Спорт

«Ақтөбе»: Оныншы жеңіс осылай келді

Премьер-Лига

 17-турдан соң турнир кестесіндегі екінші орынға «Астана» көтеріліп, «Ертіспен» тең ойнаған «Қайратты» өзінен бір қадам кейінге сырғытты.

Өз алаңдарында жеңіліске ұшыраған «Атырау» мен «Ордабасы» бұрынғыша төртінші-бесінші орындарында қалды. Әсіресе, мұнайлы өлке футболшыларының 11-орында келе жатқан «Жетісудан» Атыраудағы ойында ұтылуы тіпті күтпеген жағдай болды.

Ал 12-орында келе жатқан «Шахтерден» ойсырай ұтылған, алғашқы алтылықты түйіндеп тұрған «Оқжетпеске» екі, үш доп айырмашылығымен «Тараз» бен «Ертіс» өкшелей жақындап қалды.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.

6-минутта біздің айып алаңымызға ентелей енген жартылай қорғаушы Игорь Юрин қақпаның алыс түкпірін дәл нысанаға алып, қақпашымыз Стас Покатиловке бармақ тістетті — 0:1.

Әрине, жерлестеріміздің ұнжырғасы түсіп кете қойған ештеңесі жоқ еді. Арада он шақты минут өтер-өтпесте Юрий Логвиненко екі мәрте қолайлы сәтті пайдалана алмай қалды, дәлірек айтқанда, дәлдік жетіспеді. Қақпашымен жекпе-жек шыға келген Сергей Хижниченко тепкен доп та діңгектен асып кетті. Оның есесіне қостанайлық Игорь Бугаев бастаған шабуылды Стас Покатилов пен Виктор Дмитренко шеберлікпен өшірді.

Екінші таймда қонақтардың жайы белгілі болып қалды. Олардың ерік-жігері негізінен қорғануға ғана жетіп жатты. Әсіресе, қостанайлық қақпашы Александр Петухов мықтап терге малшынды. Данило Неко, Марат Хайруллин, Дидар Жалмұқан, Айоделе Аделейе, Юрий Логвиненко, несін айтасыз, осылардың қай-қайсысы да қатесіз соққы жасағанда гол авторы атанып кететін еді. Дегенмен жанкүйерлер қошеметіне бөлену құрметі Маркос Пиззеллиге бұйырды. 77-минутта допты сол аяғымен сәл демеп оң ыңғайына келтіріп алған ол қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді, Петухов түк те істей алған жоқ — 1:1.

Арада екі минут өтпей жатып алаң иелері қонақтарды және есеңгіретіп тастады. Оң қанаттан Дидар Жалмұқан тепкен доп қостанайлық үш қорғаушыны көктей өтіп айып алаңына жеткен Данило Неконың аяғына тап келді. Шабуылшы бұл мүмкіндікті қалт жібермеді, жібек торды бүлк еткізді — 2:1.

Есеп бұдан әрі де ұлғаюы мүмкін еді. Бірақ біздің жігіттер, мысалы, Неко қолайлы сәттерді тиімді пайдалана алмады. Бұл үшін өкпе айтудың да жөні жоқ секілді. Сол күнгі аңызақ аптап пен кем-кетігі жоқ емес жасыл алаң футболшылардың біраз қуат-жігерін жұтып қойып жатты.

Осылайша «Ақтөбе» оныншы жеңісіне жетті.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 2:1
Гол авторлары: Игорь Юрин, 6-минут (0:1); Маркос  Пиззелли, 77-минут (1:1); Данило Неко, 79-минут (2:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин (Данило Неко, 55-минут), Артурас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Виктор Дмитренко, Марат Хайруллин, Юрий Логвиненко (капитан), Маркос Пиззелли, Сергей Хижниченко (Павел Шабалин, 66-минут), Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 50-минут).

«Ақтөбе» футболшылары 3 ескерту қағазын алды (Д.Мирошниченко, В.Дмитренко, Д.Жалмұқан). Қонақтардың бір футболшысына (Арунас Климавичюс) «сары қағаз» көрсетілді.

 

Басқа кездесулер

 

«Ертіс»-«Қайрат» — 1:1

Гол авторлары: Константин Дудченко, 61-минут (1:0); Жерар Гоу, 79-минут (1:1).

«Атырау»-«Жетісу» — 1:2

Гол авторлары: Душан Савич, 27-минут (0:1), Антон Григорьев, 30-минут (1:1); Душан Савич, 71-минут (1:2).

«Шахтер»-«Оқжетпес» — 3:0

Гол авторлары: Михрет Топчагич, 4-минут (1:0); Евгений Тарасов, 19-минут (2:0); Сергей Ветров, 83-минут (3:0).

«Ордабасы»-«Астана» — 0:2:

Гол авторлары: Патрик Твумаси, 53-минут (0:1); Патрик Твумаси, 83-минут (0:2).

