Білім

«Жол картасы» және 145 нысан

Биыл облыста «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 145 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 957 мың теңге қаралса, облыстық бюджеттен 442 миллион 600 мың теңге бөлініп отыр. Бөлінген  қаржының 90 пайызы игерілді. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталмақ.

Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардың 33-і «бойын тіктеді». Оның ішінде 17 нысан қалада орналасқан. Таратып айтсақ, олардың қатарында ұзақ уақыттан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген №15, №27, №33, №35 және №36 мектептер мен №4, №5, №7 балабақшалар бар. Ал аудандардардың ішінде  Әйтеке биде  – 4, Қарғалыда – 3, Қобдада – 1, Мәртөкте – 1, Темірде 2 нысан қайта жаңарды.

Аудандарда көп жылдан бері  жөндеу көрмеген кейбір нысандар «Жол картасы» бойынша жаңарып қалды. Мәселен, бұрын Ырғыз ауданындағы Шеңбертал, Темірастау, Құмтоғай мектептері аппатты жағдайда тұрса, қазір олардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жалпы, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар көп. Келер жылы 150 білім нысанын  қайта жаңартуды  жоспарлап отырмыз. Негізінен бірінші кезекте жылу беру қазандықтары мен шатырлары ауыстырылып жатыр. Қазір барлық нысандарда  ішкі әктеу, есік-терезесін қондыру секілді ұсақ шаруалар қалды. Оқу жылы басталған уақытта аталған жұмыстар толығымен аяқталады деген ойдамыз.

Қаражат республикалық бюджеттен бөлінген соң,  басқарма тарапынан және қаржылық бақылау орындарынан  қаржының қалай игеріліп жатқаны жөнінде тексеріс жүргізілді. Ал тапсырыс беруші, яғни білім ордасының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстың сапасын қадағалап отырады, – деді облыстық білім басқармасының мемлекеттік сатып алу және инвестициялық жобалар бөлімінің бастығы Руслан Бегімбетов.

Ал  аудандардағы нысандардың 90 пайызының жөндеуі аяқталды. Мәселен, биыл Қарғалы ауданында аталған бағдарлама бойынша алты білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Олар – Петропавловка, Ащылысай, Әлімбет, Жосалы орта мектептері мен Ш.Қалдаяқов ауылындағы «Бөбек» және Қосестек ауылындағы «Балауса» балабақшалары.  Бүгінде нысандардың бесеуі жөндеуден өтіп, мемлекеттік комиссия қабылдап алған. Ал «Балауса» балабақшасы 25 тамызға дейін жөнделіп бітеді. Ілгеріде балабақша болған бұл нысан кейін өзге мекемелердің қолына өтіп кеткен. Ал биыл қайта жаңарып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Балабақшаның ашылуы салтанатты түрде өтеді. Аталған нысандарды жөндеуге 67 миллион теңге қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстарына ауыл азаматтары тартылып, 138 адам жұмыспен қамтылған. Аудандық білім бөлімінің басшысы Асылтас Мұқатованың айтуынша, қаржы көзі қарастырылса, келер жылы Сазды, Пацаев, Херсон, Әлімбет, 1 Мамыр орта мектептері күрделі жөндеуден өтпек.

Биыл аудан бойынша  мектепке  2795 бала барса, 224 бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттайды. Ауданға келген жас мамандар да жаңа оқу жылында әлеуметтік қолдауға ие болмақ.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты мен Ақтөбе гуманитарлық колледжіне 44 маманға сұраныс жібергенбіз. Қазір олардың  35-і келді.  Келген жастарға  90 мың теңге көлемінде көтерме ақы және Красное поле, Қосестек, Степной ауылдарынан пәтер беріледі. Жалпы, өткен жылдардағыдай емес, биыл ауданға келуші жастардың қатары көп. Әсіресе, химия, шет тілі, дене шынықтыру пәндерінен білім беретін мамандардың келіп жатқаны қуантады, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Сондай-ақ, биыл Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің  талабы бойынша барлық білім ордаларында өртке қарсы дабылқаққыш орналастырылуы қажет. Аталған жұмыс өткен жылдан бастап қолға алынды. Қазір облыс бойынша білім беру нысандарының 36 пайызына, ал қала мектептерінің 70 пайызына дабылқаққыш орналастырылған. Қажетті құрылғыны орналастыру жұмыстары  жыл аяғына дейін жалғаса береді. Сонымен қатар санитарлық қадағалау орындарының ескертуі бойынша облыстағы білім ордаларының  жиһаздары санитарлық талапқа сай емес. Сондықтан жыл соңына дейін  мектеп жиһаздарын, яғни парта, өзге де жабдықтарды жаңа стандартқа сай ауыстыру жұмыстары тоқтамайды. Биыл облыс мектептеріндегі биология кабинеттері жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал өткен жылы физика кабинеттері  жабдықталған болатын.

