Спорт

Үлкен үзіліс алдында  

Премьер-Лига

15-турдан соң алғашқы алтылықтағы төрт команда, екінші алтылықтағы төрт команда турнир кестесіндегі орындарын өзгертті. «Ақтөбенің» өкшелестерінен озықтығы бес ұпайға түсті. «Астана» тағы да алғашқы үштікті тастап шықты. Көш соңында келе жатқан «Шахтер» бір саты жоғарылады. Сондай-ақ, алдағы турда да алғашқы алтылықты ешкім қуып жете алмайтыны және анық болды.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдады.

Ойын бірден-ақ алма-кезек шабуылдармен басталды. Әсіресе, екінші орындағы тұғырын сақтап қалу үшін астаналықтарға жеңіс ауадай қажет болатын. Бірінші таймда Фокси Кетевоама тастаған пасты Георгий Жуков голға айналдырғанда, бәлкім, олар осы мақсатына жақындай түскендей де болар ма еді. Бірақ жартылай қорғаушының соққысы нысанадан қиыс кетті. Қиыс кетпеген күнде де біздің қақпашымыз Стас Покатиловты бұл кездесуде алдап соғу оңай емес болатын. Ол сол Фоксидің де, Рохер Каньястың да соққыларын қақшып түсіп отырды.

Әрине, ақтөбеліктердің де ілгері шығып кетер мүмкіндіктері болды. Әсіресе, Андерсон Сантананың сәл мүлт кеткен қауіпті соққысы ерекше есте қалды. Абат Айымбетов пен Данило Неко да астаналық қорғаушыларды зыр жүгіртіп бақты.

Рас, екінші таймның басында Фокси Кетевоама соққан доп жібек торды бүлк еткізді, алайда астаналық мерген ойыннан тыс қалған болатын. Бұдан соң ақтөбеліктер атқа мінді. Сондай сәттердің бірінде Данило Неко астаналық қорғаушыдан қағып түскен допты көбірек ұстап қалмағанда үш ұпай ешқайда қашып құтылмайтын еді. Ал Данило Сириноның соққысын қақпашы Ненад Эрич әзер қайтарып үлгерді. Ақыр соңында астаналықтар командасымен жаппай қорғануға мәжбүр болды. Бәлкім, ақтөбеліктер осы үдемелі екпінмен ойнай бергенде жеңіске де жеткен болар еді. Өкініштісі сол, бас төреші Денис Измайлов астаналық шабуылшы Бауыржан Жолшиевтің еркін қимылдауына еш мүмкіндік бермей қойған, ал Бауыржан мұны ойын ережесін бұзу ретінде көрсетуге тырысып баққан, ақыры сондай әрекеттердің салдарынан тым даулы «қызыл қағаз» алуға мәжбүр болған Андерсон Сантананың жасыл алаңнан қуылуы қонақтардың жанын сақтап қалды. Сол сәтте «Астананың» төрт бірдей футболшысына ескерту қағазы көрсетілуі кінәлі бір ғана біздің ойыншы емес екенін анық аңғартып тұрған жоқ па.

15-турдағы аса маңызды кездесу осылайша тең аяқталды. «Ақтөбе» жеке-дара көш бастаған қалпын сақтап қалды, ал «Астана» екінші орыннан бесінші орынға сырғып түсті.

«Ақтөбе»-«Астана» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Валерий Коробкин, Артурас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Данило Неко (Маркос Пиззелли, 67-минут), Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Сергей Хижниченко (Данило Сирино, 66-минут), Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 78-минут).

«Ақтөбе» футболшыларына 2 ескерту қағазы көрсетіліп, дөрекі мінезі үшін Андерсон Сантана жасыл алаңнан қуылды. «Астана» футболшыларына 6 ескерту қағазы көрсетілді.

Ақтөбе. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 3000 адам.

 

Басқа кездесулер

 

«Тараз»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Еркебұлан Тұңғышбаев, 5-минут (0:1).

«Оқжетпес»-«Қайрат» — 1:3

Гол авторлары: Лука Роткович, 24-минут (1:0); Жерар Гоу, 29-минут (1:1); Жерар Гоу, 38-минут (1:2); Жерар Гоу, 62-минут (1:3).

«Шахтер»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Қуаныш Ермеков, 90+4 минут (1:0).

«Атырау»-«Қайсар» — 2:1

Гол авторлары: Иван Иванович, 19-минут (1:0); Ян Вороговский, 45+1 минут (1:1); Антон Григорьев, 52-минут (2:1).

