Спорт

«Ақтөбе»: дидар тағы да қуантты

Премьер-Лига

 18-турдан соң турнир кестесіндегі екінші орынға қайтадан «Қайрат» көтерілді. Алматылықтар тоғыз тур бойы ұтылмай келе жатқан «Астананы» жеңіп қана қоймай, оларды төртінші орынға сырғытты.

Өз алаңдарында жеңіске жеткен «Ертіс» пен «Тобыл» алғашқы алтылықты түйіндеп тұрған «Оқжетпестің» желкесінен демалып тұр.

«Жетісу» көш соңына орналасуға мәжбүр болды.

Бұл турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» кездесті.

Алаң иелері ойын басталысымен-ақ шабуылға шықты. Біздің қорғаушыларымыздың жүйкелерін түрткілеумен болды. Бірақ салмақ қорғаушыларымызға ғана түсті деуге және болмайды. Жерлестеріміз шабуылдаудан да кенде болған жоқ. Мысалы, «Ақтөбе» құрамында алаңға алғаш рет шыққан Чиприан Дяктың тепкен добы қақпадан сәл асып түспегенде қарсыластарымыздың қақпашысы Андрей Шабанов мықтап бармақ тістеп қалатын еді. Сондай-ақ, Маркос Пиззеллидің екі соққысына да қақпашы ештеңе жасай алмауы мүмкін еді, тек біздің футболшымызға дәлдік жетіспеді. Әсіресе, бірінші таймның соңына таман жерлестеріміз қарсыластар территориясында емін-еркін қимылдады. Рас, ақтөбелік қақпашы Стас Покатилов те аз терлеген жоқ. Қалай болғанда да, бірінші таймда екі қақпаға да гол енбей қойды.

Екінші таймды ақтөбеліктер ерекше екпінмен бастады. Ал талдықорғандықтар енді шабуылдың емес, қорғанудың мәселесіне көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды, қателіктерге бой алдыра бастады. Әттең, жерлестеріміз осы басымдылықты голға айналдыра алмай діңкеледі. «Жетісудың» айып алаңына жетіп келгенімен футболшыларымыз допты не қиыс тебеді, не қақпадан асырып жібереді, әйтпесе қақпашы қақшып түседі. Футболдың голды сен соқпасаң, ол соғатыны туралы алтын қағидасы, міне, осы тұста жүзеге асты да қойды. 65-минутта ойламаған жерден жетісулық Джордж Деспотович қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, бұрыштамадан келген допты қақпаға мүлтіксіз бағыттап, гол соқты да кетті — 1:0.

Бұл гол ақтөбеліктерді тіпті ширықтырып жіберді. Ал талдықорғандықтар жанталаса қорғанумен болды. Сондай сәттердің бірінде, 77-минутта Стас Покатиловты шатақтасуға итермелегені үшін жетісулық шабуылшы Бауыржан Тұрысбекке екінші рет ескерту қағазы көрсетіліп, ол жасыл алаңнан қуылды. Бұдан соң онсыз да шабуылдауды келістіре алмаған «Жетісу» футболшылары біржола қорғанысқа көшті. Дегенмен ақтөбеліктер мұнда ұтылу үшін келмегендігі белгілі ғой. Төреші қосқан қосымша уақытта Юрий Логвиненко допты баспен соғып, қарсыластардың айып алаңына бағыттады да, оны Айоделе Аделейе кеудесімен тосып алып, Дидар Жалмұқанның аяғына ыңғайлап тастай қойды, ал Дидар қатесіз соққы жасады, қақпа торын бүлк еткізді — 1:1.

Осы тұста Дидар туралы сәл іркіле айта кеткен мақұл. Бірінші айналымда «Атыраумен» кездесуде «Ақтөбе» ұтылып жатқан кезде Дидар 63-минутта гол соғып, командасын жеңілістен сақтап қалған болатын. Шымкенттегі «Ордабасымен» кездесуде де бір гол соғып, «Ақтөбеге» жеңіс әперген және осы Дидар еді.

Осылайша кезекті сапардан жерлестеріміз тең ойынмен оралды. Әрине, көш басындағы командамен кездесуде бір ұпай олжалау «Жетісу» үшін әжептәуір табыс. Ал басымдылықпен ойнаған «Ақтөбе» үшін екі ұпайдан айырылып қалу өкінішті-ақ болды.

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Джордж Деспотович, 65-минут (1:0); Дидар Жалмұқан, 90+1 минут (1:1).

77-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Бауыржан Тұрысбек («Жетісу») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин, Артурас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Данило Неко, Асхат Тағыберген (Марат Хайруллин, 68-минут), Чиприан Дяк (Данило Сирино, 53-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Маркос Пиззелли, Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 53-минут).

«Ақтөбе командасынан 4 футболшыға (Д.Мирошниченко, Ю.Логвиненко, В.Коробкин, С.Покатилов), «Жетісу» сапында екі ойыншыға ескерту қағазы көрсетілді.

 

Басқа кездесулер

 

«Қайрат»-«Астана» — 2:0

Гол авторлары: Исаэль, 45+1 минут (1:0); Бауыржан Исламхан, пенальти, 51-минут (2:0).