Биыл облыстағы   29 мектепке интерактивтік тақта алынды.  Оның ішінде 12 мектеп қалада орналасқан. Жалпы, жыл сайын білім беру нысандары жаңа технологиялармен жабдықталып келеді.

ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫ ЖӘНЕ 929 ГРАНТ

Көп ұзамай  жаңа оқу жылы басталады. Білім ордалары мен ұжымдар оқу жылының қарсаңында өтетін тамыз мәслихатына  қызу дайындалып жатыр.

Биыл білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі «Білім беру сапасы -Қазақстан Республикасының тұрақты даму ұстанымдарын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету кепілі» тақырыбында өткізіледі.  Оның ішінде аудан, қала және облыстық ұйымдар үшін тамыз мәслихаты 20-26 тамыз аралығында болады. Облыстық білім беру ұйымдары, колледждер мен  интернат және кәсіптік мектептерде аталған жиын 25 тамыз күні Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің мәжіліс залында ұйымдастырылады. Кеңес аясында пленарлық мәжіліс, секция жұмыстары жүргізіледі. Аудандарда өтетін тамыз мәслихаттарына облыстағы білім беру ордаларының басшылары және облыстық білім басқармасының өкілдері  қатысады. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдары аудандарда  гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану пәндері бойынша секция жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы, жыл сайын өтетін тамыз мәслихаттарында өткен оқу жылының қорытындысы міндетті түрде айтылады. Биыл да осы мәселеге бірінші тоқтаймыз. Өткен жылы жеткен жетістіктер мен кемшіліктер айтылып, талдау жасалады. Сонымен бірге жаңа оқу жылында алға қойған мақсат, міндеттер анықталады және биылғы тақырыпқа байланысты мұғалімдердің білім беру сапасы кеңінен сөз болады.  Қазір осы бағыттағы жұмыстарға  дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жас мамандарды мұғалім қатарына қабылдау және  білім беру саласының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында марапаттау шаралары өтеді, – деді облыстық білім басқармасы аттестаттау және лицензиялау бөлімінің бастығы Алтынгүл Әуесхан.

Облыстық білім басқармасы әкімшілік бөлімінің бастығы Шамшат Шалабаеваның айтуынша, басқармаға марапаттауға байланысты 300 ұсыныс келіп түскен. Алқа кеңесінің шешімі бойынша облыстық, аудандық, кәсіптік білім беру ұйымдарында көп жылдардан бері еңбек еткен, сапалы білім беру мәселесінде  белсенді жұмыс істеген ұстаздар мен ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке ие болған мұғалімдер түрлі марапаттауларға ие болған.  Оның ішінде  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен 26 білім беру саласының қызметкері, Алғысымен 24 адам марапатталады. Ал 8 адамға «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері» төсбелгісі және Ы. Алтынсарин атындағы медаль тапсырылады. Бұның ішінде М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының және №32 мектеп-гимназияның, Ақтөбе политехникалық колледжінің және т.б. оқу орындарының ұстаздары бар. Сондай-ақ, облыс әкімінің грантына 30 мектеп, 605 мұғалім, 294 сынып жетекшісі ие болса, мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында облыстық білім басқармасы беретін  Құрмет грамотасымен  200-ге жуық білім беру саласының қызметкері марапатталады. Облыс әкімінің грантын жеңіп алған әр мектеп – 1 миллион, мұғалімдер – 120 мың, сынып жетекшілер 100 мың теңгеге ие болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button