Мереке

Мереке мен марапат

7 мамыр күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл, ауған және басқа да локальды соғыс ардагерлерін, әскери-патриоттық бағытта жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестік жетекшілерін салтанатты түрде қабылдады.

«City» мейрамханасында өткен шара барысында аймақ басшысы қарттарды  Жеңістің 70-жылдығымен құттықтап, 9 соғыс және еңбек ардагерін «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы мемлекеттік наградаларымен марапаттап, естелік сыйлықтарын табыстады.

— Жеңіс күні алыстағанмен, Отан қорғаушылар жасаған ерлік ешқашан жойылмайды, мәңгілік есте сақталады. Екінші дүниежүзілік соғысқа ақтөбелік 122 423 азамат қатысып, өкінішке қарай, олардың 36 мыңнан астамы елге оралмады. Биылғы Жеңістің 70 жылдық тойына 167 ардагер ғана қатысып отыр. Біздің міндетіміз — әр ардагерге қамқор болу, оларға құрмет көрсету.

Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада үлкен шеру өтті. Бұл шеру еліміздің Қарулы күштерінің даму деңгейін көрсетті деуге болады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында Қазақстанның қарулы күштерінің кәсіби деңгейі жоғары саналады. Бұл — Ұлт көшбасшысының кемеңгер саясатының нәтижесі.

Елбасының тапсырмасымен бүгін барлық облыста ардагерлерді ұлықтау, оларға құрмет көрсету  шаралары өткізіліп жатыр. Біздің облыс та бұл үлкен жұмыстан шет қалып отырған жоқ. Өңірде ардагерлерге 522 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық қолдау көрсетілді. Облыста бірінші рет «Даңқ аллеясы» күрделі жөндеуден өткізілді. Мереке қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Мәлкеждар Бөкенбаевтың мүсіні қойылды. Облыстағы Кеңес Одағы Батырлары атындағы көшелер жөндеуден өткізіліп жатыр. Ардагерлер толықтай баспанамен қамтамасыз етілді, қоғамдық көліктерде ардагерлеріміз тегін жүреді. Алдағы уақытта осындай жұмыстар жалғасатын болады, — деді аймақ басшысы А.Мұхамбетов.

Шара барысында облыс әкімі соғыс және еңбек ардагерлерінің кеудесіне мемлекеттік наградалар тақты. 90 жастан асқан майдангер Қалиолла Өренғұловқа пәтер кілті табысталды.1942 жылы Орынбор облысы Ақбұлақ мекенінен соғысқа аттанған ақсақал алдымен Тоцк әскери лагерінде 2-3 ай байланысшы кәсібін игерген. Содан бірден Курск майданына түскен жауынгер Украина, Беларусь, Балтық жағалауы елдеріндегі шайқастарға қатысқан. Соғыс аяқталған соң Манчжурияны басып өтіп, Жапон соғысына қатысып, елге 1947 жылы ғана оралған. Екі қыз, бір ұл өсірген майдангер әйелі мен ұлы бақилық болған соң Ақтөбедегі қызының қолына келген. Мереке күні аймақ басшысы қолынан пәтер кілтін алған ардагер өзіне көрсетіліп жатқан құрметке риза екендігін айтты.

Салтанатты шара кезінде облыс басшысы Архимед Мұхамбетов тыл ардагері, Ақтөбе журналистикасының ардагері Нұқы Қартбайұлын 80-ге толған туған күнімен құттықтады. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын тапсырып, өз атынан ақсақалдың иығына шапан жапты.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button