Спорт

Отызыншы тур осылай өтті

Премьер-Лига

 26-27 қазан күндері өткен 30-турда «Шахтер» дәрменсіздігін тағы бір рет көрсетті. Ал «Астанамен» болған кездесудегі ірі жеңілістен соң (1:5) бес футболшысын (Самат Смақов, Дмитрий Хомич, Зәуірбек Плиев, Александр Кислицин, Михаил Бақаев) маусым соңына дейін барлық жаттығулар мен кездесулерден шеттеткен «Қайрат» жеңіске жетті. Сондай-ақ, «Ордабасы» мен «Қайсардың» енді үшінші орынға иегі қышымайтын болды.

«Ақтөбе» бұл турда сырт алаңда «Қайсармен» кездесті.

Қар басқан жасанды алаң, Антоновтың қос голы, «қызыл қағаз», он бір метрлік айып добы, 87-минуттағы өкінішті гол.

Міне, негізгі есте қалған жайлар осылар болды.

Расын айту керек, ақтөбеліктер ойынды тым тәуір бастады. Бірінші таймның орта тұсына таман Алексей Антонов аяғына іліге кеткен допты шірене теуіп, қарсыластар қақпасының «тоғыздығын» дәл нысанаға алды — 0:1.

Сол Антонов тайм соңына таман және бір мергендік көрсетті, Марат Хайруллин тастаған пасты жібек торға және бір лып еткізді — 0:2.

Әттең, осындай басымдықпен демалуға кетер тұста, «Қайсардың» ойыншысы тепкен допты Дмитрий Мирошничненко қолмен тоқтатуға мәжбүр болды да, бір кезеңдерде «Ақтөбе» құрамында ойнаған Антон Землянухин он бір метрлік айып добын қатесіз орындады — 1:2. Одан да өкініштісі, біздің Димитрий жасыл алаңнан қуылды.

Екінші таймда азшылықта ойнаған ақтөбеліктер қонақтардың шабуылдарына төтеп беруге тырысумен қатар, өздері де қауіпті жорықтар жасап тұрды. Дегенмен ойын аяқталарға үш-ақ минут қалған шақта Валентин Фурдуй сан соқтырып кетті, Сергей Струков тастаған пасты голға айналдырып, әріптестерін ұтылыстан құтқарып қалды — 2:2.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 2:2

Гол авторлары: Алексей Антонов, 20-минут (0:1); Алексей Антонов, 40-минут (0:2); Антон Землянухин, пенальти, 45+ 1 минут (1:2); Валентин Фурдуй, 87-минут (2:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Тарас Царикаев, Дмитрий Мирошниченко, Маркос Пиззелли (Тимур Кападзе, 73-минут), Марат Хайруллин (капитан), Роберт Арзуманян, Асхат Тағыберген, Валерий Коробкин, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Алексей Антонов (Игорь Зенькович, 89-минут).

Біздің командадан төрт футболшыға (А.Антонов, Р.Арзуманян, А.Тағыберген, Ю.Логвиненко) ескерту қағазы көрсетіліп, Д.Мирошниченко 45-минутта жасыл алаңнан қуылды.

«Қайсарға» бір ескерту қағазы көрсетілді.

С.Мұратбаев атындағы стадион. 2000 адам.

Кездесуден соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев мұндай алаңда әдемі футбол өрнегін көрсету мүмкін еместігін, оның үстіне ойын барысында қар жауып, тіпті берекетті алғанын айтты. Бұған қоса «Қайсар» жеке ойыншыларымен емес, біртұтас команда ретіндегі мықтылығын мойындатқанын, бұлармен текетіреске түсу қай клубқа да оңай соқпайтынын мәлім етті.

Ал «Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай мұндай алаңда әдемі ойын өрнегін көрсету, расында да, мүмкін еместігін, бірақ бұл ойында маңызды роль атқарған футболшылардың шеберлігі емес, жеңіске деген ынта екенін еске салды. Ол кездесудің соңғы минуттарына дейін шабуылдаудан тынбаған өз ойыншыларына риза екенін жеткізді.

Осымен бұл екі команда 32 рет кездесті. 16 кездесуде «Ақтөбе» жеңсе, 4 рет «Қайсар» басым түсті. 11 ойын тең есептермен аяқталды.

