Экономика

Бюджеттің әр тиыны есепте

Облыстық қаржы бақылау инспекциясының басшысы Мамай Байдуллинмен сұхбат

 

— Алдымен қаржы бақылау органдарының ұйымдық формалары мен қызметінің

қалыптасуы мен дамуына тоқталып өтсеңіз?

Еліміздегі қаржы бақылау органдарының тарихы әріден басталады. 1921 жылдың тамызында ҚазССР Халық комиссарлар кеңесі Республиканың  Қаржы халық комиссариаты туралы алғашқы ережені бекітті. Онда халық комиссариаты мен оның бөлімшелерінің құрылымы, жаңа мемлекеттік органның мақсаты мен міндеттері анықталды. Қаржы бақылау органдарының қалыптасуы мен дамуы осы кезеңнен бастау алады.

Алғашында жергілікті мекемелердің қызметіне тексеру жүргізу функциясы, кірістер мен шығыстар сметасының орындалуын тексеру Қаржы халық комиссариатының іс басқармасының инспекторлық бөлімінің құзыретіне кіргізілді. Екі жылдан соң функциясына мемлекет қаражатының шығындалуы мен бюджеттің орындалуы жөніндегі республика халық комиссариаттарының есептілігін тексеру кіргізілген қаржы-бақылау басқармасы құрылды. Экономия режимін жүргізу 1926 жылдан бастап қаржы бақылау жұмысы ерекше маңызды мәнге ие болды. Қаржы бақылау қызметі мемлекеттік бақылау ретінде қайта құрылды. Бұл жерде қаржы бақылауының ведомстволық қана емес, жалпы мемлекеттік маңыздағы бақылау функцияларын атқарып отырғандығы ескерілді. Қаржы бақылауды  бюджеттік тәртіп пен бюджет қаражатының үнемделуін күшейту ісіндегі қуатты құралға айналдыру жөнінде басқа да бірқатар шаралар қабылданды.

1937 жылы КСРО Халық комиссариатының  кеңесінің құрамында қаржы-бюджеттік инспекция орнына бақылау-тексеру басқармасы (БТБ)  құрылды. Оған төмендегідей міндеттер жүктелді: республикалық және жергілікті органдарда, халық комиссариаттары мен мекемелерде бюджеттік құқықтар туралы заңдылықтардың орындалуына тексеру; бюджеттің орындалуына бақылау, бюджет қаражатының дұрыс және үнемді жұмсалуына, штаттардың сақталуына және т.б. бақылау. Сондай-ақ, басқа барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға ведомстволық бағыныстағы мекемелерге қатысты жоғары тұрған органдармен жүзеге асырылатын ведомствоішілік қаржы бақылауы енгізілді. 1956 жылы республиканың Қаржы министрлігінің құрамында Бақылау-тексеру басқармасы құрылды. Бұл мемлекеттік орган  1992 жылға дейін, яғни Қаржы бақылау комитеті құрылғанға дейін болды.

— Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға өтті. Ал қаржы бақылау саласында қандай өзгерістер болды?

— Республиканың егемендік алуымен байланысты қоғамдағы әлеуметтік-саяси ахуал түбегейлі өзгерді. Нарықтық қатынастарға көшу кезеңі экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысты құбылыстардың күрт өсуімен, криминогендік ахуалдың күрделенуімен сипатталады.

Мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі туралы» Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасында бюджетаралық қатынастарды заңмен реттеу тап осы заңнамалық актіден бастау алады. Осы жылдар ішінде  мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыру жолдары іздестірілді. Мемлекеттік қаржы-бақылау қызметі әлденеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешірді. Атқаратын функциялары мен өкілеттіктеріне біраз өзгерістер енгізілді, атауы өзгертілді. Ең басты міндеті — мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуына, халық қазынасының қорғалуына бақылау жасап отыру болып қалды.  Аталған мәселе әртүрлі, оның ішінде халықаралық деңгейдегі кеңестерде көтерілді. Бұл заңды да. Қаржы жүйесі саласындағы мемлекеттің бақылау қызметі — нарық қатынасы жағдайында мемлекеттік қаржы ресурстарын басқаруды қамтамасыз ететін бірден-бір пәрменді құрал.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында тұжырымдамалық заңдар «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл барлық мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірыңғай механизмін жасақтап,  күштерін үйлестіруге жұмылдырылуын талап етті,  мемлекеттік бюджет қаражатына, үкіметтік займдар мен бюджеттік несиелердің жұмсалуына, кәсіпорындардың пайда үлесінің бюджетке толық аударуына, сондай-ақ, мемлекеттің үлесі мен акциялардың мемлекеттік пакетіне кірістер мен дивидендтердің есептелуіне қаржы бақылауын нығайту қажеттілі пісіп-жетілді. Осылай Қаржы министрлігі құрылымында бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қаржы бақылау комитеті қайта құрылды.

