншама салқын ауа райына қарамастан стадионға келген жанкүйерлеріміздің алдында ұятқа қалғанын айтты. Бұл сөз де жұбаныш болмаса керек.
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 0:3
Гол авторлары: Сержиньо, пенальти, 53-минут (0:1); Сержиньо, 85-минут (0:2); Джордже Деспотович, 88-минут (0:3).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин (Асхат Тағыберген, 69-минут), Евгений Левин, Артурас Жулпа (Данило Сирино, 65-минут), Чиприан Дяк, Юрий Логвиненко (капитан), Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 80-минут), Сергей Хижниченко.
«Қайраттың» құрамы: Владимир Плотников, Тимур Рудосельский, Зәуірбек Плиев, Бруно Соарес, Жарко Маркович, Михаил Бакаев, Сито Риера (Джордже Деспотович, 81-минут), Исламбек Қуат (Аслан Дарабаев, 90-минут), Сержиньо, Ұлан Қонысбаев (Бауыржан Исламхан, 66-минут), Анатолий Тимощук (капитан).
Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 8000 адам.
* * *

Басқа кездесулер:
«Астана»-«Ертіс» — 1:0
Гол авторы: Таңат Нөсербаев, 57-минут (1:0).
Астана. «Астана Арена» стадионы. 2600 адам.
«Ордабасы»-«Атырау» — 0:1
Гол авторы: Владимир Аржанов, 30-минут (0:1).
Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 2500 адам.
«Жетісу»-«Қайсар» — 2:1
Гол авторлары: Алдан Балтаев, 13-минут (0:1); Эльбейи Гулиев, 79-минут (1:1); Душан Савич, 90+5 минут (2:1).
90+4 минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін, дәлірек айтқанда, әріптесіне қол жұмсағаны үшін Давронжан Эргашев («Жетісу») пен Фархадбек Ирисметов («Қайсар) жасыл алаңнан қуылды.
Талдықорған. «Жетісу» стадионы. 2000 адам.
«Шахтер»-«Тараз» — 3:0
Гол авторлары: Михрет Топчагич, 5-минут (1:0); Андрей Карпович, 57-минут (2:0); Владислав Васильев, 59-минут (3:0).
Қарағанды. «Шахтер» стадионы. 1000 адам.
«Тобыл»-«Оқжетпес» — 1:0
Гол авторы: Игорь Юрин, 22-минут (1:0)
Қостанай. Орталық стадион. 2000 адам.

ОЙЫН КЕСТЕСІ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Астана 31 19 7 5 54-26 43
2 Қайрат 31 19 7 5 58-19 42
3 Ақтөбе 31 15 9 7 35-24 32
4 Ордабасы 31 12 10 9 32-29 29
5 Ертіс 31 10 10 11 37-38 25
6 Атырау 31 10 12 9 30-33 24

7-12 орындар

7 Тобыл 31 12 6 13 32-40 30
8 Оқжетпес 31 11 6 14 35 -41 26
9 Тараз 31 10 7 14 24-32 25
10 Шахтер 31 9 5 17 27-46 23
11 Жетісу 31 7 6 18 26-46 19
12 Қайсар 31 4 11 16 19-35 15

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 9 гол;
Данило Сирино (шабуылшы) — 6;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 (1);
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;
Чиприан Дяк (жартылай қорғаушы) — 1 (1).
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 16 ойында 8 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 3 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 15 ойында 7 рет ұтып, 4 рет тең түсті, 4 рет ұтылды.
Биылғы чемпионатта 22 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») мергендер көшін бастап келеді.

32-турдың ойындары

Соңғы 32-турда 8 қараша күні, жексенбіде «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі
Басқа кездесулер:
8 қараша
«Қайрат» — «Ордабасы»
«Атырау» — «Ертіс»
«Жетісу» — «Тобыл»
«Оқжетпес» — «Шахтер»
«Тараз» — «Қайсар»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button