Білім

Жаңа оқу жылына дайынбыз!

Жаңа оқу жылында облыстағы 427 мектепте 120 мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың 16 мыңға жуығы — 1-сынып оқушылары.
Облыс бойынша мектептерде 16 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді.
Қыркүйектің 1-і күні барлық жалпы білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиындар, тәрбие сағаттары өткізіледі.
Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай? Қанша мектеп еңсе тіктейді? Үш ауысымды, апатты жағдайлардағы мектептердің проблемасын шешуде қандай шаруалар тындырылып жатыр? Оқулықпен қамту, отынмен қамту мәселелері шешілді ме? Біз облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратовамен облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы әңгімелескен едік.

Басты ерекшелік — жаңа жүйе

— Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі — еліміздегі 30 мектепте жаңа білім беру стандарты енгізілді. Соған байланысты біздің облыстағы екі мектептің 1-сынып оқушылары 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алады. Бұл білім шаңырақтары: Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия және қалаға қарасты Жаңақоныс ауылындағы Новый орта мектебі. Жаңа жүйе бойынша 1-сыныпқа 357 бала қабылданады деп жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.
Деректерге сүйенсек, жыл өткен сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың саны артып келеді. Мысалы, өткен оқу жылында 14 118 балдырған 1-сыныпқа барған болса, биылғы оқу жылында 16 мыңға жуық бала мектепке барады.

Қаржыландыру:
Құрылыс пен күрделі жөндеу

Биылғы жылы 12 білім беру ұйымы ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 8-і — мектеп, 4-еуі — балабақша.
Бес мектепті 1-қыркүйек — Білім күні ашу жоспарланып отыр. Олар: Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №1 мектеп, Байғанин ауданындағы Тобық Жармағамбетов атындағы мектеп, Алға ауданындағы Бесқоспа мектебі және Ақтөбе қаласындағы Жаңақоныс пен Өрлеу ауылдарындағы мектептер.
— Соңғы жылдары облыс орталығына өзге өңірлерден, ауылдардан көшіп келушілер көбейді. Соған байланысты кейбір мектептерде орын тапшы. Мысалы, Жаңақоныстағы Новый орта мектебі (600 орын ) мен Өрлеу ауылындағы мектеп (270 орын) орын тапшылығына байланысты салынып жатыр, — дейді басқарма басшысы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуді міндеттеген болатын. Осы мақсатта облыста біраз шаруа қолға алынды. Бұл туралы Жанат Самұратова былай дейді:
— Жалпы облыста 4 апатты жағдайдағы мектеп бар. Олар: Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №1 мектеп, Қандыағаш қаласындағы №1 мектеп, Байғанин ауданындағы Тобық Жармағамбетов атындағы мектеп пен Қарғалы ауданындағы Әлімбетов ауылындағы мектеп. Бұл білім ошақтарының екеуінің мәселесі жаңа оқу жылында толық шешіледі. Ембі қаласында жергілікті бюджеттің қаржыландыруымен 320 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Байғанин ауданында республикалық бюджет есебінен 300 орындық мектеп ашылады. Бұл мектептің жанынан 60 орындық интернат та салынып жатыр.
Апатты жағдайдағы Қандыағаштағы №1 мектептің мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжат (600 орындық) дайындалды. Қарғалыдағы Әлімбетов ауылындағы мектептің де құжаттары әзір. Бұл екі мектепті де 2016 жылы салу жоспарланып отыр. Сонда біздің облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі келесі жылы толық шешіледі деп айтуға болады.
Облыста 2013-2014 оқу жылында үш ауысымда білім беретін 6 мектеп болған-ды. Былтыр №56, №55, №49 мектептер ашылып, үш ауысымда сабақ беретін мектептердің (12-шағын аудандағы №51 мектеп-гимназия, Заречный-4 елді мекеніндегі №50 және Ақжар-2 ауылындағы №45 мектеп) проблемасы шешілді.
Қазір Ақтөбе қаласында үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектеп бар. Олар: №18, №15, №53 білім шаңырақтары.
— Бүгінде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында Ұлттық қордың қаржыландыруымен 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Жақында Заречный-3 елді мекенінде 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Бұл екі мектеп пайдалануға берілгенде Қарғалыдағы №53 мектептің мәселесі шешіледі. Кірпішті ауылында бой тіктеп жатқан 320 орындық мектеп аталған ауылдағы №18 мектептің мәселесін шешеді. №15 мектептің маңынан бастауыш мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді мемлекеттік сараптамадан өткізуге жіберіледі. Сөйтіп, болашақта бұл мектептің де мәселесі толық шешіледі, — дейді облыстың бас мұғалімі.
Биылғы жылы күрделі жөндеуге 928 миллион теңге бөлініпті. Оның 560,7 миллион теңгесі — жергілікті бюджеттен, қалғаны — республикалық бюджеттен берілген. Бұл қаржыға жалпы 28 білім беру нысанына күрделі жөндеу жоспарланған. Олардың он бесі — мектеп. Қазір мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Оқулық