*   *   *

 

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Шахтер»-«Астана» — 0:2

Гол авторлары: Атанас Курдов, 33-минут, пенальти (0:1); Атанас Курдов, 78-минут (0:2).

«Қайрат»-«Ордабасы» — 2:0

Гол авторлары: Аслан Дарабаев, 13-минут (1:0);  Мито Риера, 21-минут (2:0).
Сұрмергендер

 

Мергендер көшін 14 доппен Фокси Кетевоама («Астана») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 7 доп;

Алексей Антонов (шабуылшы) — 7;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 7 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Данило Неко (шабуылшы) — 5;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Астана      29       16       10       3          57-21              39       

2 Қайрат      30       18       5          7          56-27             38     

3 Ақтөбе      29       14       10       5          45-30             31     

4 Ордабасы 30       12       5          13       30-39             24

5 Қайсар       30       9          13       8          28-30             24

6 Шахтер       30       11       6          13       38-44             21

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

 

«Атырау» алға шықты

 

7-12 орындар бәсекесінде 30-турдың ойындары төмендегідей есептермен аяқталды:

«Атырау»-«Тараз» — 3:2

Гол авторлары: Милош Трифунович, пенальти, 15-минут (1:0); Тимур Досмағамбетов, 21-минут (1:1); Тимур Досмағамбетов, 41-минут (1:2); Алексей Шакин, 53-минут (2:2); Андрей Карпович, 55-минут (3:2).

«Ертіс»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Қуаныш Бегалин, 68-минут (1:0); Рауль Джалилов, 85-минут (1:1).

«Жетісу»-«Спартак» — 2:1

Гол авторлары: Тарас Данилюк, 57-минут (1:0); Берік Шайықов, 77-минут (2:0); Сергей Куцов, 90-минут (2:1).

*   *   *

 

Бұл тур 7-12 орындардағы командалардың турнир кестесіне өткен турдағы секілді тағы да біраз өзгерістер әкелді.

7-орынды «Атырау» жеке дара иемденді.

8-9-10 орындарға бірдей 22 ұпайдан жинаған үш команда жайғасты — өз алаңында жеңіске жеткен «Жетісу», өз алаңында тең ойнауға мәжбүр болған павлодарлық «Ертіс», сырт алаңда ұтылған «Тараз».

11-орындағы қостанайлық «Тобылдың» 20 ұпайы бар.

12-орында, көш соңында 18 ұпаймен семейлік «Спартак» тұр.

Келесі турда бұл топтағы командалардың қайсысы бірінші топқа жол тартатыны, қайсысы өтпелі кездесуге баратыны біршама анықталып қалатын тәрізді.

 

Жеңілмейтін «Астана»

 

30-тур ойындарында 18 гол соғылды.

2:2 және 3:2 есептері чемпионат басталғалы бесінші рет қайталанды.

Ірі есеп нәтижелері тіркелген жоқ.

85 және 87-минуттарда соғылған екі гол екі ойынның тең аяқталуына себепші болды.

«Шахтер» қатарынан оныншы тур бойы жеңіске жете алмады, бұл жолы ұтылды.

Ал «Шахтерді» жеңген «Астана» қатарынан 16 тур бойы (28 мамырдан бері) жеңіліссіз ойнап келеді. Осы аралықта олар 6 рет қарсыластарын ірі есептермен жеңді — 5:3; 4:0; 3:0; 5:0; 6:1; 5:1.

Бұл тур ойындарын 17 800 адам тамашалады. Ең көп жанкүйер Алматы қаласындағы кездесуге келді — 9000 адам, ал Атырау стадионына 1000 жанкүйер ғана жиналды.

29-турдағы сияқты бұл турда да Алексей Антонов екі гол соқты.

Ақтөбелік 22 жастағы қорғаушы Дмитрий Мирошниченко Премьер-Лигадағы 50-інші кездесуін өткізді. Осы кезеңде ол 4 гол соқты. Сондай-ақ, Д.Мирошниченко Қазақстан ұлттық құрамасы қатарында 5 кездесуге қатысты.

 

Жеке көрсеткіш

 

«Ақтөбе» өз алаңында 14 кездесу өткізді: 10 рет жеңіп, 4 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 29 гол соқты, өз қақпасына 5 гол енгізді.