«Оқжетпес»-«Атырау» — 2:2

Гол авторлары: Антон Григорьев, 36-минут (0:1); Әлібек Бөлешев, 53-минут (1:1); Лука Роткович, 68-минут (2:1); Мирас Тулиев, автогол, 90+3 минут (2:2).

64-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Александр Павлов («Оқжетпес») жасыл алаңнан қуылды.

«Қайсар»-«Ордабасы» — 1:1

Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, пенальти, 56-минут (0:1); Жасұлан Молдақараев, 59-минут (1:1).

«Тобыл»-«Тараз» — 3:0

Гол авторлары: Игорь Юрин, 11-минут (1:0); Игорь Зенькович, 21-минут (2:0); Игорь Юрин, 40-минут (3:0).

77-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Жақып Қожамберді («Тараз») жасыл алаңнан қуылды.

«Ертіс»-«Шахтер» — 3:1

Гол авторлары: Роман Муртазаев, 30-минут (0:1); Алассане Ндиайе, 33-минут (1:1); Алассане Ндиайе, 47-минут (2:1); Владислав Чернышов, 54-минут (3:1).

74-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Михрат Топчагич («Шахтер») жасыл алаңнан қуылды.

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  18       10       8          0          21-8    38

2 Қайрат                  18       10       4          4          34-13  34

3 Атырау                 18       9          7         2          24-16  34

4 Астана                   18       9         6          3          33-16  33

5 Ордабасы             18       7          8          3          17-12  29

6 Оқжетпес              18       7          2          9         18-25  23

7 Ертіс                      18       5          7          6          23-23  22

8 Тобыл                    18       6          3          9          19-26 21

9 Тараз                     18       6          2          10       15-21  20

10 Қайсар                18       3          7          7         11-19 17

11 Шахтер                18       3          2          13       12-32  11

12 Жетісу                 18       2          5          11       11-27  11

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

3 жеңіс, 3 тең ойын

 

Бұл турда қақпаларға 17 гол соғылды.

Бір ірі есеп тіркелді —3:0.

1:1 есебі екі рет қайталанып, бұл есеп 10 рет тіркелді.

Екі футболшы бір ойында екі голдан соқты: Игорь Юрин («Тараз»); Алассане Ндиайе («Ертіс»).

Бір автогол соғылды.

Екі пенальти тағайындалып, мүлтіксіз орындалды.

26 ескерту қағазы көрсетіліп, ойын ережесін бұзғаны үшін төрт футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Гол соғу жөнінен алаң иелері айқын басымдылық көрсетті (12:5). Үш ойында алаң иелері жеңіске жетіп, үш кездесу тең аяқталды. Қонақтар бірде-бір жеңіске ие бола алмады.

Кездесулерді 23 200 жанкүйер тамашалады. Ең көп жанкүйер «Қайрат»-«Астана» кездесуіне жиналды — 9500 адам.

«Атыраудың» қорғаушысы Антон Григорьев соңғы төрт турда төрт гол соқты.

Әзірге жеңілмей келе жатқан жалғыз команда — «Ақтөбе».

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмаған команда — «Шахтер». Бұл жолы олар сырт алаңда тоғызыншы рет жеңілді.

Сырт алаңда ең көп (6 рет) жеңіске ие болған команда — «Ақтөбе».

Чемпионат басталғалы 108 кездесу өтті. 48 рет алаң иелері жеңсе, 29 рет қонақтар жеңді, 31 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 238 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,20 гол соғылды.

Алаң иелері 140 гол (әр ойында 1,30 гол) соқса, қонақтар 98 доппен (әр ойында 0,91 гол) жауап қайтарды.

Ең көп (25 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Мергендер көшін 18 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

Ережені сақта!

 

Қазақстан Футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті 30 маусымда өткен мәжілісінде бірқатар шешімдер қабылдады.
17-тур ойынында алаңға бір легионерді ережеден тыс артық шығарып жібергені үшін «Жетісу» командасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылып, бұл есеп пен үш ұпай «Атырау» командасына берілді. Сондай-ақ, «Жетісу» 500 мың теңге айыппұл төлейтін болды.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 3 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Данило Неко (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 9 ойында 4 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 10-4 доп айырмашылығымен 17 ұпай жинады. Сырт алаңдағы 9 ойында 6 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 11-4 доп айырмашылығымен 21 ұпай жинады.

 

19-тур ойындары

Келесі 19-турда, 5 шілдеде, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

4 шілде, сенбі

«Астана» — «Қайсар»
«Атырау» — «Ертіс»

«Тараз» — «Жетісу»

5 шілде, жексенбі

«Шахтер» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Тобыл»

*   *   *

 

1 шілде күні «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Валерьевич Газзаев 35 жасқа толды.

Өткен жылдың шілде айында біздің өлкеге табаны тиген оның басшылығымен «Ақтөбе» сол жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ал бізге келгенге дейін бірінші топта ойнайтын «Алания» командасын Ресейдің Премьер-Лигасына шығарғаны және бар. Жас та тәжірибелі бапкер енді «Ақтөбені» Еуропаның жасыл алаңдарында ірі жетістіктерге жеткізуіне тілектеспіз.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button