2005 жылдың 1 қаңтарынан «Қазақстан Республикасының бюджет кодексі» күшіне енді. Жаңа бюджет заңнамасы мемлекеттік қаржылық  ресурстарды басқару жүйесін  жетілдіруге бағытталды. Бұл  — бюджет қаражатының құралуы, атқарылуы және бақылауды  қоса  барлық қаржы рәсімдерін реттейтін  Заң.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі №1449 Жарлығымен  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттігі таратылып, оның бақылау функциялары   қайтадан құрылған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетіне берілді.

— Сіздер бақылайтын нысандармен арада қандай қарым-қатынас орнатылған? Жұмыс нәтижесі қалай?

— Бақылау органдары мен бақылау объектілерінің арасында теңқұқылы, нақты әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жүргізіліп отыр. Бірінші кезекте біз мемлекеттік мекемелерде есеп пен есептіліктің  тиісті деңгейде жүргізілуіне ықпал етеміз. Заңда көзделген шаралар заңдылықтарды  қасақана бұзғандарға ғана қатысты қолданылады. Сондықтан бақыланатын нысандар тарапынан қаржы бақылау қызметкерлеріне деген көзқарас қалыпты деп ойлаймын.

2008 жылдың желтоқсанынан бастап  Қаржылық бақылау комитетінің және оның аумақтық инспекцияларының бақылау функцияларына  мемлекеттік қаржының дұрыс пайдаланылуын бақылаумен қатар, бухгалтерлік  есеп және қаржылық есептілікті де бақылау, оның ішінде жария мүдделі ұйымдармен қаржылық есептілікті депозитарийге  белгіленген мерзімде тапсырылуын бақылау да кіргізілді. Бұл жұмыс жыл сайын  жүйелі  түрде жүргізіліп келеді, алынған шаралар нәтижесінде ұйымдардың депозитарийге есептілікті тапсыруда жауапкершілігі артқанын байқауға болады. Мәселен, бұрын 20-дан астам деректер кезіксе, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тек 5 ұйым ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қаржылық бақылау саласының қызметкері болу жан-жақтылықты, адалдықты, кәсібилікті, аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Экономиканың сан түрлі саласында қаржының дұрыс жұмсалуына бақылау жүргізу үшін қызметкер қолданыстағы заңнаманы біліп, өз білімін, дағдысын, қабілетін, кәсібилігін тұрақты жетілдіру керек,  өз ісінің шебері болуы тиіс. Қызметкерлеріміз осы талап үдесінен шығу жолында еңбектене бермек.

Бүгін осы қаржы  бақылау саласының, облыстың   даңқын құрайтын  ардагерлерімізді  атап өтуге тиіспіз.

Әр жылдары облыстың бақылау-тексеру қызметін Кеңес Елібаев, Людмила Нарсеева, Жолдымұрат Аманбаев, Нұртай Князов және орынбасарлары Қадыржан Құсайынов, Ғабдолла Оразов, Серік Орынбаев сияқты біздің салаға жүктелген міндеттердің орындалуына қомақты үлес қосқан  жоғары білікті кадрлар басқарды.

Көп жылдар бойы қаржылық бақылау саласында Ұлы Отан соғысының  ардагері, дербес зейнеткер Едош Ділмұхамбетов еңбек етті, ол зейнеткерлікке қаржылық бақылау органдарынан шықты. Людмила Нарсеева, Қадыржан Құсайынов, Кеңшілік Күздеуов, Бақтыбай Жұбатов, Сағын Таңатаров сияқты ардагерлер  өмірінің соңғы күндеріне дейін ұжымның арасында болды.

Қазір құрметті демалыстағы еңбек ардагерлері Зайда Данияр, Татьяна Иванова, Татьяна Гиенко, Семен Овсиенко, Рамазан Есекенов, Алла Суворова, Асылхан Құлшаров, Галина Гуртовенко, Райхан Құрманғазиева, Сағидулла Есіркепов, Рахмет Бөстеков, Ұмсын Аяғановалардың мол өмірлік, кәсіби тәжірибесі жастарға өнеге.

Инспекцияда қаржы саласында 20 жылдан астам  жұмыс өтілі бар Айдын Ізбасқанов, Қоянбай Бостанов, Арман Жалғаспаев, Валера Барышев, Хайролла Үкібаев, Айтпай Атағұлов сияқты жоғары білікті кәсіби мамандар қызмет етеді.

Бүгінде қойған мақсаттар мен міндеттер барынша орындалуда деуге болады. Бірақ біздер тұтастай алғанда қоғам өмірінде және оның ішінде қаржы саласында  ойдағыдай және  нақты өзгерістерге жету үшін қаржылық бақылау жүйесін жетілдіруді әрі қарай жалғастыру керек екенін анық сезінеміз.

 

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button