Мереке

А.Югай: «депортацияланған ұлттың өкіліміз»  

— Бұл мейрам сізге несімен қымбат?

— Халықтар бірлігі деген сөздің мәнін түсінетін жастамын, бізге ең қымбаты — ауызбіршілігіміз, елдегі тыныштық. Ел тыныштығы бір шайқалып кетсе, оның арты неге апарып соғатынын қазір елдің бәрі көріп-біліп отыр. Осы күніміздің қадірін білсек екен.  Сол үшін де Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяның да авторы — Елбасы, биыл оның 20 жылдығы кеңінен атап өтілді.

Көпұлтты Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттың өкілдерінің өкпелері жоқ деп ойлаймын, тарихын білем десе де, тілін үйренем, өнерімді дамытам, ұлтыма тән кәсібіммен айналысам, қызмет сатысымен өрлеймін десе де,  жолдары ашық.  Мәселе ұлтта емес, бәрі жеке адамның өзіне байланысты. Қазақстандағы барлық ұлттар өзара татулықтың арқасында тыныш, бейбіт өмір сүріп жатыр. Мысалы, өзім туралы айтсам, Алматыдағы музыка колледжін, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірдім. Халық артисі Роза Жамановадан, кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Виктория Шаплыкодан тәлім алдым. А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде оқытушымын, филармонияда әншімін, тек қана қазақтар ғана емес, басқа ұлттармен де тығыз қарым-қатынаста қызмет істейміз, қашанда бір-бірімізге жарқын жүзбен қараймыз. Осының бәрі еліміздегі тұрақтылыққа байланысты қол жеткен несібелер екенін айтқым келеді.

Қазақстан кәрістері ассоциациясының Ақтөбе филиалында вокалистер ансамбліне жетекшілік етемін. Кәрістердің тарихына, мәдениетіне, өнеріне қызығушылық танытатын қазақ жастары көп, жоғары оқу орындарының студенттері, лицей оқушылары қатысады.

— Сізге  Қазақстанға 1937 жылдары Қиыр Шығыстан депортацияланған кәрістердің  тағдыры таныс шығар?

— Әрине. Мен өзім Ақтөбе облысы, Темір ауданы, «Победа» кеңшарында дүниеге келгенмін. Ал атам Николай Дуенович сол кеңшардың директоры екен, әжем мектепте сабақ берген.   Менің атам  Николай Ли мен әжем Ольга Ан және бірнеше отбасылы туысқандарымыз сол депортациямен қоныс аударғандар қатарына жатады. Інім Николай екеуміз анамыз ерте қайтыс болғандықтан, ата-әженің бауырында өстік.

Атамның айтуынан, кейін естігендерім бойынша 1937 жылы күзде Қиыр Шығыстан 200 мыңдай кәрісті аяқ астынан күштеп  қоныс аудартқан.   Неше күндік ұзақ жолда суық пен аштықтан титықтаған, түрлі жұқпалы аурулар тап келген, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған  қоныс аударушылар Қазақстан мен Өзбекстанға   келгенде алдымен клубтарға, қоймаларға, қараусыз қалған мешіттерге, ат қораларға орналастырылған. Одан қалды өздеріне жеркепе қазып алған. 1938 жылдың көктемінде Қазақстанның ішінде екінші рет қоныс аудару басталған. Менің  ата-әжем Ақтөбеге жіберілген. Бастапқы кезде қиындықтар көргенмен, қазақтар кәрістерді жақсы қарсы алып, қолдарынан келген көмектерін аямаған, бір үзім нанын бөліп жеген. Кейін кәрістер де еңбекке етене араласып, Хромтау ауданындағы «Бөгетсай» кеңшарының негізін қалаған. Бүгінде Қазақстандағы кәрістердің жағдайы жақсы, қазақтармен біте қайнасып өмір сүріп жатыр. Біздің әулет те қазақтармен құда-құдандалы болып, қыз-берісіп, қыз алып отыр.

— Қазір әлемнің қай еліне де жол ашық.  Кореяға барып көрдіңіз бе?

— Этникалық Отанымыз Оңтүстік Кореяда болдым, әрине, онда бәрі жақсы, керемет. Бірақ өзімнің туған жерім Қазақстанымның орны бөлек. Біз тіпті ондағы кәрістерден өзгешеміз, менталитетіміз басқа, қазақ болып кеткенбіз.

 

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Татулық тірегі

 

Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біз тағдыры ортақ, бірлігі жарасқан елміз!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Аталған шараға «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен студенттер қатысты.