Жаңа оқу жылында 4, 5, 6,11-сыныптарға арналған оқулықтар жаңадан жарық көреді. Соған байланысты біздің облыстың мектептеріне 260 мыңнан астам оқулық, әдістемелік құралдар сатып алынады.
— Оқушыларға оқулықтарды сатып алу және тасымалдау үшін 207,9 миллион теңге бөлінді. Қазір оқулықтар аудан орталықтарына жеткізілді. Тамыздың 25-іне дейін мектептердің бәріне таратылып болады.
Жалпы оқулық сатып алу мақсатында «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Арман ПВ», «Бөбек» баспаханаларымен 60 келісім жасалды, — дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, облыс мектептерінің оқулықтармен қамтылуы — 81 пайыз.
— Қала мектептерінде бала өте көп. Облыс орталығындағы 69 білім шаңырағында 55 мыңнан астам бала білім алады. Сол себепті, негізгі мәселе Ақтөбе қаласында болып тұр. Әзірге тапсырыс бойынша алынған және мектеп кітапханаларындағы оқулықтар ең алдымен көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға таратылады. Олардан ауысқаны жеткенінше басқа балаларға беріледі .
Қала оқушыларын оқулықпен қамту үшін тағы да қаржы көздері қарастырылып жатыр. Бұл мақсатта 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінуі мүмкін, — дейді Жанат Самұратова.
Оқулықтар бағасы сыныптарға, баспаларға байланысты әртүрлі. 1-сыныпқа арналған негізгі 8-11 оқулық бар. Бұл сыныпқа арналған оқулықтарды дәптерлерімен қоса есептегенде 8 мың теңге тұрады. 11-сыныпқа арналған негізгі оқулық саны — 22. Құны — 15-20 мың теңге.
— Баспалардың Ақтөбедегі лицензиялық дүкендерінде 11-сыныпқа арналған оқулықтар жиынтығын 15-18 мың теңгеге сатып алуға болады. Ал базарларда баға 3-5 мың теңгеге қымбат.
Салыстырып қарағанда, «Атамұра» баспасынан гөрі «Алматыкітап» баспасының оқулықтары қымбатқа түседі. Мысалы, «Атамұра» баспасының 4-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы 780 теңге тұрса, ал «Алматкітаптың» оқулығының құны — 1000 теңге. «Атамұра» баспасының «Әдебиеттік оқу» оқулығының бағасы — 790 теңге, ал «Алматыкітап» баспасының оқулығы — 1000 теңге.
Ағылшын тілі пәніне арналған оқулықтар, дәптерлер шетелде басылып, шетелден тасымалданатын болғандықтан, бағасы 3200-5500 теңге тұрады, — дейді Жанат Самұратова.

Отын

427 мектептің 76-сы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 283 мектептің автономды жылу жүйесі бар. Сонымен қатар 65 мектеп пешпен жылытылады. 3 мектепке электр қазандығы арқылы жылу беріледі.
— Мектептер жылу маусымына да дайын деуге болады. Қатты отын түрін «СнабСтройСервисРегион» және «Актас Билдинг» серіктестіктері жеткізеді. Ал сұйық отынмен «Файн Тред» және «Олимп Капитал» серіктестіктері қамтиды, — дейді басқарма басшысы.
Автономды жылу жүйесімен және пешпен жылытылатын мектептерге арнап
29 мыңнан астам тонна көмір, 4,4 мыңнан астам тонна сұйық отын сатып алу жоспарланыпты.
— Қазірдің өзінде отынның 70 пайыздан астамы әкелінді. Қалғаны қыркүйектің 1-іне дейін жеткізілетін болады, — дейді Жанат Самұратова.

280 маман ауылда еңбек етеді

Мектептерге маман жеткілікті ме? Ауыл мектептерінің жас мамандармен қамтылу көрсеткіші қандай? Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай жауап береді.
— Жас мамандарды жұмыспен қамтуда «Дипломмен— ауылға» бағдарламасының маңызы зор. 2015-2016 оқу жылына 318 педагог кадр қажет болды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Ақтөбе гуманитарлық колледжі түлектерімен біршама жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, 280 маман жұмысқа орналастырылды. Дегенмен, ауыл мектептері үшін әлі де болса 38 маман жетіспейді. Нақтырақ айтсақ, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 16 мұғалімі, ағылшын тілі пәнінің 5 маманы және 4 физик керек.
38 маман неге тапшы болып отыр? Өйткені, бұл пән мұғалімдері қажет мектептерде сағат саны аз. Сол себепті, жастар аз жалақы үшін ауылдарға барғысы келмейді. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұл мәселені зейнеткерлердің есебінен және көршілес мектептердегі пән мұғалімдеріне қосымша жүктеме беру арқылы шешеміз.
Облыс мектептерінде 16 639 мұғалім жұмыс жасайды. Олардың 83,8 пайызының жоғары білімі бар. Жоғары және бірінші санатты педагог кадрлардың саны — 6924 (41,6 пайыз), өткен жылмен салыстырғанда, бұл санаттардағы мұғалімдердің саны 303-ке өсіп отыр. Педагогтердің орташа жалақысы — 80 122 теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда еңбекақы 5 пайызға артық.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button