Мереке

И.Цыба: «Қазақстан — менің отаным»

«Қазақстан — менің Отаным, дүниеге көзімді ашқан туған жерім. Мен Ақтөбе облысы, Мәртөк поселкесінде дүниеге келдім», — дейді украин ұлтының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалының мүшесі Ирина Цыба. 1956 жылы туған Ирина орта мектепті сол Мәртөкте тәмамдады. Институтты аяқтағаннан соң да алғаш қызметке тұрып, зейнетке шыққанға дейінгі ғұмырын Мәртөкке арнады.

Оның ата-бабасы — сонау қиын-қыстау кездерде Орталық Ресей аудандарынан Қазақстан жеріне қоныс аударғандар.

— Әкем 1927 жылы Ресейдің Бурлык деген жерінде туыпты, содан кейін сол 30-шы жылдары тағдыр олардың маңдайына Қазақстан жеріне көшіп келуді жазған екен. Мүлде танымайтын, білмейтін бөгде бір жерге келеді. Сол кезде қазақтар оларды «жатсың» деп көкірекке итермеді, керісінше құшақ жая қарсы алды, — дейді Ирина Цыба ата-бабасының қазақ жеріне алғаш келу тарихын еске алғанда.— Сол кездердегі жағдайды күні кеше Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әсерлі етіп айтып берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяндық кітаптарынан оқып білгеніміздей, оның отбасы көшіп келгендермен соңғы нанын бірге бөліскен.

Елбасы айтқандай, ата-бабаларымыз алыс жолдан арып-ашып, қоныс аударып келген жандармен үйлерін, тамағын бөлісті. Көшіп келушілердің балалары жат жерге алғаш аяқ басқанда айналасына үрке, қорқа қараған еді. Жергілікті халықтың жан жылуын сезінгесін барып, үйренісіп, бауыр басты жаңа мекенге.

Ирина алғашқы қызметін Мәртөк аудандық комсомол комитетінде бастады. Бірнеше жыл тапжылмай жұмыс жасады, сосын аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылды. Одан кейін 15 жыл қатарынан аудандық газетте қызмет етті: хаттар бөлімі меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Аудандық газеттің «Ленинский путь», одан «Мартукские новости» және соңғы «Мәртөк тынысы» болып өзгеріп, қайта құрылған кездеріне куә болды. 2003 жыл болуы керек, аудандық әкімдіктерде ішкі саясат бөлімдері ашыла бастаған кезде аудан әкімі оны өзіне шақырып, «Комсомолдағы күндеріңді есіңе түсір де, жұмысқа кіріс!» деп жауапты қызметті мойнына жүктеген еді. Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы қызметін 2007 жылға дейін абыроймен орындады. Одан кейін бес жыл бойына Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. Ирина 2011 жылы аудандағы Достық үйінің меңгерушісі болып тағайындалды.

— Облысымызда алғаш болып Достық үйін ашқан аудан — Мәртөк ауданы. Біз мұны мақтанышпен айтамыз. 2007 жылы сол кездегі аудан әкімі Серік Ботағариннің бастамасымен ауданымызда 8 этномәдени бірлестік құрылды. Олар жұмыс істей бастады. Бірақ оларға тұрақты мекен тауып беру керек болды. 2010 жылы поселкедегі бұрынғы кинотеатр ғимаратын жөндеуден өткізіп, Достық үйін аштық, — дейді Ирина.

Ирина Цыба биыл үшінші мәрте Ассамблеяның сессиясына қатысу мәртебесіне ие болды. Ол шамамен 1500 адамның басын қосқан Ассамблеяның XXII сессиясынан ерекше сезіммен оралғанын айтады. Оған сессиядағы Президенттің әсіресе халықты адамгершілікке, Қазақстанда салтанат құрған түрлі ұлттар арасындағы достықты, татулықты қорғауға шақырған сөздері әсер етіпті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Қазақстандағы барлық ұлттардың бір-біріне, оның ішінде қазақтарға «Алғыс айту күні» деп атау жөніндегі Елбасы ұсынысын қуанышпен қабылдағанын жасырмайды. Ол бұл күннің мейірімділік және махаббат күніне айналатынына сенеді.

