Спорт

Он панкратионшының олжасы

Кеше каратэден әлем чемпионы Әшім Қали мен панкратионнан Қазақстан федерациясы Ақтөбедегі филиалының директоры Айбек Шоқпытов бастаған спортшылар жуырда ғана Венгрия мен Түркия елдерінде өткен әлем чемпионаттарында жүлделі орын алған жігіттерді жинап, оларды ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда арнайы құттықтады.

Орталық Еуропада орналасқан Венгрия мемлекетінің Кечкемет қаласындағы жаһандық жарыс 24-26 қазан күндері аралығында ұйымдастырылған. Жер-жерден ересек спортшылар қатысқан додада ақтөбеліктер де бағын сынаған еді. Қуантарлығы сол, біздің облыстан сайысқа аттанған 5 жігіттің бәрі де жүлделі оралды. Атап айтсақ, Гойти Дазаев алтыннан алқа тағынса, Жалғас Мұхамбет пен Игілік Серкебаевтар II орынды иеленген, ал Райымбек Орынбай мен Сергей Морозовтар қола медальді қанаған тұтты.

Өткен айдың 24-27-і күндері Түркияның Стамбұл шаһарында өткізілген жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінен де жерлес панкратионшылардың қанжығасы майланып қайтты. Бұл байрақты бәсекеде ұл балалар арасында Еркінбек Инжел, ал қыз балалар арасында Саягүл Ауғановалар жеңімпаз атанды. Нұрбек Қабдырахманов болса, тұғырда жоғарыда аталғандардан бір саты кейін орналасты. Өз кезегінде Нұржан Сәтжанов пен Жандос Дәмешовтер — қола медаль иегерлері.

— 85 келі салмақ бойынша өнер көрсетіп, 3 жекпе-жек өткіздім. Барлық кездесу де мен жоспарлағандай шықты. Сөйтіп, Алланың қалауымен бас жүлдені еншіледім. Жасым — 19-да. Бұйыртса, болашақта да биік белестерді бағындырамын деп ойлаймын, — дейді чемпион Еркінбек.

Жиын соңында жақында ғана еліміздегі панкратион федерациясының президенті болып тағайындалған Әшім Қали жас спортшыларға алдағы асуларда да сәттілік тіледі.

Айта кетейік, панкратион — ежелгі гректердің күш сынасу өнері. Грек тілінен аударғанда «күш» деген мағынаны білдіреді. Бұл кезінде Олимпиадаға алғаш енгізілген спорт түрі.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button