ЖаңалықтарСпорт

РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО: жолдамаға кімдер қол жеткізді?

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарына бір жыл уақыт қалды. Қазіргі күні Олимпиада жолдамасына алғашқы лекте ие болған 12 қазақстандық спортшының

аты-жөні белгілі.

 

Біздің мақтанышымыз

Олимпиада жолдамасына алғашқы болып қол жеткізгендердің бірі — Берік Әбдірахманов. Ол — Ақтөбе бокс мектебінің түлегі. 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Берік қазақстандық спорт жанкүйерлерінің назарына 2009 жылы Алматыда өткен Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық турнирде ілікті. Бұл турнирде ол алтын жүлдеге ие болған еді. Келесі жылы әскерилер арасында әлем чемпионы атанды. Ал ұлттық құрама сапына 2012 жылдың күзінде қабылданды. 2012 жылғы Қазақстан чемпионатының финалында Берік Әбдірахманов бір жыл бұрын әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Ғани Жайлауовты техникалық нокаутпен жеңген болатын. Нақ осы жеңісінен кейін бірнеше үлкен жетістіктерге қол жеткізді: 2013 жылы Азия чемпионы атанды; сол жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды; ал 2014 жылы жаңа APB жобасына қатысып, жекпе-жектерінің бәрін жеңіспен аяқтап, нәтижесінде финалға жолдама алды. Финал 2015 жылдың 30 қаңтарында өтті. Сегіз раундқа созылған жекпе-жекте Берік қарсыласы — өзбекстандық боксшы Хуршид Тожибаевты 3:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасына және AРВ чемпионы атағына ие болды.

2012 жылдан бері жарыстарға Маңғыстау облысының атынан шығып жүргенімен, Беріктің туған жері, боксшы ретінде тәрбиелеп-ұшырған ұясы — Ақтөбе. Мамандардың айтуынша, ол «тисе терекке, тимесе бұтаққа», оңды-солды соққы жұмсап, артық қимылдап, текке шаршайтын боксшылар қатарынан емес. Ойлы. Тәжірибелі. Соққысы ауыр. Бұйыртса, Берік Ақтөбе бокс мектебінің Олимпиадаға қатысу бақытына ие болған екінші өкілі болмақ. (Бұған дейін Галиб Жафаров Афины және Пекин Олимпиадаларына қатысқанын білесіздер.)

 

Ерекше үміт

Беріктен басқа, бүгінгі күні тағы екі боксшымыз Олимпиада жолдамасына ие болып отыр. Олардың бірі — Біржан Жақыпов (48 кг). Біржан да жолдаманы APB жобасы аясындағы жетістіктері арқылы иемденді. Ол да — өте тәжірибелі боксшы: 2013 жылғы әлем чемпионы, 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ, екі дүркін Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды және Пекин мен Лондон Олимпиадаларына қатысты.

Тағы бір қазақстандық боксшы Василий Левит (91 кг) Бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші кезеңінде (2014-2015 жж.) өте сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Василий Левит — 2009 жылғы Азия чемпионы. Айта кетелік, бұл салмақ дәрежесі бойынша бұрын елімізден Олимпиадаға ешқандай боксшы қатысып көрмеген.

Олимпиадалық спорт түрлері ішінде қазақ үшін №1 спорт болғандықтан, боксшыларымызды алдымен айттық. Осы жерде бір дерек, тәуелсіз Қазақстаннан шыққан он жеті Олимпиада чемпионының бесеуі ғана — қазақ және олардың бәрі де боксшылар екен.

Әрине, боксшыларымыз жоғарыдағы үш жолдамамен ғана шектеліп қалмайтыны түсінікті. Жалпы, бокстан ұлттық құрамамыз — тәуелсіздік алғалы бері Олимпиададан алтынсыз қайтып көрмеген бірден-бір құрама. Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да ел оларға ерекше үмітпен қарамақ.

 

Ольга және оның ізбасарлары

Боксшыларымыздан бөлек, жеңіл атлеттеріміздің де қарқыны жаман емес: қазіргі күні-ақ жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында бес жолдама бар. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова 2012 жылғы жетістіктерінен кейін, біраз үзіліс алған еді. Биылғы көктемде ол Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жолдамасына қол жеткізу мақсатында жарыс жолына шықты. Және алғашқы сында-ақ дегеніне жетті. Атап айтқанда, мамыр айында Шанхайда өткен «Гауһар лиганың» екінші кезеңінде қола жүлдеге және осы жүлдемен қоса Олимпиада жолдамасына ие болды.