— Қазақтардың кеңпейілдігі, қонақжайлығы шынымен де айтуға тұрарлық нәрсе. Түрлі мемлекеттерге барып жүрмін, анда-санда Мәскеуде тұратын қызыма қонаққа барамын. Бірақ мұндай қонақжайлық басқа жерде жоқ, — дейді ол.

Ирина күні кеше орын алған қызық бір жайтпен бөлісті. 26 сәуірде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына Ресейден келген байқаушылармен бірге жүріп, қаланы аралатады. Қаламыздың көрікті жерлерін көрсетіп жүріп, мешітке де бас сұғады.

— Сол кезде мешітке неке қидыруға келген үш жас жұбайды көрдік. Әрине, оларды құттықтадық. Олар, яғни 3 жұп та «Біздің тойға келіңіздер, қонағымыз болыңыздар!» деп бізді, өмірінде алғаш көрген бөгде жандарды өз тойларына шақырды. Мұны естіген Ресейден келген меймандардың таңданысында шек болмады. «Қалайша еш танымайтын адамдарды үйлеріне қонаққа шақырады? Біз мұндайды өмірде алғаш рет көріп тұрмыз» дейді жамыраса. Мен оларға «Бұл —қазақ халқының ділі, мәдениеті, олар қонаққа шақырып қана қоймайды, төрлеріне отырғызып, шын ықыластарымен қызмет көрсетеді» дедім мақтанышпен, — дейді Ирина Цыба.

 

Қуат МҰҚТАР.

 

 

Ортақ шаңырақ

 

Галиябану Гибадулинаның ұлты — татар. Ойыл өңірінде туып-өскен ол халқымыздың ұлттық тағамы — тары қуырудың шебері. Кейіпкеріміз татардың ұлттық салт-дәстүрімен қатар қазақтың ұлттық құндылықтарын да жоғары бағалайды.

Ата-әжем Қазанда тұрған. Кейін Ойылдың Саралжынына қоныс аударыпты. Туыстарымның көбі сол жақта тұрады. Бала кезімде әкем Гильметдин мен шешем Майшарап Қазанға барып келетін. Бірақ ондағы ағайындарым туралы ешқандай дерек  білмеймін. Оларды іздегім келеді, — дейді Галиябану Гильметдинқызы.

Кейіпкеріміздің жасы — 68-де. Жүріс-тұрысы ширақ. Жолдасы Атапкелді екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріпті. Олардан 9 немере сүйіп отыр.

Ойылдағы автобазада 30 жыл бойы диспетчер болып еңбек еттім. Жолдасым Атапкелді көлік жүргізушісі болды. Ақтөбеге 1995 жылы қоныс аудардық, — дейді Галиябану Гильметдинқызы.

Ол ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ жерінде тұрып жатқанына қуанады.

Кең, байтақ қазақ елінде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері ұйысып, тату-тәтті тірлік етіп жатыр. Татулық пен тұрақтылықты ту еткен қазақ жері — біз үшін құт мекен.

Биыл қазақ елі үшін ерекше жыл. Қазақ хандығының — 550, Ұлы Жеңістің — 70,  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың  20 жылдығын ел болып тойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы — еліміздегі тұрақтылық пен мызғымас бірліктің кепілі. Ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтып, ынтымағымызды дәріптеу барша қазақстандықтардың  ортақ мақсаты деп білемін, — дейді кейіпкеріміз.

Ол әңгіме барысында ұлттық тағамымызды дәмді етіп дайындайтынын айтады. Әсіресе, тары қуырғанды жаны сүйеді екен.

