Спорт

СҮРЕҢСІЗ ОЙЫННЫҢ НӘТИЖЕСІ

Еуро-2016

 Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің биылғы жылғы соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы Стамбұлда Түркия командасына қарсы өткізді. Өкінішке қарай, қазақстандықтар 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Бұл екі команда арасындағы ойынды біз үшін аса қызықты өтті деп айта алмаспыз. Алаң иелері ойын басталысымен шабуылға шықты. Қазақстандық футболшылар абдырап қалды. Тіпті аяқтарына доп тимеуге айналды. Келген допты қақпа маңынан алысқа тебумен шектелді. Бір-біріне берген пастары да бірде қиыс кетсе, бірде тура түрік футболшыларының алдына түсіп жатты. Шындығын айтқанда, біздің футболшылар алаңның ортасынан аса алмай дегбірлері қашты.

Ойынның 26-минутында біздің айып алаңымызға еніп бара жатқан Бурак Йылмазды Ринат Абдуллин иығынан тартып құлатты. Ресейлік төреші Алексей Еськов бірден 11 метрлік айып добын белгіледі. Йылмаз Александр Мокин қорғаған қақпаны дәл көздеді. Есеп — 1:0.

Арада үш минуттай өткенде Мокин қатты қателесті. Волканның әуелете айып алаңына асырған добын Шен баспен ұрып, Йылмаздың алдына тастады. Түрік шабуылшысы ойланбастан қақпаны көздеді. Бір қарағанда Мокин допты ұстап алғандай болып еді, алайда доп біздің қақпашының уысынан шығып, қақпаға еніп кетті. Осылайша, Йылмаз соққан екі голмен түріктер үзіліске көңілдері көншігендей боп кетті.

Бірінші таймда біздің футболшылардың сүреңсіз ойнағанын түріктердің допқа иелік етуін 72 пайыз құрағанынан-ақ білуге болады.

Ойынның екінші жартысында Қазақстан құрамасына жан біткендей болды. Алғашқы бұрыштама, айып добын орындауға мүмкіндік алды. Чехияның қақпасына екі гол соққан Юрий Логвиненко бұрыштан берілген допқа қанша ұмтылғанымен оған түріктердің қорғаушылары қыспаққа алып, мүмкіндік бермеді. Алайда 83-минутта түріктер есепті 3:0-ге жеткізді. Голдың авторы — Әзиз.

Бірақ қазақстандық футболшылар есепті қысқартуға талпынып бақты. Бауыржан Исламхан айып алаңына жақындаған Ұлан Қонысбаевқа жақсы пас берді. Алайда Ұланды түрік футболшысы шалып құлатты. Ал пенальтиді қақпа маңдайшасының дәл астына тепкен Самат Смақов бір доппен жауап берді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 4 ойында бір ұпайға ғана ие болып, «А» тобында соңғы орында келеді.

Түркия-Қазақстан — 3:1 (2:0).
Гол:
 Йылмаз пенальтиден, 26 (1:0); Йылмаз, 29 (2:0); Әзиз, 83 (3:0); Смақов пенальтиден, 86 (3:1).
Ескерту алғандар: Йылмаз, 7; Топал, 87; Тұран, 90 — Нұрғалиев, 96.
Түркия: Бабаджан, Кайя, Әзиз, Туфан, Инан, Тұран (к), Эркин, Шен (Тере, 81), Булут (Топал, 74), Йылмаз, Шахан.
Қазақстан: Мокин, Гурман, Абдуллин (Малый, 76), Смақов (к), Логвиненко, Қонысбаев, Исламхан, Тағыберген, Шомко, Лунин (Щеткин, 73), Хижниченко (Нұрғалиев 82).
«А» тобындағы өзге матчтар

Нидерланды — Латвия 6:0 (3:0).
Чехия — Исландия 2:1 (1:1)
.
Турн
ир кестесі:
1. Чехия — 12 ұпай (4 ойын);
2. Исландия — 9 (4);
3. Нидерланды — 6 (4);
4. Түркия — 4 (4);
5. Латвия — 2 (4);
6. Қазақстан — 1 (4).

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button