Спорт

«Ақтөбе» күміс алды!

Премьер-лига

 Футболдан еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» командасы биылғы біріншілікті екінші орынмен аяқтады. Бұл біздің командамыздың үшінші күмісі. Сондай-ақ, команда қоржынында екі қола медаль бар.

Күміс медальдың тағдыры Шымкент пен Алматыдағы кездесулер қорытындысында шешілді. Жерлестерімізге күміс медаль алу үшін Шымкентте «Ордабасыны» ұту аздық ететін еді. Ол үшін Алматыдағы ойында еліміздің биылғы чемпионы «Астана» «Қайратты» ұтуы керек болатын. Біздің бағымызға қарай солай болды да.

Биылғы чемпионаттың соңғы матчын Шымкентте өткізген ақтөбеліктер «Ордабасы» командасын 3:1 есебімен ұтты. Жерлестеріміз төреші ысқырығы естілісімен-ақ ойынды өз қолдарына алып, жиі-жиі шабуыл жасады. Алайда бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды.

Кездесудің екінші жартысында ақтөбеліктер шабуылды үдете түсті. 61-минутта Сантананың асырған добын Маркос Пиззелли ұтымды пайдаланып, есеп ашты. «Ақтөбе» футболшылары мұнымен шектелмеді. 67-минутта қақпашымен жекпе-жек шығып, айласын асырған Марат Хайруллин екінші голдың авторы атанды.78-минутта Валерий Коробкин үшінші голды соқты. Тек ойынның аяқталуына үш минуттай уақыт қалғанда алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Қайрат Әшірбеков бір голмен жауап берді. Бұл шешуші турда «Астана» Алматыда «Қайратты» 3:2 есебімен ұтты. Осылайша «Ақтөбе» үшінші рет күміс медальды иеленді. «Қайратқа» қола медаль бұйырды.

Енді «Ақтөбе» 22 қарашада Астанада ел Кубогы үшін ақтық сында «Қайратпен» кездеседі.

Семейдің «Спартагы» Премьер-лигамен қош айтысты. Оның орнына алдағы маусымда Көкшетаудың «Оқжетпесі» ойнайды. Ал 11-орында қалған «Тараз» командасы Премьер-лигадан шығып қалмау үшін 1-лигада екінші орын алған Шымкенттің «Қыран» командасымен сынға түседі.

 

***

32-тур нәтижелері

«Ордабасы» – «Ақтөбе» — 1:3 (0:0).
Гол: Пиззелли, 61 (0:1); Хайруллин, 67 (0:2); Коробкин, 78 (0:3); Әшірбеков, 87 (1:3).
Ескерту алды: Касьянов, 14; Фрейре, 36; Мвесигва, 85 — Сантана, 31; Тағыберген, 42; Айымбетов, 83; Антонов, 88; Мирошниченко, 90+1.
«Ордабасы»: Отарбаев, Мвесигва, Кудела (Манекеев, 80), Фрейре, Сүйімбаев (Адырбеков, 70), Тұңғышбаев, Диакате, Бейсенов, Әшірбеков (к), Касьянов, Тәжімбетов.
Резерв: Дүйсен, Қожабаев, Фильчаков, П.Алиев.
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров (Кападзе, 7), Царикаев, Мирошниченко, Пиззелли (Жалмұқан, 82), Хайруллин (к), Тағыберген, Коробкин, Логвиненко, Сантана (Айымбетов 72), Антонов.
Резерв: Бекбаев, Шабалин, Левин, Зенькович.
Төрешілер: Алиев (Алматы), Советханұлы (Семей), Попов (Астана).

«Жетісу» – «Ертіс» — 1:0 (0:0).
Гол: Р.Сариев, 65.

«Қайсар» – «Шахтер» — 2:1 (0:1).
Гол: Масло, 18 (0:1); Молдақараев пенальтиден, 52 (1:1); Молдақараев пенальтиден, 80 (2:1).
«Атырау» – «Тобыл» — 0:3 (0:2).
Гол: Жұмасқалиев, 20 (0:1); Красич, 41 (0:2); Джалилов, 90+2 (0:3).
«Тараз» – «Спартак» — 1:0 (1:0).
Гол: Щеткин пенальтиден, 45+1.
«Қайрат» – «Астана» — 2:3 (0:2).
Гол: Твумаси, 4 (0:1); Мужиков, 36 (0:2); Кетевоама, 53 (0:3); Гоу, 60 (1:3); Гоу, 90+4 (2:3).

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button