Спорт

СЕРГЕЙ ХИЖНИЧЕНКО — ҮШ ГОЛ АВТОРЫ

Премьер-Лига

 18-турдан соң алты команда турнир кестесіндегі орындарын өзгертті. «Астана» үшінші орынға қайтып келіп, көш басындағы үштіктің иелері кімдер болатындығын тағы бір нақтылап қойды. Алғашқы алтылықты түйіндеп тұрған «Оқжетпес» бір саты кейін жылжып, бұл орынды «Тараз» иемденді. Ал келесі турда «Таразды» өз алаңында «Оқжетпес» қабылдайды.

Сондай-ақ, осы екі команда тәрізді 23 ұпай жинаған «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбемен» күш сынасады. Қалған үш турда алтыншы орын үшін осы үш команда мықтап таласатынға ұқсайды.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдады.

Бірінші тайм осыдан үш күн бұрын эстониялық «Нымме Кальюмен» өткен кездесуді еске салғандай болды. Әуелі Данило Неко нысананы қиыс көздеді, одан соң Айоделе Аделейе ұрымтал сәтті пайдалана алмай қалды. Біресе қақпашыдан айласын асыра алмай, біресе допты қақпадан асыра теуіп үш рет Сергей Хижниченко бармақ тістетті. Дидар Жалмұқанға да, іске асыра алмағаны болмаса, қолайлы жағдайлар кезікпей қалған жоқ. Көкшетаулықтар, міне, осындай шабуылдардың арасында жүріп гол соғып кетті. 20-минутта біздің айып алаңымызға енген Руслан Сақалбаев өзіне келе қалған допты асықпай өңдеп, оң аяғынан сол аяғына ыңғайлап жатқызды да, шірене соққы жасады, Стас Покатилов түк те жасай алмай қалды — 0:1.

«Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев екінші таймға команданы қайтадан еш өзгеріссіз шығарды. Дегенмен нақты нұсқаулар берілген болуы керек, шабуылдар нәтиже әкеле бастады. 48-минутта Данило Неко соққан доп кері серпілгені сол еді, Валерий Коробкин қайталай теуіп, Антон Циринді қапы қалдырды — 1:1.

Арада екі минут өтер-өтпесте Сергей Хижниченко өзінің бұған дейінгі қателіктерін түзеп үлгерді, қарсыластар қақпасының сол бүйіріндегі «алтылықты» дәл нысанаға алды — 2:1.

Бұдан кейін Дидарға тамаша пас берудің орнына өзі нәтижесіз соққы жасаған, одан соң Чиприан Дяк тастаған тамаша пасты пайдалана алмай қалған Данило Неко ақыры сәтті қадам жасады, екі қорғаушыны алдап өтіп, допты Сергей Хижниченконың алдына қоя қойды, ал Сергей қателескен жоқ — 3:1.

Дегенмен алғашқы алтылықта қала берудің ауылы алыстап бара жатқанын сезген көкшетаулықтар да жанталаса қимылдап жатты. 67-минутта бұрыштамадан келген допты Стас Покатилов мығым ұстап қала алмады да, Лука Роткович қақпаға баспен кіргізе салды — 3:2.

Ал 84-минутта Сергей Хижниченко хет-трик иесі атанды. Евгений Левин жолдаған допты айып алаңының ішінде жүрген Асхат Тағыберген Сергейге ысыра салды, бір жарым метрдей жерден қателесу мүмкін де емес еді — 4:2.

«Оқжетпес» көшбасшыға қарсы бұдан әрі ештеңе жасай алмады.

Дегенмен мына фактіні мойындауымыз керек, «Ақтөбе» осы кезге дейін өз қақпасына енгізген он доптың төртеуінің авторлары — осы көкшетаулықтар.

«Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 4:2

Гол авторлары: Руслан Сақалбаев, 20-минут (0:1); Валерий Коробкин, 48-минут (1:1); Сергей Хижниченко, 50-минут (2:1); Сергей Хижниченко, 64-минут (3:1); Лука Роткович, 67-минут (3:2); Сергей Хижниченко, 84-минут (4:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин (капитан), Евгений Левин, Артурас Жулпа, Данило Неко (Маркос Пиззелли, 79-минут), Асхат Тағыберген, Чиприан Дяк (Данило Сирино, 73-минут), Виктор Дмитренко, Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 65-минут), Сергей Хижниченко.

«Ақтөбе» командасынан Ч.Дяк пен В.Дмитренкоға ескерту қағазы көрсетілді.

5 шілде. Ақтөбе. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 3000 адам.

