Мереке

5 мың адам жүгірді

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Сенің марафоның — сенің жеңісің» атты жарыс өтті.

Марафонға мектеп оқушылары, жастар және қала тұрғындары, яғни барлығы бес мыңға жуық адам қатысты. Мереке күні қатысушылар таңғы сағат сегізде  Әбілқайыр хан ескерткішінің алдына жиналып, сап түзеді. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева жиналғандарды мерекемен құттықтады.

—  Бұндай жарыс қаламызда көптен ұйымдастырылып отыр. Мақсат — жастар мен балалардың спортқа деген құлшынысын арттыру, тұрғындар арасында бұқаралық спорт түрін дамыту. Спортпен шұғылданған жастың денсаулығы мықты болатыны анық. Сондықтан сіздерді  спортпен жиі айналысып жүруге шақырамын, — деді қала әкімінің орынбасары.

Жарысқа қатысушылардың ынтасы өте жоғары болды. Мәселен, қаладағы №30 мектептің мұғалімі Алтын Амантайқызы жоғары сыныпта оқитын елу оқушы жарыс өткізілетінін естіген кезде қатысуға өздері құлшыныс білдіргенін айтты. Жалпы, бұл шараға тек қана мектеп оқушылары емес, мекемелер мен ұйымдардан және жоғары оқу орындарынан да қатысқандар көп болды. Тіпті зейнеткерлер де жарыстан тыс қалмады. Сондай-ақ, марафонға «Сужан» серіктестігі мен «World klass» фитнес клубы және «Ридик», «Мәулен» спорт кешендері қолдау білдірді. Жарыстың талабы бойынша ерлер 21 шақырымға, әйелдер — 10, ал жаппай бұқаралық жүгіру 3 шақырым қашықтықта болды. Үш шақырымға жүгіргендер «Айна» сауда үйінің алдынан бастап Тұңғыш Президент атындағы саябаққа дейін келсе, 21 шақырымға жүгіретіндер «Бриг» ойын кешені мен «Қазхром» ғимараты және орталық саябақты айналып өтті. Марафонды Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, гір тасын көтеру спорты бойынша 12 дүркін әлем чемпионы және 20 дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері Евгений Гончаровтың өзі бастады. Алғашқыда қатысушылардың қарқыны күшті болғанымен, жарыстың орта тұсында қатардан шығып қалғандар көп болды. Тіпті Сазды аялдамасына жетпей ентігіп қалған жастар да кездесті.

Марафон жеңімпаздары ерлер мен әйелдер арасында жеке-жеке анықталды. Жеңімпаздарды Тұңғыш Президент атындағы саябақта қала әкімі Ерхан Омаров марапаттады. Қала әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтады. Бұдан кейін  орын алғандарға қаладағы фитнес клубтарға бір айлық тегін абонементтерді  сыйға тартты. Ең жас және ең егде жастағы желаяқтар да жүлдесіз қалмады. Жаппай жүгіруден мәре сызығына бірінші болып жеткендерге  спорт клубына бір күн тегін жолдама берілді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button