Мереке

Ыстық бауырсақ

Қазір қасиетті Қобда жерінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олар бір-бірімен тату. Бір шаңырақтың астында баянды ғұмыр кешіп жатқан қазақ жігіті Тимур мен украин қызы Ольганың отбасына бүгінде жұртшылық қызыға қарайды.

Интернационал отбасының қожасы Тимур Қойбағаров мамандығы бойынша — тарихшы. Ол жұбайы Ольгамен Қарағанды ауылында танысқан. 2000 жылы Тимур осы ауылға тарих пәні мұғалімі ретінде қызметке орналасады. Сөйтіп, бір кеште Ольгамен танысады. Кейін достықтың арты махаббатқа ұласып, екі жас шаңырақ көтереді.

Біздің отбасын құру туралы шешімімізге ата-аналарымыздың тосырқай қарап, екіұдай көңілде болғаны рас. Қазақ пен украин ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарында титтей де болсын ұқсастық жоқ. Сол жағынан ата-аналарымыздың іштей қиналып, қынжылыс білдіргендерін сезсек те, екеуіміз шаңырақ көтеруге бел байладық. Сөйтіп, 2001 жылы ресми түрде некеміз қиылды. Қазір тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Отбасымызда ұлтқа бөліну деген атымен жоқ — дейді Тимур.

Қазір Тимур мен Ольганың шаңырағында дүниеге келген Альбина мен Арман қазақы тәрбиені бойларына сіңіріп, өсіп жатыр. Ольгадан қызының есімін неліктен Альбина деп қойғанын сұрағанымызда ол: «2002 жылы телеарналар «Альбени» деген шоколодты жарыса жарнамалады ғой. Қызымыздың өмірі сондай тәтті, сүйкімді болсын деген ниетпен есімін Альбина қойдық », — деп жауап берді.

Бүгінде екі жастың отбасына қонақ көп келеді. Әсіресе, тума-туыстары мейрам күндері көбінесе осы шаңыраққа жиналады. Бұл кезде Ольга өз қолымен дайындаған небір түрлі тәтті тағамдарды дастарқанға қояды. Қазақтың ұлттық тағамы — бауырсақты пісіруді де ұмытпайды.

Жұма сайын  жеті шелпек пісіріп, көрші-көлемге таратамын. Балаларым бауырсақты өте жақсы көреді. Әсіресе, майдан шыққан ыстық бауырсақты сүйсініп жейді, — дейді  Ольга.

Ольга украиндардың ұлттық киімдеріне, салт-дәстүріне де ерекше құрметпен қарайды. Оның айтуынша, украиндар өз ұлттық киімдерінде  этнографиялық ерекшеліктерін қатаң сақтайды.

Қазақ халқының қыздары ертеде ұлттық ою-өрнектер безендірілген әшекейлерді тағып жүрген. Бұл дәстүр қазір де сақталған. Сол сияқты, украин қыз-келіншектер де әшекей заттарға құмар. Әсіресе, олар білезік, сырға, сақина, моншақ, монеталы алқа секілді әшекей бұйымдарын тағуға әуес. Бастарына ақ орамал, яғни «намітка», баскиім сыртынан байланатын «очіпка» киген. Мұндай киімдерді киетін украин әйелдерін әлі де жиі кездестіремін, — дейді Ольга.

Ольга өз отбасында украиндардың ұлттық тағамдарын да әзірлеуді ұмытпайды. Ынтымағы жарасқан, берекелі тірлік кешіп жатқан шаңырақтың мүшелері қазақ келіні Ольганың қолынан шыққан қай тағамды да сүйсініп жейді.

 

                                                                                                 Гүлшат СИНГАРАЕВА,

Қобда ауданы.

 

 

Галинаның әні

 

Ақтөбе қаласындағы байланыс операторларының бірінде қызмет ететін Галина Третьяк қазақ тіліне бала жасынан судай. Украин қызы ниет болса, мемлекеттік тілді аз уақытта-ақ меңгеруге болатынын айтады.