Кездесуде этномәдени орталықтардың ұлтаралық достықты нығайтуда қосар үлесі мен ізгі істері сараланып, рухани тұрақтылық пен келісімнің болашақтағы даму мүмкіндіктері мен жолдары сөз болды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көпұлтты Қазақстанда достыққа негізделген үлкен саясат жүргізіліп келеді. Соның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Бүгінгі күні аяғымыздан нық тұрған, әлем таныған елге айналдық. Бұл еліміздегі этностардың  бір-біріне деген сенімі мен үлкен мәдениетін көрсетеді. Қазақстанда осындай жағдай қалыптасып отырғанына біз қуанамыз. Достыққа еш нәрсе жетпейді. Соның негізінде біз үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз, — дейді «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.

Басқосуда этномәдени бірлестіктердің өкілдері сөз сөйлеп, тілектерін білдіріп, өзге ұлт өкілдері Абайдың өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, шара барысында облыстық халық шығармашылық үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.

Шараның соңында «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен өнерпаздарға Алғыс хаттар табыстап, ризашылығын білдірді.

 

Д.ҚАЗИХАН.

Тілі де, тілегі де бір…

 

Мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген украин қызы Елена Иванько бүгінде қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқиды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің шет тілдер факультетінде оқитын Елена жақында университетте өткен «Абай оқулары» байқауында I орынды жеңіп алды.

 Мен қазақ ақындарының ішінде Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін сүйіп оқимын. Бұл ақындардың барлығының өлеңдерінің астарында мағыналы ой жатады. Дегенмен Абай Құнанбаевтың өлеңдерінде философиялық ой басымырақ. Өсиет боларлық жақсы нақылдар айтылады. Сондықтан мен Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін көбірек оқығанды жақсы көремін. Ақынның жиырмадан астам өлеңі мен бірнеше қара сөзін жатқа білемін. Алдағы уақытта солардың қатарын толықтырып, ақынның барлық шығармаларын оқып шықсам деймін. Жуырда «Абай оқулары» байқауында ақынның бірнеше өлеңі мен он жетінші қара сөзін жатқа оқыдым. Еңбегім ақталып, бірінші орынға ие болдым. Абайдың шығармаларын жіті түсініп, оны бар болмысыммен қабылдауға, менің осындай жетістікке жетуіме үлкен үлес қосқан ұстазым Болат Баймұқановқа алғысым шексіз, — дейді Елена.

Ол көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен, өз ортасында көпшіл, мінезі ашық, еңбекқор. Еленаның әкесі Николай украин болса, анасы Мета — неміс ұлтының өкілі.  Бір қызығы, оның үйіндегі отбасы мүшелерінің ешбірі қазақша сөйлемейді екен. Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылында туып-өскен Еленаның мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезден-ақ байқалады. Бірінші сыныптан қазақ тілін үйренуге талпынған қыздың қабілетін байқаған ұстазы Жанна Жанпейісова шәкіртінің талабын шыңдау үшін оны қазақ тілінен түрлі жарыстарға, байқауларға қатыстырады. Үнемі жүлделі орын алып, көзге түскен Елена 9-сыныптан кейін қазақ тілі пәнінен аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысады.

Қазақ тілін меңгеру үшін ең алдымен ниет болу керек. Сондай-ақ, қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін тілге қажеттілік болуы тиіс. Қазір мен оқитын оқу орнында көбіне маған қатарластарым орысша сөйлеп жатады. Бірақ мен қазақша жауап беремін. Бетіме аңтарыла қарап, таңырқайды. Түріме қарап, мені қазақша біледі деп ойламайтын болар. Алайда кейін араласып, әңгімелескен соң бәрі менімен қазақ тілінде амандасып, жөн сұрасады, — дейді Елена.

Жас та болса, көпке үлгі болып жүрген украин қызы болашақта ағылшын тілінің мұғалімі болуды мақсат етіпті. Сол арқылы жас ұрпақты білімге, өнерге үйретіп, үш тұғырлы тіл мәдениетін қалыптастыруды, сондай-ақ, қазақ тілінің көркемдігін, байлығын насихаттауды көздейді.

Үнемі өзін-өзі жетілдіруді ойлайтын Елена қолы қалт ете қалса, қазақ, ағылшын тілдеріндегі әдеби шығармаларды оқығанды ұнатады. «Мемлекеттік тілді меңгеру — менің жергілікті ұлтқа, отандастарыма деген құрметімнің белгісі»,  деп санайтын ол қазір өзі жетік меңгерген қазақ тілін үйінде аға-апаларына, орыс тілді достарына үйретіп жүргенін айтады.

  • Қазақ қашанда бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекетке айналды. Бүгінде елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Аллаға шүкір, еліміз тыныш. Бүгінгі күні өзге елдерде, мысалы, қазір Украинада түрлі қақтығыстар болып жатыр. Бұған біздің еліміз де қатты алаңдауда. Қазір баршаның назары — Украинада. Сондықтан бірліктің, бейбітшіліктің қадірін түсініп, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етейік, — дейді кейіпкеріміз.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button