Спорт

Зульфияның рекорды немесе алғашқы алтын

Ауыр атлетика

 8 қарашада Алматыда Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталды.

Әлем біріншілігінде 72 елден келген 538 зілтемірші медальдарды сарапқа салуда. Атлетика бойынша әлемде өзін мойындатқан Қазақстан құрамасының спортшылары алғашқы екі күнде жүлдеге қол жеткізе алмады. 56 келі салмақ бойынша сынға түскен Арли Чонтей қоссайыста 274 келі көтеріп (129+145), алтыншы орынға тұрақтады. Команданың бас жаттықтырушысы Алексей Ни Арли Чонтейдің бұл көрсеткішіне қанағаттанатынын айтты.

Ал әйелдер арасында бұрын жұлқа көтеруден 85-88 келіні еркін көтеріп жүрген Маргарита Елисеева 83 келіні бағындыра алмай, жарыстан ерте шығып қалды.

Әлем чемпионатына Қазақстаннан есімдері белгілі Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло бастаған 15 спортшы қатысуда.

Кеше жарысқа 53 келі салмақта Зульфия Чиншанло қосылды. Оның басты қарсыласы тайпейлік Шу Цзин Хсу болмақ деп күткен еді мамандар. Тайпейлік зілтемірші қыз Инчхонда өткен Азия ойындарында 233 келіні бағындырып, чемпион атанған болатын. Ал Зульфия 228 келімен екінші орын алып қалған еді. Зульфия есені қайтарды. Жұлқа көтеруде 98 келіні көтеріп, екінші орын алған Чиншанло серпе көтеруде әлем рекордын жаңартты. 134 келіні еркін бағындырған Зульфия қоссайыс бойынша 232 келі жинады. Шу Цзин Хсу 218 келімен екінші орында қалып қойды (99+119). Қола медальды қытайлық Ли Ячжун иеленді (96+118).

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button