Білім

Қамқорлық пен қайырымдылық

«Мектепке жол» акциясы

 Дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл «Балаларға бірге көмек берейік!» ұранымен өткізіліп жатыр. 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акция аясында облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсетіледі.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұған дейін 7 жыл қатарынан ұйымдастырылып келген акция аясында республика бойынша 2 миллионға жуық балаға материалдық көмек көрсетілген. Оның ішінде біздің облыста 182 880 балаға 1 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек беріліпті. Сондай-ақ, демеушілер балалар үшін мектептерге компьютерлік сыныптар, жаңа модификациялық кабинеттер сыйлаған.

— Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы аясында біз облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында көмек көрсетіп, қолдау танытамыз. Жылдағыдай биыл да қайырымдылық акциясы 1 тамыздан бастап өз жалғасын тапты. Аталған шара аясында бүгінге дейін 1047 балаға материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 78 оқушыға 204 мың теңгеге қажетті оқу құралдары, мектеп формалары алып берілді. Сондай-ақ, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары да әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларының балаларына ерекше қамқорлық танытып, көмек көрсетуде, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шамшырақ Сайлагиева.

Оның айтуынша, биылғы жылы акцияны ұйымдастыру және оны сапалы өткізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың бекітуімен облыстық ұйымдастыру штабы құрылған. Штаб мүшелері акцияның өту барысын бақылап, жүргізілген қайырымдылық іс-шараларға қатыса алады. Сондай-ақ, акция барысында немқұрайлылық орын алған жағдайда, не болмаса балаларға сапасыз материалдық көмек көрсетілсе, жауапты мамандарға тәртіптік шара қолданылатын болады.

— Бүгінгі таңда балалар өмірінің сапасын жақсартуға, олардың шығармашылығын дамытып, қоғамдық белсенділігін көтеруге, әлеуметтік қамтамасыз етілуіне бағытталған шаралардың көптеп ұйымдастырылуы көңіл қуантады. Сондықтан қол жеткен игілікті іске қуана отырып, қайырымдылық іс-шараларды бір сәтке де саябырсытпауымыз керек. Осындай игі шараларды біз тек бір уақыт аралығында ғана емес, үнемі жүргізіп отыруға тиіспіз. Бұл балаларымыздың сапалы білім, жақсы тәрбие алуына қосатын біздің үлесіміз, — дейді Ш.Сайлагиева.

Жылдағыдай биыл да облысымыздағы барлық мемлекеттік мекемелер, «Қазмұнайгаз» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Емшан Emshan Co» компаниясы, «САРМАТ-Энерджи», «Тұран», «Шығыс Трейд Ақтөбе» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер балаларға жан-жақты көмек көрсетіп, белсенділік танытып жатыр. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, олардың ішінде 4-5 оқушыны жыл сайын мектепке дайындап, «шефтік» қызмет көрсететіндері де бар.

Ал акцияға жыл сайын жоғары деңгейде үлес қосып, белсене қатысатын Темір, Хромтау, Шалқар, Мұғалжар аудандары биыл да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, балаларға жаңа оқу жылына арнаған базарлықтарын үлестіріп жатыр.

— Біз жыл сайын акцияға белсене қатысқан аудандарды ерекше атаймыз. Бұл олардың алдымен, жасаған жұмыстарының жетістігін, нәтижесін бағалау болса, екіншіден, балаларға көрсеткен қамқорлықтарын көрсетіп отыру. Биыл бұлардан басқа аудандар да белсене атсалысады деп сенеміз. Әзірге алғашқы он күндік шаралар аясында Мәртөк және Мұғалжар ауданы белсенділік танытып отыр, — дейді бөлім басшысы.

Биыл акция барысында қадағалаусыз, панасыз қалған, тұрмысы қолайсыз отбасындағы балалар мен мигранттарды, сондай-ақ, жүйелі түрде оқудан қашатын оқушыларды анықтау мақсатында рейдтер өткізіледі. Сонымен қатар, оқымайтын немесе мектепке бармайтын мектеп жасындағы балалар есепке алынады.

Шамшырақ Сайлагиеваның айтуынша, биылғы жылы облыста аталған акция аясында 362 рейд жүргізілген. Ал акция өткізілген 7 жыл ішінде облыс аумағында 26 090 рейд ұйымдастырылған. Бекітілген мамандар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірігіп атқарған жұмыстары нәтижесінде балаларға қолдау көрсетіліп, кейбір ата-аналарға ескерту берілген.

— Ата-ана баласы үшін тікелей жауапты болғандықтан, олардың сабаққа барып, білім алуына жағдай жасауы қажет. Ал әлеуметтік жағынан көмек қажет болған жағдайда біз мектеп басшылығымен бірлесе отырып балаларға тегін оқулықтар, оқу құралдарын алып береміз. Не болмаса мемлекеттік мекемелер мен демеушілердің көмегімен оларға материалдық, не қаржылай көмектесеміз. Сондықтан, ата-аналар балаларының болашағына немқұрайлы қарамай, олардың толыққанды отбасында өмір сүріп, жақсы білім алып, қоғамда өз орнын табуына ықпал етуі керек, — дейді Ш.Сайлагиева.

 

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button