Тары қуыру — сүйікті ісім. Тары салу — шикі тарыны қайнату, шаю, қуыру, суыту, қаралау, елеу, ақтау, кебегін ұшыру сияқты бірнеше бөліктен тұратын ұзақ процесс. Тарыны күйдіріп алмау керек. Әйтпесе барлық еңбегің зая кеткені. Сол себепті тарыны қуырғанда оттың қызуы бірқалыпты болуы тиіс. Тары қуыруға көбіне ағашты пайдаланамын.

Тары — өте пайдалы дақыл.  Қазақ халқы: «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп бекер айтпаған. Тарыдан жасалған тағамдар адам ағзасына күш-қуат беріп, иммунитетті көтереді. Ұзақ аурудан әлсіреген кісіні ашыған көжемен көтерген. Тары көже әрі сусын, әрі  тамақ болады. Бір кесе сүтке тары  бөктіріп жеген адам күні бойы тоқ жүреді. Тарының құрамы микроэлементтерге бай. Дақылдың бұл түрі құндылығы, дәмділігі жағынан арпа мен сұлы жармасынан асып түседі. Тары асқазан-ішек жолдарының, бөтекенің жұмысын жақсартып, ағзадан шлактарды шығаруға сеп. Бауыр ауруына да ем. Қыздырып басқан тары ісік­ті басып, тіс ауырғанды тоқтатады. Құрамында темір мен С дәрумені көп болғандықтан тары  қан қысымын реттейді.  Бұл дақыл сүйекті, тырнақты, шашты қатайтып, жарақаттың тез жазылуына септігін тигізеді, — дейді Галиябану Гильметдинқызы.

Ол тарының дәні ғана емес, сабаны да пайдалы екендігін айтады.

—  Ауылда тұрған соң мал ұстаймыз ғой. Содан білетінім, тары сабанының сапасы көктемдегі көк майсадан кем түспейді. Тары сабанында дәрумендер мол болғандықтан мал сүйсініп жейді. Ойылда тұрғанда үйде біраз тауық та болды. Тауықтардан көп жұмыртқа алу үшін оларға  тарыны көбірек беретінмін. Өйткені шикі тарыны жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Оның үстіне, жұмыртқаның қабығы қатты болады әрі ұзақ сақтауға да сеп, — дейді кейіпкеріміз.

Галиябану Гильметдинқызы қонақ келгенде қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге татар халқының тағамдарын да дастарқанға қоятынын айтады.

Татарлардың сүйікті асы — бәліш. Сол себепті қонақ шақырғанда дастарқанда міндетті түрде  бәліш пен шәк-шәк қоямын. Мен пісірген салманың да дәмі тіл үйіреді. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары —  құрт, сүзбе, ірімшік, балқаймақ, тары, талқан да дастарқанға қойылады. Өзім қуырған тарыдан жент жасаймын, — дейді Галиябану Гильметдинқызы.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Т.Ширяева: «қазақ — жылағанда жұбата алатын халық»

 

19 жастағы орыс қызы Тамара Ширяева қазақшаға судай. Тіпті «Абай оқуларына» қатысып, қалалық байқаудан жүлделі орын алып, Алматыда өткен республикалық байқауға да қатысқан. Менімен сөйлескенде Абайдың «Жүрегім, нені сезесің» өлеңін жатқа оқып берді.

… 5 жасында ата-анасынан тірідей жетім қалды. Ет жақыны бауырларының бірі ойда, бірі қырда. Ата-анасы алыста…

19 жастағы қаршадай қыз бізге өз өмірі туралы баяндап берді:

