Мәдениет

«Ғашықпын, өмір, мен саған!..»

Ақтөбелік Сымбат Нағметова бала кезінен қоларбаға таңылғанына қарамастан, бүтін бір үйдің келіні болып қана қоймай, фәниге ұрпақ әкелуден де жасқанған жоқ. Ол қазақтың санын арттырамын деп отыр.

Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық кентінің тумасы Сымбат дүниеге келгенінде денсаулығында ешқандай ауытқушылық болмағанын айтады. Өздігінен қимылдап, жүре бастаған оның, бір жасқа толар шағында, бір түннің ішінде аяғы икемге келмей қалғанда, дәрігерлер қайран қалыпты. Ақ халаттылардың өзі не айтарын білмей, кейіпкеріміздің ата-анасына полиомиелитке қарсы екпені уақытында жасатпағаннан» деп, бастарын ала қашқан екен. Мұндай жағдайды бұрын-соңды өткермеген жас отбасы бәрін жазмышқа балап, аталмыш істің басы-қасында жүргендерді жауапқа тартпағанын мойындайды. «Әке-шешемнің айтуынша, туылғанымда қол-аяғымда кінәрат кездеспепті. Өзге балалардай екі аяқпен жүруге талпыныппын. Бірақ, он бір айлығымда кенеттен қатты жылап, кейін бір-ақ күнде екі аяғым да жансызданып қалған…» дейді ол. Сөйтіп, тағдыр тәлкегіне тайсалмай, тізе бүкпей, тауқыметке төзе білген Нағметовтер әулеті бес баланың бірі — Сымбатты 8 жасында Шымкенттегі мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырады. Алғашында аға-інісі мен сіңлілерін сағынып, біраз уақыт сондағы тыныс-тіршілікке үйренісе алмаған қыз кейін барлығының да жақсы болғанын жымия жеткізеді. Кәмелет жасына толғанға дейін сонда тәрбиеленіп, тек жазғы демалыс уақытында туған жеріне табан тіреген ол:

— Өзіммен тағдырлас қатарластарымды көргенімде, Құдайыма шүкіршілік еттім. Бәрінен бұрын, қиындықтардың өзін күліп «қарсы алуға» дағдыландым. Өйткені жағдайы менен де ауыр адамдар қаншама?! Жарық дүние есігін аттағаныма ризамын, қалғанын жай ғана қате деп қабылдау қажет… Әрқайсымыздың өзіндік мініміз бар.

Арнаулы білім ордасын осыдан он жеті жыл бұрын тәмамдаған мүмкіндігі шектеулі бойжеткеннің 2005 жылға дейін ата-анасының қасында ауылда тұрып, интернаттағы мұғалімдерден үйренген тігіншілігі арқасында уақытын тиімді өткізгені бар. Үйдегі үлкенді-кішілі көрпелерді көргенде, келген қонақтар әлі күнге тамсанып, таңдайын қағады. Оған себеп те жоқ емес: олар кәнігі шебердің қолынан шыққандай көздің жауын алады.

Әйткенмен, ерекше қажеттіліктері бар бұрымдыны Шұбарқұдықтың бір-біріне ұқсас, «егіз» күндері жалықтыра бастады, ол орталықта — қалада тұруды армандайтын… Бұл тілегін ескерусіз қалдырмаған анасының інісі, яғни нағашысы көп ұзамай Сымбатты өз қолына алып, Ақтөбе қаласына көшіріп алады. Сол кезден, кейіпкеріміздің сөзінше, оның бақытты күндері басталған. Ол келе сала «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменоваға жолығып, өзінің хал-жағдайы турасында сыр шертеді. Бойындағы талабы мен талантын таныған төрайым оны сол 2005 жылдың күзінде-ақ Астанада өткен «Көгілдір құс» атты байқауға жіберіп, қамқорлық танытты. Жарымжандарға арналған жарыстан жүлдемен оралып, сенімнен шыққан Сымбаттың тоқыма өнеріне жақын екендігін білген Құралай Базарбайқызы ұйым жанынан іле-шала «Алтын қолдар» үйірмесін ашып, оның ұстаз атануына және септігін тигізеді.

— Білгеніңмен бөлісіп, басқаларды бір іске баулу бақыт емес пе?! Шыны керек, өзімнің сүйікті ісіммен шұғылданып әрі тоқуды өзгелерге үйреткенде бойыма қанат біткендей болды. Оның үстіне, мемлекеттен сол үшін жалақы да алдым. Сонда өзімді қоғамның бір мүшесі екенімді сезініп, шексіз қуанғанымды әлі ұмытпаймын, — дейді С.Нағметова.

Қатарынан екі жыл бойы тағдырластарына тоқыма өнерінің қыр-сырын меңгерткен Сымбат курстың аяқталуына байланысты жұмыстан уақытша қол үзді. Есесіне, қол қусырып босқа отырған жоқ, спорттық сайыстарға қатысып, үлкен жүректі Құралай Бәйменова басқаратын орталықтың белсендісі атанды. 2007-2010 жылдары қоларбадағы әйелдер арасында өткен үстел теннисі бойынша қалалық біріншіліктерде бірнеше мәрте екінші орыннан көрінсе, 2012 жылы дойбыдан қалалық жарыста күміс медальді иеленді. Кейіпкеріміз жеңіл атлетика бойынша жылма-жыл ұйымдастырылатын қалалық шаралардан да бос қайтып жүрген жоқ: ол үш жыл бойы «қоланы» қанжығалап, құрбы-құрдастарының арасында «спортшы қыз» атты «титулдың» иесі. Жоғарыда аталған үш спорт түрінен бөлек, қайсар қыз ақтөбелік сал аурына шалдыққандардың арасынан қашықтыққа ядро лақтырудан да мықты. Одан да бірнеше жыл қатарынан иемденген жүлделері бар.