23 жастағы шабуылшы Сергей Хижниченконың бұл турдағы екінші соққан добы Премьер-Лигадағы 40-шы голы болды. Ол 142 кездесуде 41 доп соқты.

23 жастағы қорғаушы Виктор Дмитренко бұл ойында төртінші ескерту қағазын алуы салдарынан келесі турға — «Ертіспен» кездесуге қатыса алмайтын болды. Ол 9 кездесуде 1 гол соғып, 4 ескерту қағазын алды.

 

Басқа кездесулер

 

«Шахтер»-«Қайрат» — 0:5

Гол авторлары: Сержиньо, пенальти, 6-минут (0:1); Лоренцо Риера, 13-минут (0:2); Лоренцо Риера, 59-минут (0:3); Момоду Сисей, 72-минут (0:4); Жамбыл Көкеев, 83-минут (0:5).

«Атырау»-«Ертіс» — 0:0

86-минутта Самат Смақов («Ертіс») орындаған 11 метрлік айып добын қақпашы Жасұр Нарзиқұлов қақпаға енгізбеді.

«Тараз»-«Жетісу» — 2:0

Гол авторлары: Әлішер Сүлей, 61-минут (1:0); Александр Пищур, 84-минут (2:0).

«Ордабасы»-«Тобыл» — 2:0

Гол авторлары: Сергей Малый, 45+2 минут (1:0); Азат  Нұрғалиев, 67-минут (2:0).

«Астана»-«Қайсар» — 2:0

Гол авторлары: Рахымжан Розыбақиев, автогол, 26-минут (1:0); Таңат Нөсербаев, 48-минут (2:0).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  19       11       8          0          25-10  41 

2 Қайрат                  19       11       4          4          39-13  37

3 Астана                  19       10       6          3          35-16  36  

4 Атырау                  19       9          8          2          24-16  35

5 Ордабасы             19       8          8          3          19-12  32

6 Тараз                     19       7          2          10       17-21  23

7 Оқжетпес               19       7          2          10       20-29 23

8 Ертіс                      19       5          8          6          23-23 23

9 Тобыл                    19       6          3         10       19-28  21

10 Қайсар                 19       3          8          8          11-21  17

11 Шахтер                19       3          2          14       12-37  11

12 Жетісу                  19       2          5          12       11-29  11

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

5:0 есебі бірінші рет тіркелді

 

Бұл турда қақпаларға өткен турдағы секілді 17 гол соғылды.

Бір ірі есеп тіркелді —5:0.

2:0 есебі үш рет қайталанып, 5:0 есебі чемпионат басталғалы алғаш рет тіркелді.

Бір футболшы (С.Хижниченко, «Ақтөбе») бір ойында үш гол соғып, хет-трик иесі атанса, бір футболшы (Лоренцо Риера, «Қайрат») екі гол соқты.

Бір автогол соғылды.

Екі пенальти тағайындалып, біреуін қақпашы жібермей қалды.

20 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылған футболшы болған жоқ.

Гол соғу жөнінен алаң иелері басымдылық көрсетті (10:7). Төрт ойында алаң иелері жеңіске жетті.

Кездесулерді 19 500 жанкүйер тамашалады, әр кездесуге орта есеппен 3250 жанкүйер келді.

Әзірге жеңілмей келе жатқан жалғыз команда — «Ақтөбе».

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмаған команда — «Шахтер».

Сырт алаңда ең көп (6 рет) жеңіске ие болған команда — «Ақтөбе».

Чемпионат басталғалы 114 кездесу өтті. 52 рет алаң иелері жеңсе, 30 рет қонақтар жеңді, 32 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 255 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,24 гол соғылды.

Алаң иелері 150 гол (әр ойында 1,32 гол) соқса, қонақтар 105 доппен (әр ойында 0,92 гол) жауап қайтарды.

Ең көп (25 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Мергендер көшін 18 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 7 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 3 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Данило Неко (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1;

Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 10 ойында 5 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 14-6 доп айырмашылығымен 20 ұпай жинады. Сырт алаңдағы 9 ойында 6 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 11-4 доп айырмашылығымен 21 ұпай жинады.

 

20-тур ойындары

 

Келесі 20-турда, 12 шілдеде, жексенбі күні «Ақтөбе» Өскеменде «Ертіс» командасымен кезедеседі.

Басқа кездесулер:

11 шілде, сенбі

«Тобыл» — «Астана»
«Шахтер» — «Атырау»

«Оқжетпес» — «Тараз»

5 шілде, жексенбі

«Қайрат» — «Қайсар»
«Жетісу» — «Ордабасы»

Қарымта кездесу: Есеміз қайта ма?