Биылғы жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен Универсиадада үш бірдей алтын медаль иемденген желаяқ қыз Виктория Зябкина да — Олимпиада жолдамасының иегері. Жолдамаға ол биылғы Азия чемпионатындағы жетістігі арқылы қол жеткізді. Виктория қысқа қашықтықта жүгіреді. Қысқа қашықтықта жүгіретін тағы бір спортшымыз — Ольга Сафронова да Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.

Биылғы жылдың басында Гонконгте өткен марафондық қашықтыққа жүгіруден Азия чемпионатында қазақ қызы Гүлжанат Жанатбек қола жүлдеге ие болды. Осы жолғы көрсеткіші — 2 сағат 38,36 минут — оның Олимпиада жолдамасын иемденуіне жеткілікті болып табылды.

Ольга Рыпакованың ізбасары — Ирина Эктова да 2016 жылғы Олимпиадаға қатысады. Шілденің соңында Алматыда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир өткен еді. Ирина осы жарыста үш қарғып секіруден бірінші орын алып, сол нәтиже арқылы Олимпиада жолдамасына ие болды.

 

…енді ғана басталды

Алдағы Олимпиадада қазақ жұрты жолына үмітпен қарайтын спортшылардың бірі — жүзгіш Дмитрий Баландин. Баландин өткен жылғы Азия ойындарында отандастарын үш бірдей алтын медальмен қуантқан еді. Ал жуырда Қазан қаласында өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында ол, күткеніміздей, жүлделі орыннан көріне алмады. Дегенмен, әлі жас, жігерлі спортшының жеңісті сәттері алда деп сенеміз.

Мергендеріміздің қоржынында әзірге екі жолдама бар: Юрий Юрков пен Елизавета Король. Сондай-ақ, соңғы кезде жарыстарға Қазақстан атынан шығып жүрген украиналық спортшы — Елена Потапенко бессайыстан Олимпиада жолдамасын иемденіп отыр.

Сонымен, оқырмандарымызды бүгінге дейін атаулы жолдамаға ие болған спортшыларымызбен таныстырдық. Бірақ бұл қоржынымыздағы қазіргі барлық жолдамалар саны 12 деген сөз емес. Спорттың кейбір түрлері — ауыр атлетика, күрес түрлері, дзюдо, т.б. — бойынша жолдамалар нақты спортшыға емес, ұлттық құрамаларға берілетіні белгілі. Мұндайда соңғы шешімді ұлттық құрама жаттықтырушылары қабылдайды. Айталық, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте ІІ орын иемденген еді. Егер биыл

АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар тағы да 2-3 медальға қол жеткізсе, бас жаттықтырушы Алексей Ни Рио-де-Жанейро Олимпиадасына ұлттық құраманы толық құраммен апара алады. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы белгілген шек бойынша, толық құрам дегеніміз — он спортшы. Ал алдағы Олимпиадаға әрқайсысы медальға таласа алатын он спортшы апаруға Алексей Нидің мүмкіндігі жеткілікті. Бір ғана 94 кг салмақ дәрежесінің өзінде 2014 жылғы әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия ойындарының күміс жүлдегері Алмас Өтешов өнер көрсетіп жүр.

Негізі, Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын турнирлер осы тамыз айынан бастау алып, 2016 жылдың көктеміне дейін жалғасады.

 

Ақтөбеден кімдер барады?

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынатын турнирлерге, әрине, ақтөбеліктер де қатысады. Бұл ретте спорттың мына түрлері бойынша үміт басым: еркін және грек-рим күресі, дзюдо, бокс, суға жүзу және жеңіл атлетка.

Соңғы кезде ақтөбелік дзюдошылар сәтті өнер көрсетіп жүр. Дзюдошы Рүстем Ыбраев (60 кг) ұлттық құрама сапында 24-30 тамыз аралығында Астанада өтетін әлем чемпионатында бағын сынағалы отыр. Басқаларды былай қойғанда, осы салмақ дәрежесіндегі командаласы Елдос Сметовтің өзі оңай қарсылас емес. Елдос — 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы. Дегенмен Рүстем де —Қазақстан чемпионы, жуырда ғана Бакуде өткен беделді турнирдің жеңімпазы атанып, өзінің мықтылығын дәлелдеп жүрген спортшы. Оған сәттілік тілейміз.

Балуан Мейрамбек Айнағұлов, дзюдошы Айгүл Байқұлова, боксшы Гүлжайна Үббіниязова, әйелдер күресінен Айжан Ысмағұлова, т.б. ақтөбелік спортшылар алдағы Олимпиадада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады деп үміттенеміз.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

ВРЗ

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде қазақстандық спортшылар бес Жазғы ойындарға қатысып, 58 медаль иемденген, бұл жүлделердің 17-сі — алтын, 20-сы — күміс және 21-і — қола.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button