Сымбаттың сөзінше, оның бәрі — «екінші өмірі»… «Тоқыма өнері мен спорт, қоғамдық жұмыстар отбасымның көлеңкесінде қалады», — дейді ол. Және кейіпкеріміз бұны қалыпты құбылыс деп қабылдап, әйелдік міндетін әрдайым бірінші орынға қоятынын айта кеткен абзал. «Өйткені менің тұрмысқа шығып, біреудің жары болуым — Алланың берген үлкен бақыты. Мен соны әрқашан алдыңғы орынға қоямын. Содан болар, ол (Құдайды айтады — А.Т.) бізге көп ұзамай бала да сыйлады», — дегенде талдырмаш келіншектің таным-түсінігіне тәнті боласың.

Расында, мүгедек қыздың ерімен танысуының өзі ертегілерде кездесетін оқиғалардан кем түспейді. Әуелі ойда жоқта ұялы байланыс қызметінің СМС хабарламасы арқылы танысып-біліскен жастар, бұдан соң телефонмен сөйлесіп, хат-хабар алысып тұрады. Жүздесуге уағдаласар уақыт жақындағанда, Сымбат өзінің қоларбада отырғанын айтуды жөн көріп, «енді сүйіктімнің қарасын да көре алмаймын-ау» деп ойлаған. Дегенмен, тепсе темір үзетін, жасы отыздан енді асқан жігіт болса, қыздың бұл сөзіне анау айтқандай таңданыс білдірмей, «онда тұрған ештеңе жоқ» дейді де, дәмханаға шақырады!

…Екі жылға жуық уақыт аралығында кездесіп, бір-бірін сынаған қыз-жігіт бірігіп түтін түтетуге бел буады. Әрине, алғашында жігіттің ата-анасы қарсылық танытып, «бізге мұндай келін керек емес» деген-ді. Әйтсе де, бөрікті айтқанынан қайтпай қойды. Көп уақыт өтпестен, «қырсық» ұлдары әке атанып үлгергенде, қариялар да немересімен бірге келінін қабылдады…

— Мен үшін отбасы-ошақ қасындағы өмірім қымбат. Неге десеңіз, негізгі «жұмысым» — бала бағу, үйімді тазалау, жолдасымның жағдайын жасау. Сонысымен маған бұл өмір ғажап. Осы күніме разымын! — деп ағынан жарылады әзірге бір баланың анасы.

«Қоларбада отырсам да, ешкімге ауыртпалығымды түсіргім келмейді» деген Сымбат шынымен кәнігі «хозяйка». Оған өзіміздің де көзіміз жетті, шайын әзірлеп, шыр-пыр болып жүргені. Қазақы қонақжайлыққа сай, дастархан басында әңгімесін айтып, кешке таман азаматы жұмыстан келгенде ауқаттанатын асын да дайындап әлек. Көз қуанышы, төрт жастағы тұңғышы Жасмині жүгіріп жүр, өзі сүйкімді, бастысы — аман-есен… Тіл-көзіміз тасқа!..

P.S.: Жақында заңды түрде некелерін қиғандарына екі жыл толған ерлі-зайыптылар Сымбатқа «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен берілген бір бөлмелі үйде тұрып жатыр. Мемлекеттен айына 31 мың теңге көлемінде жәрдемақы алатынын айтқан кейіпкеріміз жолдасы Қанаттың көлік жуатын орталықта жұмыс жасайтынын да жасырған жоқ. «Шүкір, жағдайымыз жақсы» деген отбасының отанасынан іле-шала қыздарына серік сыйлау ойда бар-жоғын сұрадық… «Құдай берсе…» деп отырмыз ғой. Әйтпесе, Жасминіміздің соңынан бір емес, үш-төрт балақай жүгіріп жүрсе, нағыз бақыт сол емес пе?! Кез келген адамның өмірдегі басты парызы — ұрпақ өрбіту екенін білемін. Несі бар, әлі жаспыз…» деп сөзін түйіндеді ол.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

СЫМБАТТЫҢ ҮЗІК СЫРЫ:

 

— Әрине, қазіргі таңда жоғары білімді, аяқ-қолы сау адамдардың арасында жұмыс таба алмай жүргендердің барын білемін. Бірақ, мен де үйде бос отырғым келмейді… «Шіркін, такси қызметінде диспетчер болсам ғой…» деп армандаймын. Екі тілде сауатты сөйлей аламын, еңбек етуге құлшынысым бар. Әрі сол арқылы жолдасыма да көмектесер едім.

Өкініштісі, қоларбада отырғанымды көрген жұмыс берушілер бірден теріс айналады. Қайда барсам да тауым шағылғанмен, үмітімді үзбеймін. Мен де бір күні басқалардай ертемен жұмысқа кетіп, кешке үйге шаршап-шалдығып оралсам… Біле білгенге бұл да бір ғанибет сияқты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button