Мереке

Мейірімді медбикелер

Мереке

 12 мамыр — Халықаралық медбикелер күніне орай Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда салтанатты жиын өтті. Шараға облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек ететін медбикелер қатысты.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев медбикелерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Мемлекет басшысы медицина қызметінің сапасын арттыруға баса назар аударды. Осы бағытта облыста  бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Жаңа емдеу нысандары бой көтеріп, замануи техникалық құрал-жабдықтармен жарақталды. Орта буын медицина қызметкерлері де жаңа заманғы әдістерді меңгеріп жатыр. Қазіргі күні облыста жеті мыңға жуық орта буын медицина қызметкері бар. Науқастарды сауықтыруға қатысты жұмыстың сексен пайызы медбикелерге жүктеледі. Сондықтан халық денсаулығын жақсартуда сіздердің еңбектеріңіз орасан зор, — деді басқарма басшысы.

Жалпы аталған мереке  әлемдегі алғаш қайырымдылық қорын құрып, медбике ісінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі ағылшын әйелі Флоренс  Найтингейлдің құрметіне өткізіледі. Ф.Найтингейл ХІХ ғасырдың басында орын алған Қырым соғысында жараланғандарды күту үшін арнайы қызмет ұйымдастырып, медбике ісінің негізін қалады. Кейін медбике  атындағы халықаралық қор оның  құрметіне орай туған күнін халықаралық медбикелер күні ретінде  атауды ұсынды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мереке біздің елде де кеңінен атап өтіле бастады.

Жиында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университенің медицина орталығының аға медбикесі Ботагөз Ордабаева соғыс жылдарындағы медбике қызметіне тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады. Бұдан соң Әсет Қалиев бес медбикеге облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, бес медбике Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың Алғыс хатына ие болса,  үш медбике облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Ал жеті медбикеге  Ақтөбе медициналық колледжінің сексен жылдығына арнаған медаль табыс етілді.  Бірқатар медбике Қызыл Ай қоғамының Алғыс хатына ие болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен 16 медбике марапатталды.

Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған Ақтөбе қаласындағы «Ардагер» емханасының аға медбикесі Ермек Атағұлова еңбегінің еленгеніне қуанышты екенін айтты.

—  Отыз жылға жуық осы салада қызмет етіп келемін. Алғашқы еңбек жолымды Ойыл ауданының Жетікөл ауылынан бастадым. Кейін аудандық ауруханада еңбек етсем,  2003 жылдан бастап «Ардагер»  емханасында жұмыс істеймін. Медбике жұмысы күрделі әрі жауапты іс. Науқастың сауығып кетуі үшін бар күшімізді саламыз. Осы уақыт ішінде талай адамның денсаулығының түзелуіне  ықпал еттім. Еңбегімнің еленгеніне ризамын, — дейді аға медбике.

Ойыл аудандық ауруханасының терапия бөлімінде отыз жылға жуық жұмыс істеген Риза Төңірекбаева да қуанышын бізбен бөлісті. Қызыл Ай қоғамының Алғыс хатына ие болған медбике 29 жыл бір жерде жұмыс істегенін мақтанышпен айтады.

Медбике қызметі — күрделі болса да құрметке лайық. Отыз жылға жуық еңбек жолымда талай адамның алғысына бөлендім. Осы мамандықты таңдағаныма ризамын, — дейді ол.

Марапаттан кейін мерекелік концерт жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар ән шырқап, би биледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button