— Осы өңірде туып-өстім. Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің түлегімін. Қазіргі таңда Ресей Федерациясындағы Поволжск технологиялық университетінде сырттай білім алып жатырмын, — деп әңгіме тиегін ағытқан бойжеткен ата-анасының екеуі де украин екенін, бірақ бұл оның қазақ тілін үйренуіне кедергі бола алмағанын қосты. Оның ойынша, Қазақ елінде тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі міндетті. Өйткені жыл өткен сайын қазақ тілін меңгерген кез келген жастағы адамға көзқарас та бөлек, жұмыс орнында да оған әлдеқайда жеңіл. «Соңғы бірер жылда барлық құжаттар тұтастай мемлекеттік тілге көшті ғой» дейді сөз арасында кейіпкеріміз. Ал «қазақ  тілін қалай үйрендің?» деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді:

— Оп-оңай! Себебі ұлтым өзге болса да, мені қоршаған ортам негізінен қазақтардан тұрады ғой. Көршілерім, құрбыларым, таныстарым — қазақ. Әрі-беріден соң, қазақтардың жерінде мекен етіп жатқаным бар. Осыдан кейін бұл тілді қалай білмейсің?! Содан болар, кішкентай кезімнен мемлекеттік тілді аз-аздап меңгере бастадым. Қазіргі таңда қазақ тілін ұлты қазақ достарымнан артық білмесем, бұл жағынан осалмын деп айта алмаймын.

Көңілі көлдей қазақ ұлтымен тату-тәтті, басқалар сүйсінерліктей достықта болғаныма өзімді шексіз бақытты санаймын. Әйтпесе қазірде қаншама ел өзара келіспей, оның соңы соғысқа ұласып, ауыр күндерді бастан өткеріп жатыр?! Алысқа кетпей-ақ, Ресей мен Украина арасындағы дау-дамайларды айтайықшы. Қандай қорқынышты! Шүкір, біздер ел Президентінің сарабдал саясатының арқасында бейбітшілікте, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл да біле білгенге бір бақыт!

Галинаның сөзінің жаны бар, оның қазақ тілін білудегі қарым-қабілеті таңдай қақтырарлық. Себебі жас байланысшы 2012 жылдан бастап облыстық, қалалық «Абай оқулары» байқауларына тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ұлы ақынның өлеңдерін жатқа соғатынын айтпағанда, ол Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған әндерді де бір адамдай тамылжыта орындауға шебер. Осы орайда украин қызының бұл қыры бөлек бір мақалаға сұранып тұрғанын келтіре кетейік. «Шіркін, Абайдың әрбір қара сөзінің өзі үлгі-өнегеге тұнып тұр ғой», — деген Третьяк, сондай-ақ, «қазақ поэзиясының мұзбалағы» атанған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығымен етене таныс екенін, жоғарыда аталған екі ақынның кітаптарын жастанып оқитынын тілге тиек етті.

Қазақ, украин, орыс, ағылшын тілдерін білетін Галина Владимирқызы ұлттық мейрамдарды айрықша жақсы көреді, әсіресе, Наурыз мейрамының мән-маңызы — ол үшін айтарлықтай. «Ұлыстың ұлы күнін жыл сайын ерекше сән-салтанатпен қарсы аламыз. Әрі бұл күні қазақы ою-өрнекпен көмкерілген әсем киімдерімізді киеміз. Оған сәйкестендіріп алған сырға-сақиналарымыз, білезіктеріміз және бар. Оның барлығы қалай көз тартатынын білсеңіз ғой. Осыдан-ақ мерекенің өзіндік «иісі» сезіледі. Жалпы, жыл басы — Наурыздың жөні бөлек қой», — деп ағынан жарылды бикеш.

Орайы келгенде әңгімелесушімізден қазақтың ұлттық тағамдарын жасауға ебі бар-жоғын сұрағанымызда, дем арасында одан мынадай жауап алдық: «Әлбетте, жасамағанда ше, кішкентай қыз емеспін ғой… Қазақша етті асамын, бауырсақты пісіремін, наурыз көже дайындаймын. Тамақтың түр-түрін әзірлей аламын. Мақтанғаным емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ырым-тыйымдарын да бір адамдай білемін».

Негізінен, мемлекеттік тілді түзде жүргенде, яғни достары мен қызметтестерінің ортасында қолданатын Галинаның түрлі ұлт өкілдері арасында жора-жолдастары көп. Табиғатынан қарапайым, елгезек һәм қағылез қыз баланың бойындағы осынау қасиеттер оны әлі талай биіктерге жетелейтініне сеніміміз кәміл.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button