Сырт алаңда 15 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 6 рет тең түсті, 5 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 16 гол соғып, өз қақпасына 25 доп жіберіп алды.

 

Деректер

 

Қазірге дейін Премьер-Лига командалары арасында 179 кездесу өткізілді.

92 рет алаң иелері жеңсе, 37 рет қонақтар басым түсті, 50 ойын тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 427 гол енді. Алаң иелері 274 гол соқса, қонақтар 153 рет мергендік көрсетті. Солайша орта есеппен әр кездесуде 2,39 гол соғылды.

Қазірге дейін ең көп (43 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Кезекті тур

 

31-турдың ойындары 1 қарашада, сенбі күні өтеді.

«Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдайды. Бұл кездесу «Казспорт» телеарнасынан көрсетілмекші.

Биылғы чемпионат басталғалы алматылықтармен үш рет кездестік. Өз алаңымызда ұтып (1:0), сырт алаңда екі рет жеңілдік (1:7; 0:2). Біздің команда салған екі голдың иелері: Ю.Логвиненко, А.Антонов.

1 қараша, сенбі

«Ордабасы» — «Шахтер»
«Астана» — «Қайсар»

«Тараз» — «Ертіс»
«Тобыл» — «Жетісу»
«Спартак» — «Атырау»

 

Командалар азаймайды

 

Өткен аптада Астанада өткен Қазақстан Футбол федерациясы Атқару комитетінің отырысында 2015 жылғы Қазақстан Премьер-Лигасының жүйесі бекітілді.

Келесі жылы да биылғыдай чемпионатқа 12 команда қатысады. Бірінші кезеңнен кейін командалар екі алтылыққа бөлініп, ұпайлары екі есе қысқаратын болып шешілді.

Негізі қазіргі регламент бойынша 2015 жылғы маусымда 10 команда қалуы тиіс болатын. Енді 12 команда қалатын болып шешілуіне байланысты «өтпелі ойынның» ережесіне де өзгеріс енді. Яғни «өтпелі ойында» 2014 жылғы футбол маусымында Премьер-Лигада 11-орын алған команда бірінші лигада 2-орынды иемденген командамен кездеседі. Ал Премьер-Лигада 9-10 орындарды иемденген командалар өз орындарын сақтап қалады.
Сондай-ақ, Атқару комитеті Премьер-Лига клубтары үшін 2015 жылғы футбол маусымына жас ойыншылардың («лимитчик») жастарын да бекітті. Келесі жылы «лимитчик» болып 1994 жылға дейінгі жастар саналатын болады. Ал Премьер-Лига клубтарының дубльдік командалары үшін осы жастан асып кеткен жастарға шектеу қойылады.

 

Ықыласпен қоштасыңыз!

 

Өткен жұма күні Қазақстан Футбол федерациясы Тәртіптік-бақылау комитетінің кезекті отырысы өтіп, бірқатар шешімдер қабылданды.

29-турда «Ақтөбе» өз алаңында «Шахтер» командасын қабылдап, 3:1 есебімен жеңгені мәлім. Бірақ жеңіске ие болған команданың бас бапкері Владимир Газзаев кездесу біткеннен кейін қарсылас команданың бапкерімен міндетті түрде қол қысысып қоштасу рәсімін сақтамағаны үшін 100 000 теңге айыпқа жығылды.

 

Бес қадам шегіндік

 

Еуропа чемпионатының іріктеу додасында Голландия мен Чехиядан жеңілгеніміз ізсіз кеткен жоқ.

ФИФА жария еткен жаңа рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасы бес саты төмендеп, 132-орынға табан тіреді.

Ал басқа бәсекелестеріміз ше? Голландия бір адым кейін сырғып, 5-орынға түссе, Чехия 22-орынға, Исландия 28-орынға көтерілді. Түркия 39-орыннан 48-орынға төмендеді. Латвия ғана бұрынғы 99-орнында қалды.

Ал алғашқы ондық төмендегіше сипатталып тұр:

1. Германия. 2. Аргентина. 3. Колумбия. 4. Бельгия. 5. Голландия. 6. Бразилия. 7. Франция. 8. Уругвай. 9. Португалия. 10. Испания.

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button