Мәдениет

Қозы мен Баян қуыршақтар тілінде сөйлейді

Театр

 «Алақай» облыстық қуыршақ театрында «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» лиро-эпостық жырының қуыршақ театрына арналған нұсқасы ( «Сезім жібі») сахналанып жатыр. Оның қоюшы режиссері — қазақ қуыршақ өнерінің майталман маманы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Парманов. Астанадан келген режиссермен  еліміздегі қуыршақ театрларының жай-күйі туралы аз-кем сұхбаттасудың реті келіп еді.

— Қазақстандағы қуыршақ театрларының жайы сізге әбден белгілі, осы салаға қатысты шешімін таппай жатқан мәселелер төңірегінде айтсаңыз.

— Қазақстанда 7 кәсіби және 3 жеке қуыршақ театры бар. Саны жағынан алғанда көп деуге келмейді, әрине. Ал оларда қойылып жатқан спектакльдердің көркемдік деңгейіне тікелей әсер ететін қуыршақ театрының кәсіби суретшісі, актері, қоюшы режиссері, тағы да басқа өте қажетті мамандары жетіспейтіні және рас.  Қоюшы режиссерге деген  зәрулікті «Алақайдың» өзі көріп отыр. Жан-жақтан қанша жерден кәнігі режиссерлер келе берсін, жақсы қойылымдар қойсын, одан ешкім зиян шекпейді, бірақ, театрда тұрақты режиссердің болмауы оның кәсіби тұрғыда ұдайы өсуіне мүмкіндік бермейді.

Ал актерлер мәселесі еліміздің аймақтарында  тіпті өткір, маман тапшы, әлі күнге театр мектебінен өтпеген актерлермен жұмыс істеуге мәжбүрлік бар. Негізі, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында да, Астанадағы ұлттық өнер университетінде де қуыршақ театры мамандарын даярлайтын бөлімдер бар, бірақ ,неге екенін қайдам, осы екі оқу орнының түлектері сол екі қаладан ұзап кете алмай жүр. Қуыршақ театрында сахна суретшісінің ролі режиссерден бір кем емес. Суретшісі болмаған театрдың жұмысы да  толыққанды жүреді деу артық.

Қуыршақ театрының өзіндік ерекшелігі бар, өзіндік жүйесі бар. Қуыршақтарды құрастыратын конструктор-механиктер, инженерлер жоқтың қасы.

Драматургияға келсек, бұл жағынан аздап ілгерілеу бар. Қалағаныңды таңдап алатындай мүмкіндік болмағанмен, соңғы үш жылда балаларға арналған драматургиялық шығармаларға республикалық конкурстар жарияланып келеді. Соның арқасында аздап болса да пьесалар жазыла бастады.  Бірақ көңіл тоғайтатындай дәрежеде емес, аз. Драматургиялық шығармаларға жиірек конкурстар өткізілсе, көп дүниенің ішінен іске жарайтындары да  табылып қалар еді.

— Осы айтылып отырған жайларға бұрыннан қанықпыз. Қуыршақ өнерінің қыр-сырын білетін маманы ретінде осы тығырықтан шығудың жолдарын айта аласыз ба?

— Бұрын республикалық, халықаралық фестивальдар кездерінде шеберлік сабақтары өткізілетін. Бірақ тығыз жұмыс кестесі бар фестиваль кезінде асығыс өткен сабақтардан көп ештеңе ала алмайсыз. Оның үстіне  Алматыда үш жылда бір рет өткізілетін «Ортеке» республикалық, Ақтөбеде екі жылда бір рет болатын «Ассалаумағалейкүм»  халықаралық екі фестиваль  бар. Айтпақшы, соңғы екі жылда Мәдениет министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен маусым айының соңына қарай «Сахнадан сәлем» атты театр фестивалі өткізіліп жүр. Астана  күніне орайластырылған биылғы фестивальде көптің назарына ұсынылған 13 спектакльдің үшеуі ғана  қуыршақ театрының қойылымы болды. Онда шетелден келген театрлар да болды. Сол шараға болашақта аймақтардағы қуыршақ театрлары көбірек тартылса деймін. Жалпы конкурстар театр ұжымының өзіне сын көзбен қарап, етек-жеңін жинауына, бірдеңе үйренуіне мүмкіндік береді.