Хромтауда туып-өстім. 2000 жылдары жағдай қиын болды-ау деймін, ата-анам бізді — мені және бауырларымды бір дүкенге тастап кетті. Дүкенде ата-анамызды күте-күте шаршадық. Содан соң бізді бір ағалар Хромтаудағы «Ақбөбек» лагеріне апарып тастады. Онда біз шамалы уақыт болып, үйге қайтатын шығармыз деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты. Ата-анамыз келмеді. 10 күн, 15 күн, бір ай, бір жыл… уақыт өте берді. Бір-бірімізге сүйенген бес баланың, бес бауырдың күндері солай жаслғаса берді. Сол уақытта 9-сынып бітірген ағам Руслан оқуды қойып, жұмысқа тұрды. Сіңлім Наташа екеумізді Хромтауда ашылған он балалық отбасылық балалар үйіне, інім Гришаны Алғадағы балалар үйіне жіберді. Інім Миша туғаннан сал боп туды, ол біраз жылдан бері  Алматыда ем алып жатыр. Ал құндақта қалған сіңлім Виканы америкалықтар асырап алды. Мектепте оқып жүргенімде үнемі «Аяз ата, менің інімді қасыма әкеліп берші» деп хат жазатынмын. Бір күні Алға балалар үйіндегі інім Гришаны қасымызға алып келді. Содан бері Наташа, Гриша үшеуміз біргеміз. Ағам үйленіп, отбасын құрып кетті, — дейді Тамара.           

Қазір Тамара Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің оқушысы. Оқуға Сара Назарбаеваның гранты бойынша түскен ол Алматыда оқудан бас тартып, Ақтөбеде білім алуды дұрыс деп тапты. Бауырларының жанында болғысы келді.  Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игеріп жатыр. Аяққа тұрып, соңына ерген бауырларына қамқор болуды армандайды.

Мен ата-анама ренжімеймін. Бәлкім, сол кезде бізді баға алмаған шығар, бәлкім сол кезде қиын жағдайлар болған шығар. Олар қазір Алға ауданындағы бір ауылда тұрады. Кейде хабарласамыз. Балаларын қолына ала алмайды, себебі ата-аналық құқынан айырылған. Дегенмен аяққа тұрып, адам болған соң, ата-анама қамқор болғым келеді, — дейді Тамара.

Тамара «Ақбөбек» лагеріне барған кезде бір ауыз қазақша білмегенін айтады. Сол уақыттағы сынып жетекшілері мен тәрбиешілерінің арқасында қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алған.

Достарым да, қамқорлығына алып, бауырына басқан апай-ағайларым да қазақтар. Жалпы, тарихқа қарасақ, қазақ ұлты — сонау соғыс жылдарында, одан кейінгі кездері де қоныс аударылып келген талай ұлт өкілдеріне қамқор болған жанашыр ұлт. Бейбіт заманда да жылағанды жұбата алатын ұлы халық екенін айтқым келеді. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтті. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев керемет айтты: «Өткен ғасырда әлем бойынша ешбір ұлт немесе ешбір ел қазақ халқы бастан кешкен қайғы-қасіретті көрген жоқ. Ұлттық ділінің мықтылығының, төзімділік қасиетінің беріктігі арқасында біздің ұлтымыз сондай қиындықтарға мойымады. Сондықтан біз қазақ халқының алдында қай кезде қалай тағзым етсек те жарасымды болмақ» деді.  Қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан «Қазақ ұлтына тағзым күні» болғаны дұрыс деп есептеймін, — дейді Тамара.

Тамара осы кезге дейін қамқор болып келе жатқан Жеміс Амангелдіқызы, Гүлнәр Әбденова, Жайнагүл Шаштығарина сынды ұстаздарына алғысын білдірді.  Колледжде сабақ беретін Жайнагүл апайының тәлімгерлік етуімен бірнеше байқауларға қатысқан. «Абай оқуларынан» жүлделі орынға ие болған. Абайдың отызға жуық өлеңін жатқа білетінін айтады.

Хромтаудағы інім де, сіңлім де «Абай оқуларына» қатысып тұрады. Кейде бір байқауға олар Хромтаудан, мен Ақтөбеден қатысамыз.  Бауырларыммен өзара қазақ тілінде сөйлесеміз, қазақ ақындарының өлеңдерін айтып жарысатын кездеріміз болады, — дейді Тамара.  

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button