Спорт

«Ақтөбе»: мергендер тізімі ұлғайды

Премьер-Лига

 13-турдан соң «Ақтөбе» жеке-дара көш бастады. «Астана» екінші орынға көтерілді. «Оқжетпес» алғашқы алтылыққа қайтып келді. «Қайсар» бір саты төмендеп, 10-орынға тұрақтады.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Таразды» қабылдады.

Расын айту керек, әуелгі минуттардан бастап-ақ тараздықтар шегіншектеуді мақұл көрмеді, алаң иелеріне басымдық бермеуге тырысты, шабуылдар ұйымдастыруды ойластырды. Бірақ «Ақтөбе» өз тәсілінен бұл жолы да айныған жоқ. Бірте-бірте тізгінді қолға ала бастады. Сондай шақтардың бірінде, 18-минутта Данило Сирино мен Марат Хайруллин арқылы келген допты Маркос Пиззелли қарсыластар қақпасына қарай бағыттады. Осы тұсқа құлдырай жеткен Абат Айымбетов допты шірене тепті — 1:0.

Бұдан соң да ақтөбеліктер тыным тапқан жоқ. 28-минутта Пиззели соққан допты кері қайтарып үлгерген Александр Григоренко он минут шамасынан кейін Абат тура бағыттаған допты да қақшып түсті.

Екінші таймды да жерлестеріміз шабуылмен жалғастырды. Мысалы, Асхат пен Абат тиімді сәттерді пайдалана алмай қалды. Оның есесіне қонақтар есепті теңестіріп кетті. Рас, Тимур Досмағамбетов соққан допты біздің Стас Покатилов кері қайтарып үлгерген болатын, бірақ шапшаң жеткен Дмитрий Евстигнеев қосымша соққымен жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

«Ақтөбе» футболшылары сәл өкінгендері болмаса, тіпті де абыржыған жоқ. Арада екі-үш минут өтпей жатып біздің жігіттер қайтадан атқа мінді. 66-минутта Марат Хайруллин тастаған допты Асхат Тағыберген оңтайына келтіре өңдеп алды да, қарсыластар қақпасының сол жақ бұрышына лып еткізді — 2:1.

Бұдан соң есепті қайтадан теңестіру тараздықтардың қолынан келмейтіні белгілі болып та қалған еді. Оның үстіне 87-минутта Маркос бұрыштамадан тастаған допты шабуылшымыз Виктор Дмитренко баспен соғып, жібек торға және сүңгітті — 3:1.

Осылайша үш бірдей ойыншымыз биылғы чемпионаттағы өз есептерін ашты.

Ал бұл ойынға Данило Неко, Валерий Коробкин және Артурас Жулпа қатыса алмады.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 3:1

Голы  авторлары: Абат Айымбетов, 18-минут (1:0); Дмитрий Евстигнеев, 63-минут (1:1); Асхат Тағыберген, 66-минут (2:1); Виктор Дмитренко, 87-минут (3:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Виктор Дмитренко, Юрий Логвиненко, Дмитрий Мирошниченко, Андерсон Сантана, Асхат Тағыберген, Маркос Пиззелли, Марат Хайруллин (Алексей Антонов, 89-минут), Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 55-минут), Данило Сирино (Сергей Хижниченко, 78-минут).

«Ақтөбе» футболшыларына үш ескерту қағазы көрсетілді, «Тараз» екі ескерту қағазын алды.

24 мамыр. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 3000 адам.

Бұл екі команда Премьер-Лига ойындарында осымен 38 рет кездесті. 25 рет «Ақтөбе» жеңсе, 8 рет «Тараз» басым түсті, 5 кездесу тең есептермен аяқталды.

 

Басқа кездесулер

 

«Шахтер»-«Астана» — 0:4
Гол авторлары: Таңат Нөсербаев, 11-минут (0:1); Патрик Твумаси, 14-минут (0:2); Бауыржан Жолшиев, 73-минут (0:3); Алексей Щеткин, 90-минут (0:4).

«Жетісу»-«Қайрат» — 0:3

Гол авторлары: Бауыржан Исламхан, 16-минут (0:1); Жерар Гоу, 74-минут (0:2); Жамбыл Көкеев, 90-минут (0:3).

«Атырау»-«Ордабасы» — 1:1

Гол авторлары: Бранислав Трайкович, 73-минут (0:1); Александр Симчевич, автогол, 90-минут (1:1).