Меніңше, Астанада, Алматыда жеке білім жетілдіру курстарын ұйымдастыру керек.  Тіпті Мәскеу мен Санкт-Петерборға да жіберуге болады, оларда, қанша айтқанмен, қуыршақ театры өнерінің мықты мектептері бар. Дегенмен, соңғы жылдары  фестивальдерде шетелдік театрлар қойған деңгейі жоғары спектакльдерді өз басым көре алмадым.

— Бұрын «Алақайда» «Алдар Көсені» қойдыңыз.  Осы жолы «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» қуыршақтар әлеміне ендіруді қолға алыпсыз. Жаңа жұмысыңыз туралы білгіміз келеді.

— Өткен жылдың аяғында театр директоры әрі сахна суретшісі Әсия Құрманалинамен жаңа қойылым туралы ой бөліскенбіз. Осыдан 20 жыл бұрын Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында өздеріңіздің жерлестеріңіз, Қазақстанның халық артисі  Сұлтанғали Шүкіров «Қыз Жібекті» қойғанын естігенмін. Ол спектакльді өзім көрмесем де, сол маған түрткі болды. Бірде «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды» сияқты батырлар жырын, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш— Баян сұлу» сияқты ғашықтық дастандарын қуыршақ театры тілінде неге сөйлетпеске?» деген ой келді. Балаларды халық ауыз әдебиетінің керемет үлгілерімен таныстырсақ, олардың кітапқа қызығушылығын арттырсақ деп ойладым. Ресейде болсын, басқа да елдерде болсын, қуыршақ театрлары Шекспирдің, Гольдонидің, Шиллердің  шығармаларын сахнаға шығарғалы қашан?! Қуыршақ театры тек балалар үшін ғана қызмет етпейді. Сол балаларды жетелеп әкелетін ата-аналар, яғни ересектер үшін де қойылымдар қояды.

Ғабит Мүсірепов драмалық шығармаға айналдырған «Қозы Көрпеш —Баян сұлудың» қуыршақ театрына лайықталған нұсқасын осы театрдың қызметкері, драматургиялық шығармаларға арналған бірнеше республикалық конкурстың лауреаты Гүлжайнар Қалдина жазды. Әрине, оған оңай болған жоқ, онсыз да 16 нұсқасы бар дастанның 17-ші нұсқасын дайындау үшін аз тер төкпеді, 4 рет қайта жазды. Автор қуыршақ театры өнеріне қатты қызығады екен, керемет құлшыныспен жұмыс жасады, әлі де пьесаға толықтыру-өзгертулер жасауға әзір. Осының өзі табыс деп есептеймін. Қуыршақ театрына арналған пьесада дастанның негізгі желісі сақталғанмен, драматург өз бетінше жазып шықты. Кейіпкерлер қосылды. Қозы мен Баяндай екі ғашық жыр тілінде сөйлесе, Қодар, тағы да басқа кейіпкерлер ойларын ауызекі тілмен жеткізеді. Қиял ғажайып ертегілеріне тән  нәрселер де пайдаланылады. Мысалы, Қара ниет пен Күштің символы іспетті Қодар бірде айдаһарға айналады. Спектакльде  режиссер Мейрам Хайруллин көлеңкелі театрдың трюктерін қояды. Ал спектакльге қажетті бейнеқатарды Асхат Табылдинов дайындау үстінде.

Бұл спектакль 10 жастағы балалар мен ересектерге арналады.

Спектакль суретшісі — Әсия Тәжібекқызы. Қазіргі қуыршақ театры — көп қырлы, қойылымда бірнеше техникалық тәсілдер пайдаланылады. Қуыршақ театрының бір түрі болып табылатын көлеңкелі театр да, бейнепроекция, сыммен жүретін, қолға киілетін қуыршақтармен қатар актерлердің өзі де шығады.

«Алақайдың» бір жақсы жаңалығы, ұмтылысы деп  өз ұжымының ішінен Гүлжайнар сияқты жас драматургті тәрбиелеп жатқанын айтар едім. Шынында, қуыршақ театрының  өмірімен біте қайнасып, оның барлық ұңғыл-шұңғылын меңгермей, оған арнап пьеса жазу қиын. Драма театрдың жөні басқа. Қуыршақ театрында қуыршағыңа сөзің, қимыл-қозғалысың сәйкес келмесе, көрерменді ренжітіп аласың.

—    Спектакль ел назарына қашан ұсынылады?

—    Жаңа қойылымның тұсаукесері 10 тамыз күні болады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button