«Тараз»-«Қайсар» — 3:0

Гол авторлары: Александр Пищур, 3-минут (1:0); Санат Жұмаханов, 30-минут (2:0); Санат Жұмаханов, 70-минут (3:0).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар                 О            Ұ             Т        Ж             Д              Ұп

 

1 Ақтөбе                      17          10            7          0          20-7    37 

2 Астана                  17       9          6          2             33-14         33

3 Қайрат                       17           9               4          4             32-13         31  

4 Атырау                       17           8               6          3             20-16         30

5 Ордабасы                   17           7               7          3             16-11         28

6 Оқжетпес                   17           7               1          9             16-23         22

7 Тараз                         17            6               2          9             15-18         20

8 Ертіс                          17            4               7          6             20-22         19

9 Тобыл                       17            5               3          9             16-26         18

10 Қайсар                     17            3               7          7             10-18         16

11 Жетісу                     17            3               4          10            12-24         13

12 Шахтер                    17            3               2         12            11-29          11

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

Тағы да  16 гол соғылды

 

Бұл турда қақпаларға чемпионат басталғалы үшінші рет, оған қоса, тағы бір ерекшелігі, тура өткен турдағыдай 16 гол соғылды.

Бірдей екі ірі есеп тіркелді —3:0.

2:1 есебі де екі рет қайталанды.

Үш футболшы бір ойында екі голдан соқты. Бұл жетістікті Душан Савич («Жетісу») екі тур бойы қатарынан қайталады.

Гол соғу жөнінен алаң иелері айқын басымдық көрсетті (10:6).

Чемпионат басталғалы 3:0 есебі бесінші рет, 2:1 есебі он бесінші рет қайталанды.

Қатарынан он тур бойы жеңіліссіз ойнап келген «Атырау» өз алаңында ұтылып қалды.

Әзірге жеңілмей келе жатқан жалғыз команда — «Ақтөбе».

«Жетісу» сырт алаңда бірінші рет жеңіске жетті.

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмаған команда — «Шахтер».

Сырт алаңда ең көп (6 рет) жеңіске ие болған команда — «Ақтөбе». Сондай-ақ, жалпы көп жеңіс иесі де — «Ақтөбе».

Чемпионат басталғалы 102 кездесу өтті. 45 рет алаң иелері жеңсе, 29 рет қонақтар жеңді, 28 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 221 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,16 гол соғылды.

Алаң иелері 128 гол (әр ойында 1,25 гол) соқса, қонақтар 93 доппен (әр ойында 0,91 гол) жауап қайтарды.

Ең көп (25 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Мергендер көшін 18 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 3;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 3 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Данило Неко (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 9 ойында 4 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 10-4 доп айырмашылығымен 17 ұпай жинады. Сырт алаңдағы 8 ойында 6 рет ұтып, 2 рет тең түсті, 10-3 доп айырмашылығымен 20 ұпай жинады.

 

18-тур ойындары

 

Келесі 18-турда, 27 маусымда, сенбі күні «Ақтөбе» Тадықорғанда «Жетісу» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

27 маусым, сенбі

«Қайсар» — «Ордабасы»

28 маусым, жексенбі

«Қайрат» — «Астана»

«Оқжетпес» — «Атырау»

«Тобыл» — «Тараз»

«Ертіс» — «Шахтер»

 

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

УЕФА

 

Алғашқы қарсыластарымыз

 

Дүйсенбі күні УЕФА-ның штаб-пәтерінде  Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының бірінші іріктеу ойындарының жеребесі тартылды.

Әуелі өзімізге тікелей қатысы болғандықтан Еуропа Лигасы туралы әңгімелейік.

Бұл Лиганың кездесулері 2 шілде күні алғашқы іріктеу ойындарымен басталып, келер жылғы 18 мамырда Базель қаласындағы «Санкт-Якоб Парк» стадионындағы финалдық сайыспен аяқталады.

 

«Ақтөбе» — «Нымме Калью»

 

Жеребе қорытындысы бойынша бірінші іріктеу ойынында «Ақтөбеге» Эстонияның «Нымме Калью» командасы бұйырды.

Бірінші ойын 2 шілдеде Ақтөбе қаласында, ал қарымта кездесу 9 шілдеде Таллин қаласында өтеді.

«Нымме Калью» (эстонша MJ Nõmme Kalju) — Таллин қаласындағы футбол командасы. 2012 жылы Эстония чемпионатының жеңімпазы болса, өткен жылы Эстония кубогының иегері атанды.

Еуропа Лигасының 2013/2014 жылғы науқанында плей-офф кезеңіне дейін жеткенімен, келесі, 2014-2015 жылғы ойындардың бірінші кезеңінде ғана «Фрам» (Исландия) командасын жеңіп (1:0; 2:2), екінші кезеңде Польшаның «Лех» командасынан басым түсе алмаған болатын (1:0; 0:3).

Ал ел чемпионатын өткен жылы 4-ші орынмен аяқтады.

Қазақстан клубтарымен жолы түйісіп көрмеген бұл команда қазір УЕФА рейтингі бойынша 350-ші орында тұр, ал «Ақтөбенің» көрсеткіші —189-шы орын.