«Ертіс»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Константин Дудченко, 12-минут (1:0).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т        Ж          Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  15       9          6          0          18-6    33 

2 Атырау                 15       8          5          2          17-12  29

3 Ордабасы           15       7          7          1          15-7    28  

4 Қайрат                   15       8          3          4          29-11  27

5 Астана                   15       7          6          2          27-13  27

6 Оқжетпес               15       7          1          7          16-19  22

7 Тараз                     15       5          2          8          11-14  17

8 Тобыл                    15       5          2          8          13-22  17

9 Ертіс                      15       3          6          6          18-21  15

10 Қайсар                 15       3          6          6          10-15  15

11 Шахтер                15       2          2          11       8-26    8

12 Жетісу                  15       1          4          10       7-23    7

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

Тең соғылған доптар

 

Бұл турда қақпаларға 1, 3, 4, 10-турлардағы секілді 10 гол соғылды. Үш кездесу тура өткен турдағы сияқты 1:0 есебімен аяқталды.

Гол соғу жөнінен қонақтар мен алаң иелері итжығыс түсті (5:5).

Кездесулерде 34 ескерту қағазы көрсетілді, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды, 1 футболшы бір ойында үш гол соқты.

Кездесулерге 22 000 жанкүйер келді, орта есеппен әр ойынды 3667 адам қызықтады. «Атырау»-«Қайсар» ойынын 6500 жанкүйер тамашаласа, «Оқжетпес»-«Қайрат» кездесуіне келгендер саны — 1500.

Қатарынан сегіз тур бойы жеңіске жеткен «Ақтөбе» бұл турда тең ойынмен қанағаттанды.

Қатарынан алты рет ұтылған «Шахтер» жеңіске жетті. Бұл олардың чемпионат басталғалы екінші жеңісі.

«Атырау» қатарынан тоғыз тур бойы жеңіліссіз ойнап келеді.

«Қайрат» қатарынан үшінші рет жеңіске жетті.

«Оқжетпес» екінші кезең басталғалы бірінші рет ұтылды.

Сондай-ақ, әзірге жеңілмей келе жатқан жалғыз команда — «Ақтөбе».

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмағандар: «Ертіс», «Жетісу», «Шахтер».

Сырт алаңда ең көп (6 рет) жеңіске ие болған команда — «Ақтөбе».

Чемпионат басталғалы 90 кездесу өтті. 39 рет алаң иелері жеңсе, 26 рет қонақтар жеңді, 25 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 189 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,10 гол соғылды.

Алаң иелері 107 гол (әр ойында 1,19 гол) соқса, қонақтар 82 доппен (әр ойында 0,91 гол) жауап қайтарды.

Ең көп (24 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Мергендер көшін 17 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 3;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 2 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Данило Неко (шабуылшы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 8 ойында 3 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 8-3 доп айырмашылығымен 14 ұпай жинады. Сырт алаңдағы 7 ойында 6 рет ұтып, 1 рет тең түсті, 10-3 доп айырмашылығымен 19 ұпай жинады.

 

16-тур ойындары

 

Енді чемпионат ойындары екі аптаға үзіледі. Бұл кезеңде біздің ұлттық құрамамыз оқу-жаттығу жұмыстарымен бірге екі (іріктеу және жолдастық) кездесу өткізеді.

Ал 16-турдың кездесулері 20 маусым, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсар» командасымен кездеседі.

Бірінші айналымда бұл екі команда Ақтөбеде тең (0:0) ойнаған болатын.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Тараз»

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Тобыл» — «Атырау»

«Оқжетпес» — «Ертіс»

«Жетісу» — «Шахтер»

 

Еуро-2016

 

БІЗДІҢ ҰПАЙЫМЫЗ БІРЕУ ҒАНА

 

Еуропа-2016 чемпионатының іріктеу турнирі тағы да жанданады.

Ертең, 12 маусым күні Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңымызда Түркия құрамасын қабылдайды.

Бұған дейінгі бес кездесудің нәтижелері төмендегідей:

Қазақстан-Литва — 0:0

Голландия-Қазақстан — 3:1

Қазақстан-Чехия — 2:4

Түркия-Қазақстан — 3:1

Қазақстан-Исландия — 0:3

Бес ойыннан соң «А» тобында қазір 13 ұпаймен Чехия көш бастап тұр.

Екінші орындағы Исландияның 12 ұпайы бар.

Голландияның есебіндегі ұпай — 7.

5 ұпайды Түркия, 3 ұпайды Литва еншіледі.

Қазақстанның 1 ұпайы ғана бар.

Біздің құрамамыз бар «А» тобындағы ертеңгі тағы екі кездесу: Исландия — Чехия; Латвия — Голландия.

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button