 

Сонымен бүгін Еуропа Лигасының бірінші іріктеу ойындарының қарымта кездесулері өтеді. Бір қарағанда, бірінші кездесулердің жалпы нәтижесі бір ұтыс, бір тең ойын, бір жеңіліс болғанымен, сырт алаңда ғана ұтысқа ие болуымыз көңілімізді көншітпей отыр.

 

«Нымме Калью» — «Ақтөбе»

 

«Ақтөбе» Таллинде «Нымме Калью» командасымен кездесетіні белгілі.

Ал Эстонияға жерлестеріміз бірінші ойында жеңіліп қалған команда ретінде баруға тиіс емес еді. Мәселе өз алаңымызда ойнағанымызға ғана тіреліп тұрған ештеңесі жоқ. Жалпы жанкүйерлер, соның ішінде эстониялық жанкүйерлер де «Ақтөбеден» мұндай жеңілісті тіпті де күтпегені анық. Эстониялық бас бапкер Сергей Терехов: «Біздің жұптың фавориті «Ақтөбе», — деп біздің команданың астына тағы бір тегін көпшікті лақтырып жіберді. Ол бірінші кездесудің алдында да осылай кішірейе сөйлеген. Ақыры не болды? Шабуылдаудан тынбаған, бірақ гол соғуға боларлық соншама көп мүмкіндіктің бірде-бірін пайдалана алмай қалған «Ақтөбе» футболшылары Таллиннің жасыл алаңында нысананы дәл көздей ала ма? Бұған қақпамызды шеберлігіне дау жоқ Стас Покатиловтің қорғамайтынын қосып қоялық. Бұлай қауіп ойлайтын себебіміз, өткен жылы дәл осындай бірінші кезеңде «Нымме Калью» Исландияның «Фрам» командасын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіп келіп, Таллинде 2:2 есебімен тең ойнап, екінші кезеңге лып етіп шыға қойған.

Бірінші кездесудің нәтижесі: «Ақтөбе»-«Нымме Калью» (Таллин, Эстония) — 0:1.

Гол авторы: Атс Пурье, 72-минут (0:1).

77-минутта қақпашы Стас Покатилов («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

 

«Бейтар» — «Ордабасы»

 

Шымкенттіктер, әрине, жеңілген жоқ. Бірақ ақтөбеліктер тәрізді шабуылға шабуылды ұластыра да алған жоқ. Қақпаларына доп енгізіп алмауды немесе кездесуді тең есеппен ғана аяқтауды мұрат тұтып келген израильдық футболшылардың айтқанына көніп, айдауына жүрмесе де, «Ордабасы» еш мінез көрсетпеді. Бұған күннің ыстықтығын сылтау етудің де қажеті шамалы еді. Иерусалимде қоңыр салқын самал есіп тұрады дегенді кім айтыпты?! Әсіре сақтық, өз алаңында қателесуден шектен тыс қорқу шымкенттіктерді бүгін үлкен қателікке ұрындырмаса болғаны да.

Бірінші кездесудің нәтижесі: «Ордабасы»-«Бейтар» (Иерусалим, Израиль) — 0:0.

 

«Қайрат» — «Црвена Звезда»

 

Бірінші кездесуден «Қайраттың» жеңіспен оралатындығына сенгендер тым аз болған шығар-ақ. Дегенмен жеңді. Кешегі 19-турда оңтүстік астаналықтардың «Шахтердің», мейлі, көш соңында келе жатқан команданың болса да, қақпасына бес гол тоғытуы футболшылардың бір-бірін түсінісе ойнауын дәлелдеп тұрған жоқ па?! Рас, намыстан өртене жаздап қалған сербиялықтар әбден ес жинап алуы да мүмкін. Бірақ қазір нағыз бабында тұрған «Қайрат» бірінші кездесудегі қолайлы есепті өз алаңында түпкілікті оң нәтижеге жеткізетіндігіне толық сенуге болатын сияқты.

Бірінші кездесудің нәтижесі: «Црвена Звезда» (Белград, Сербия)-«Қайрат» — 0:2.

Гол авторлары: Жерар Гоу, 45-минут (0:1); Ермек Қуантаев, 64-минут (0:2).

«Црвена Звезда» футболшысы Павичевич 3-минутта жасыл алаңнан қуылды.

 

*   *   *

 

Әрине, қауіп ойламауға хақымыз жоқ. Дегенмен Еуропа Лигасының өткен жылғы ойындарының дәл осындай бірінші іріктеу кезеңінен біздің командаларымыз («Шахтер», «Қайрат», «Астана») сүрінбей өткенін есте ұстай отырайық.

 

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button