Басты жаңалықтарСпорт

Финалға екеуі жетті…

Соңғы он күннен бері бокс жанкүйерлерінің назары Катар астанасы Дохаға ауған. Осында өтіп жатқан XVIII әлем чемпионаты бүгін аяқталып, барлық жеңімпаздардың есімдері белгілі болмақ.
Биылғы жарысқа құрамалар боксшыларды тиесілі жолдама санына сәйкес апарды. Бірде-бір елдің командасы 10 салмақ дәрежесі бойынша толық құрамда барған жоқ. Қазақстаннан 8 боксшы қатысты.
Соңғы жылдары қазақ боксшылары барлық ірі жарыстардың финалына 6-7 адамнан шығып келген еді: 2013 жылғы Азия, әлем чемпионаттарын, 2014 жылғы Азия Ойындарын және биылғы қыркүйекте Таиландта өткен Азия чемпионатын еске алыңыз. Бұл жолы да Дохаға кеткен сегіз ұлдың жартысын финал болмағанмен, тым құрығанда, жартылай финалдан көреміз деп сенгенбіз. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов та осы жолы алға қойылған мақсат — 2 алтын, 4 жолдама екенін айтқан. Айтжановтың «арық айтып, семіз шығуға» тырысатынын да білетінбіз. Дегенмен…
Дохаға барған 8 боксшының екеуінің — Қайрат Ералиев (56 кг) пен Зәкір Сафиуллиннің (60 кг) ширек финалға да жете алмағанына жанкүйерлер, расы керек, аса қиналған жоқ. (Зәкірдің салмағында Рио Олимпиадасына жолдаманы әлдеқашан алып та қойған болатынбыз. Жолдама — өткен жылы АРВ жобасы бойынша чемпион атанған Берік Әбдірахмановтың еншісінде.) Ал, ширекфиналдық жекпе-жектердің алғашқы бөлігі өткен 10 қазан нағыз сәтсіз күн болды: рингке төрт қазақ боксшысы — Олжас Сәттібаев (52 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Василий Левит (91 кг) шығып, төртеуі де жеңілді. Олардың қай-қайсысынан да жүлде күткен болатынбыз. Азия чемпионы Олжас Сәттібаев — қытай боксшысынан, 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы — ирландиялық, WSB чемпионы Василий Левит — украиналық боксшыдан ұтылса, ал кеше ғана AIBA 2015 жылдың ең үздік боксшысы атаған, 2011 және 2013 жылдардағы әлем чемпионы, кубалық Хулио Ла Крустың: «Өз салмағымда маған лайықты қарсылас болатын бір ғана боксшы бар, ол — Әділбек Ниязымбетов» — деп жүрген Әділбегіміз өзбек боксшысына есе жіберді. Тек 11 қазанда шыққан екі боксшымыз — Данияр Елеусінов (69 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) ғана жартылай финалға жолдама алды.
Сөйтсе де, қазақ жанкүйерлерінің бұл әлем чемпионатын сәтсіз санауына болмайды: соңғы аталған екі боксшымыз финалға шығып отыр.
13 қазанда өткен жартылай финалда Данияр —әзірбайжан Парвиз Багировты, Иван өзбек Бахадур Жалоловты жеңді. Бүгін, біріншіліктің соңғы күнінде, финалдық жекпе-жектердің екінші бөлігі өтіп, рингке біздің боксшыларымыз да шығады. Даниярдың қарсыласы — марокколық Рабил Мохаммед, ал Иванның қарсыласы — француз Йока Тони. Еншімізге екі жеңіс жазылғай!

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button