74-минутта Абдулай Диакате («Атырау») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

«Ертіс»-«Қайсар» — 4:2

Гол авторлары: Константин Дудченко, 25-минут (1:0); Константин Дудченко, 32-минут (2:0); Александр Кислицын, 41-минут (3:0); Эдин Юнузович, 49-минут (3:1), Константин Дудченко, 62-минут (4:1); Римо Хунт, 90-минут (4:2).

«Оқжетпес»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Лука Роткович, пенальти, 90-минут (1:0).

12-минутта Ильнур Мангуткин («Оқжетпес») ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  13       8          5          0          17-6    29 

2 Астана                  13       7          4          2          27-13  25

3 Атырау                 13       7          4          2          15-11  25  

4 Ордабасы             13       6          7          0          14-6    25

5 Қайрат                   13       6          3          4          24-10  21

6 Оқжетпес               13       6          1          6          14-16  19

7 Тараз                     13       5          2          6          11-11  17

8 Тобыл                    13       4          2          7          12-21  14

9 Ертіс                      13       2          6          5          17-20  12

10 Қайсар                 13       2          6          5          7-13    12

11 Жетісу                  13       1          4          8          7-21    7

12 Шахтер                13       1          2          10       7-24    5

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

«Ақтөбе»: үзіліссіз жетінші жеңіс

 

9-турдағы секілді бұл 13-турда да қақпаларға 20 гол соғылды. Екі кездесу ірі есептермен аяқталды — 4:0, 3:0. Чемпионат басталғалы 4:2 есебі бірінші рет тіркелді, ал 4:0 есебі бесінші рет қайталанды. Бір футболшы (Константин Дудченко, «Ертіс») бір ойында үш гол соқты. Бір пенальти белгіленіп, мүлтіксіз орындалды. Бір ойыншы өз қақпасына гол соғып алды.

Өткен турдағы секілді бұл жолы да қонақтар көбірек гол соқты (9:11). Чемпионат басталғалы екінші рет — 8-турдағы секілді бұл турда да — алты кездесу алты түрлі есеппен аяқталды.

Кездесулерде 27 ескерту қағазы көрсетілді, екі футболшы жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» қатарынан жетінші тур бойы жеңіске жетті.

«Шахтер» қатарынан бесінші рет ұтылды.

Сондай-ақ, әзірге «Ақтөбе» мен «Ордабасы» жеңіліске ұшыраған жоқ.

Сырт алаңда әлі де бірде-бір рет жеңіске ие бола алмағандар: «Ертіс», «Жетісу», «Шахтер».

Чемпионат басталғалы 78 кездесу өтті. 33 рет алаң иелері жеңсе, 22 рет қонақтар жеңді, 23 кездесу тең есептермен аяқталды.

Барлық кездесулерде қақпаларға 172 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,20 гол соғылды.

Алаң иелері 96 гол (әр ойында 1,23 гол) соқса, қонақтар 75 доппен (әр ойында 0,69 гол) жауап қайтарды.

Мергендер көшін 12 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

 

«Ақтөбенің» мергендері:

 

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 4 гол;

Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 2;

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 2 (1);

Данило Сирино (шабуылшы) — 2;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;

Данило Неко (шабуылшы) — 1;

Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,

Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;

Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;

Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 3 рет ұтып, 4 рет тең ойнады, 8-3 доп айырмашылығымен 13 ұпай жинады. Сырт алаңда 5 рет ұтып, 1 рет тең түсті, 9-3 доп айырмашылығымен 16 ұпай жинады.

 

14-тур ойындары

 

14-тур ойындары 29 мамыр, жұма күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен кездеседі.

Бірінші айналымда бұл екі команда Ақтөбеде тең (0:0) ойнаған болатын.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Атырау»

«Қайрат» — «Тараз»

«Жетісу» — «Оқжетпес»

«Тобыл» — «Ертіс»

«Қайсар» — «Шахтер»

 

Төбедегі төртеу

 

Алдағы сейсенбіде, 2 маусым күні Қазақстан Кубогы үшін болатын жартылай финал ойындарының бірінші кездесулері өтеді.

«Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдайды.

«Қайрат» Қостанайда «Тобылмен» күш сынасады.

Қарымта кездесулер 23 қыркүйекте өтеді.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button