Спорт

Жеңілмеген команданы жеңген «ақтөбе»

Премьер-Лига

 14-турдан соң қатарынан сегізінші рет жеңіске жеткен «Ақтөбе» өкшелестерінен алты ұпай алға озып кетті. Өйткені «Астана»-«Атырау» ойынында есеп ашылмаса, «Ордабасы» чемпионат басталғалы бірінші рет ұтылды, дәлірек айтқанда, өз алаңында «Ақтөбеден» ұтылды. Бұларға енді «Қайрат» жақындай түсті. Ал ойын кестесінде «Ертіс» пен «Қайсардың» орын ауыстыруынан басқалай өзгерістер болған жоқ. Сондай-ақ, алдағы турда алғашқы алтылықты ешкім қуып жете алмайтыны және анықталды.

Бұл турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасымен» кездесті.

Ойынның алғашқы бөлігі ақтөбеліктердің нақты мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалған таймына айналды. Әуелі Дидар Жалмұқан, одан соң Марат Хайруллин, сосын қайтадан Дидар, одан кейін екі рет Маркос Пиззелли, несін айтасың, біздің жігіттер стадионды дүр еткізетін сәттерді уыстан шығарып ала берді. Біресе дәлдік жетіспеді, біресе қақпашы мен қорғаушылар кесе көлденең тұра білді. Ал мұндай мүмкіндікке «Ордабасы» футболшыларының қолы жете қойған жоқ. Осылайша бұл таймда есеп ашылмады, ақтөбеліктер еш шабуылға нүкте қоя алмады.

Тек екінші таймның 49-минутында ғана жерлестеріміз қуана дем алды. Марат пен Дидар қатарласа қарсы шабуылға шықты да, кәнігі футболшы жас әріптесіне тамаша пас берді. Дидар қақпашыға жақындамастан шірене соққы жасады да доп жібек торға сүңгіп кетті — 0:1.

Бұдан соң алаң иелері есе қайыруға белсене кірісуі тиіс екендігі белгілі ғой. Бірақ Виктор Кумыковтың командасы қонақтарды тықсырып кетерліктей тосын әдіс ойлап таба алған жоқ, расына келгенде, тіпті әжептәуір абыржып қалды, қақпаларына тағы да гол енгізіп ала жаздады. Сөйтіп барып сәл ес жиған соң олар негізінен түрлі стандарттық жағдайларды пайдалануға тырысып бақты. Ал айып алаңының маңайынан айып добын орындау, алаң сыртынан доп тастау тәрізді қарбалас сәттердің опық жегізетінін жақсы білетін ақтөбеліктер ондай қауіпті жайттарды шапшаң сейілтіп отырды. Әйтсе де Стас Покатилов 84-минутта қақпамызды анық голдан сақтап қалғанын ұмытуға болмайды. Сол сияқты біздің футболшыларымыздың екінші таймда да есепті ұлғайту мүмкіндігін құр жіберіп алғанын ескермеске амал жоқ.

Осылайша «Ақтөбе» заңды жеңіске ие болды. Тіпті бұл жеңіске «Ақтөбе» ірі есеппен ие болғанда да ешкім бұл ұтыстың заңдылығына шек келтіре алмас еді. Айқын басымдылықты бұлайша толық пайдалана алмау біздің футболшыларымызға алдағы уақытта пайдалы сабақ болатын шығар.

«Ордабасы» биылғы чемпионатта алғаш рет осылайша жеңіліске ұшырады.

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 0:1

Голы  авторы: Дидар Жалмұқан, 49-минут (0:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Виктор Дмитренко, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан, Артурас Жулпо, Маркос Пиззелли (Данило Неко, 62-минут),  Асхат Тағыберген, Марат Хайруллин (Евгений Левин, 90+3 минут), Данило Сирино (Сергей Хижниченко, 73-минут).

«Ордабасы» футболшыларына 5 ескерту қағазы көрсетілді, «Ақтөбе» 3 ескерту қағазын алды.

Республикалық «Sports.kz» интернет-порталы бұл турдан соң да әдеттегіше он бір ойыншы мен бір бас бапкерден құралатын үздіктер командасын жасақтады. Бұл тізімдегі ақтөбеліктер: орталық қорғаушы Айоделе Аделейе, сол қанаттағы қорғаушы Андерсон Сантана, орталық жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан және бас бапкер Владимир Газзаев.

 

Басқа кездесулер

 

«Астана»-«Атырау» — 0:0

«Жетісу»-«Оқжетпес» — 0:1

Гол авторы: Лука Роткович, 30-минут (0:1).