«Ақтөбе» командасы бірінші іріктеу ойындарында жеңіске жетсе, екінші кезеңде «Ла Фиорита» (Сан-Марино) — «Вадуц» (Лихтенштейн) жекпе-жегінде ұтысқа ие болған командамен күш сынасады.

«Ақтөбенің» өткен маусымдағы, 2014 жылғы ойын нәтижелерін еске сала кетелік:

УЕФА Чемпиондар лигасы. Екінші іріктеу кезеңі.

16 шілде. «Динамо» (Тбилиси, Грузия)-«Ақтөбе» — 0:1.

Гол авторы Данило Неко.

23 шілде. «Ақтөбе»-«Динамо» (Тбилиси, Грузия) — 3:0.

Гол авторлары: Алексей Антонов, Игорь Зенькович, Абат Айымбетов.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Үшінші іріктеу кезеңі

30 шілде. «Ақтөбе»-«Стяуа» (Бухарест, Румыния) — 2:2.

Біздің командадан гол соққандар: Валерий Коробкин, Роберт Арзуманян.

6 тамыз. «Стяуа» (Бухарест, Румыния)-«Ақтөбе» — 2:1.

Біздің командадан Тимур Кападзе гол соқты.

УЕФА Еуропа лигасы. Плей-офф кезеңі.

21 тамыз. «Ақтөбе»-«Легия» (Варшава, Польша) — 0:1.

28 тамыз. «Легия» (Варшава, Польша)-«Ақтөбе» — 2:0.

 

«Црвена Звезда» — «Қайрат»

 

«Қайраттың» қарсыласы — «Црвена звезда».

Сербияның ең мәртебелі бұл командасы өз елінде 26 рет чемпион атанып, 24 рет Кубок иегері болған. Оны былай қойғанда, заманында, яғни 1991 жылы Еуропа чемпиондары Кубогы (қазіргі УЕФА Чемпиондар Лигасы) мен Континентаралық Кубокты жеңіп алған мықтылардың бірі.

Бір еске түсірерлік жайт, 2002/2003 жылғы маусымда УЕФА Кубогының бірінші іріктеу ойынында бұлар «Қайраттан» басым түскен болатын (2:0; 3:0). Дегенмен қазіргі «Қайраттың» аяқ алысы ол кездегіден мүлдем басқа екенін ұмытпағанымыз жөн.

Өткен жылды «Црвена Звезда» 2-ші орынмен аяқтады.

Александр Лукович («Удинезе» — Италия; «Зенит» — Ресей) және Душан Анджелкович («Ростов», «Краснодар» — Ресей) тәрізді белгілі қорғаушылары бар бұл команданың тізгінін қазір Ресей Премьер-Лигасында «Амкар», «Москва», «Динамо», «Ростов», «Локомотив» тәрізді командаларды жаттықтырған Миодраг Божович (Черногория) ұстап тұр.

Бұл командалардың бірінші кездесуі 2 шілдеде Белградта өтеді де, алматылықтар қарымта кездесуді 9 шілдеде тамашалайды.

 

«Ордабасы» — «Бейтар»

 

Шымкенттік «Ордабасы» өткен жылғы чемпионатты төртінші орынмен аяқтаса да, алматылық «Қайрат» ел Кубогы мен чемпионатта қола медальға қатарынан ие болуына байланысты Еуропа Лигасына жолдама алған болатын.

«Ордабасыға» тап келген, негізі 1936 жылы қаланған «Бейтар» командасы Израильдің алты дүркін чемпионы, жеті рет ел Кубогын иеленген, екі мәрте Израиль Лигасы Кубогын еншілеген. Ал УЕФА Еуропа Лигасы ойындарында 2-ші іріктеу кезеңіне дейін ғана жеткені бар.

Бұрын Қазақстан командаларымен жүздеспеген.

2 шілдеде Шымкентте өтетін ойын 9 шілдеде Иерусалимде түйінді нәтижесін көрсетеді.

 

«Марибор» — «Астана»

 

Бұл екі команда қатысатын Чемпиондар Лигасының кездесулері 30 маусымда басталып, жеңімпаз келер жылдың 28 мамырында Миландағы «Джузеппе Меацца» стадионындағы финалдық ойында анықталады.

«Марибор» мен «Астана» додаға екінші іріктеу кезеңінен бастап қосылады. Бірінші кездесу 14/15 шілдеде Марибор қаласында өтсе, қарымта ойын 21/22 шілдеде Астана қаласында өтеді.

«Марибор» — Словенияның ең үздік клубы. 13 мәрте ел чемпионы, оған қоса 8 рет Кубокты және 4 рет Суперкубокты жеңіп алған.

2014/2015 жылғы маусымда Чемпиондар Лигасы ойындарының іріктеу кезеңдерінде «Зриньски» (Босния-Герцеговина), «Маккаби» (Тель-Авив), «Селтик» (Шотландия) командаларын жеңіп, «Челси», «Шальке 04», «Спортинг» командаларымен бірге топтық кезеңде ойнаған және осы командалардың әрқайсысынан  бір ұпайдан олжалаған.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button