«Қайсар»-«Шахтер» — 2:0

Гол авторлары: Сергей Струков, 34-минут (1:0); Эдин Юнузович, 57-минут (2:0).

«Қайрат»-«Тараз» — 2:0

Голдардың авторы: Жерар Гоу, 69-минут (1:0); Жерар Гоу, 86-минут (2:0).

«Тобыл»-«Ертіс» — 1:0

Гол авторы: Калу, пенальти, 29-минут (1:0).

31-минутта Пірәлі Әлиев («Ертіс») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                    14        9          5          0          18-6     32 

2 Астана                    14        7          5          2          27-13   26

3 Атырау                   13        7          5          2          15-11   26  

4 Ордабасы              14        6          7          1          14-7     25

5 Қайрат                    14        7          3          4          26-10   24

6 Оқжетпес                14        7          1          6          15-16   22

7 Тараз                      14        5          2          7          11-13   17

8 Тобыл                     14        5          2          7          13-21   17

9 Қайсар                    14        3          6          5          9-13     15

10 Ертіс                     14        2          6          6          17-21   12

11 Жетісу                   14        1          4          9          7-22     7

12 Шахтер                 14        1          2          11        7-26     5

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

«Ақтөбе»: үзіліссіз сегізінші жеңіс

 

Бұл турда қақпаларға чемпионат басталғалы ең аз доп — 7 гол ғана соғылды. Үш кездесу 1:0, екі кездесу 2:0 есептерімен аяқталды.

Екі турдан кейін қайтадан алаң иелері көбірек гол соқты (4:3).

Кездесулерде 30 ескерту қағазы көрсетілді, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды, 1 футболшы бір ойында екі гол соқты.

«Ақтөбе» қатарынан сегізінші тур бойы жеңіске жетті.

«Шахтер» қатарынан алтыншы рет ұтылды.

Сондай-ақ, әзірге жеңілмей келе жатқан жалғыз команда — «Ақтөбе».

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмағандар: «Ертіс», «Жетісу», «Шахтер».

Сырт алаңда ең көп (6 рет) жеңіске ие болған команда — «Ақтөбе».

Чемпионат басталғалы 84 кездесу өтті. 36 рет алаң иелері жеңсе, 24 рет қонақтар жеңді, 24 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 179 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,13 гол соғылды.

Алаң иелері 102 гол (әр ойында 1,21 гол) соқса, қонақтар 77 доппен (әр ойында 0,92 гол) жауап қайтарды.

Ең көп (21 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Мергендер көшін 14 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 3;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 2 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Данило Неко (шабуылшы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 7 ойында 3 рет ұтып, 4 рет тең ойнады, 8-3 доп айырмашылығымен 13 ұпай жинады. Сырт алаңдағы 7 ойында 6 рет ұтып, 1 рет тең түсті, 10-3 доп айырмашылығымен 19 ұпай жинады.

 

14-тур ойындары

 

15-тур ойындары 6 маусым, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астана» командасымен кездеседі.

Бірінші айналымда бұл екі команда Астанада тең (0:0) ойнаған болатын.

Басқа кездесулер:

«Атырау» — «Қайсар»

«Тараз» — «Ордабасы»

«Оқжетпес» — «Қайрат»

«Шахтер» — «Тобыл»

«Ертіс» — «Жетісу»

 

Төбедегі төртеу. Бірінші кездесу

 

Өткен сейсенбіде, 2 маусым күні Қазақстан Кубогы үшін болатын жартылай финал ойындарының бірінші кездесулері өтті.

«Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдады.

Бұл ойынның тағдыры бірінші таймда шешілді. 19-минутта Бауыржан Жолшиев, 38-минутта Біржан Құлбеков соққан қос голға жерлестеріміз қарымта жауап қайтара алмады.

Сөйтіп, «Ақтөбе» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Дегенмен қос бапкер — Владимир Газзаев та, Станимир Стойлов та мәселе келесі қарымта ойында шешілетінін баса айтты.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Арутрас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин (Сергей Хижниченко, 54-минут), Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко, Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан, Данило Сирино (Данило Неко, 54-минут).

«Қайрат» Қостанайда «Тобылмен» күш сынасты.

«Тобыл» да өз алаңында 0:3 есебімен жеңілді. Гол авторлары: Жерар Гоу (19-минут); Бауыржан Исламхан (60-минут); Исаэль (78-минут). Ал 14-минутта пенальти орындаған Жерар Гоу қақпашыдан айласын асыра алмады.

Қарымта кездесулер 23 қыркүйекте өтеді.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button