Мәдениет

Ғанидың станоктары

Үшінші топ мүгедегі Ғани Сырлыбаев «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлесіп ұйымдастырған «Жұлдыздарға қара» байқау-жобасының алғашқы кезеңі бойынша жеңімпаз атанып, 200 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді. 

 

Сексен адамның бірі — Сырлыбаев

 

Байқау-жобаның негізгі мақсаты — мүгедектігі бар жандардың бизнеспен шұғылдануына мүмкіндік жасап, оларға қаржылай қолдау көрсету. Ақтөбедегі «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамы филиалының директоры Алмат Данкеновтың айтуынша, байқау-жобаның алғашқы кезеңіне 4 адам тапсырыс түсірген.

Әрине, өз кәсібіңді бастап, оны дөңгелентіп әкету — қиын іс. Бұл — мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тіпті оңай емес. «Құс жолы» қайырымдылық қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлесіп қолға алған «Жұлдыздарға қара» атты жобасының аясында өткен жылы Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі үш адамның бизнес ашуына ықпал еттік. Биыл осы жоба аясында елімізде ең үздік деген 80 бизнес-идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Грант көлемі — 16 миллион теңге. Облыста бірінші болып грантқа  Ақтөбе қаласының тұрғыны  Ғани Сырлыбаев қол жеткізіп отыр. Жоба көлеміне байланысты әр адамға 200 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, жыл сайын грант мөлшерін ұлғайтудың мүмкіндігі қарастырылады. Бұл — байқау-жобаға қатысушылардың өтініші. Себебі, елімізде жыл сайын экономикалық жағдайдың өзгеріп, бизнеске қажетті жабдықтар үшін  бағаның өсетіні байқалады, — дейді А.Данкенов.

Қазір елімізде «Жұлдыздарға қара» байқау-жобасының алғашқы кезеңі бойынша мүгедектігі бар 42 кәсіпкерге  грант сертификаты табысталыпты. Қос қор өкілдерінің айтуынша, жобаға қатысушылар байқау арқылы іріктеледі. Бизнес-жобаларды іріктеуге «Даму» мен «Құс жолы» қорларынан бөлек, аймақтағы сарапшылар, кәсіпкерлер тартылады.

Мұндай грантқа қол жеткізу үшін ауылдардағы жарымжан жандардың жағдайына көп көңіл бөлеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау —  әлеуметтік және қоғамдық тұрғыдан маңызды. Қос қор да бұл бағыттағы жұмыстарды бірнеше жылдан бері атқарып келеді. Десек те  екі  қор 2012 жылдан бері бұл жұмыстарды бірлесіп атқаруға көшті. Сөйтіп, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын екі институт күшін біріктіріп, бірлескен жоба жасады. Қазір «Жұлдыздарға қара» жобасы «Даму» қорының «Даму-көмек» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатыр, — дейді филиал директоры.

 

«Кілт жасаймын, аяқ киім жөндеймін»

 

Ғанидың аяқ киім жөндеу шеберханасы Ақтөбе қаласының 11-шағын ауданында орналасқан.  Шағын шеберхананың іші шаруаға жайлы. Ғани мұнда аяқ киім жөндеп қана қоймай, кілт жасайды.

Жеке кәсіпкерлік құрып, шеберхана ашып, табыс тауып жатқаныма екі жылдай уақыт болды. Қазір тұрақты клиенттерім де бар. Менің қызметіме сұраныс жоғары. Ол үшін  тапсырысты уақытында орындау қажет. Шеберханамды аз уақыт ішінде қажетті құрал-жабдықтармен толықтырып алдым. Енді, міне, аяқ киім өлшемін кеңітетін арнайы қондырғы мен оны тазалайтын станок-комбайнға да қол жеткізіп отырмын. Су жаңа станок-комбайнның бағасы 700 мың теңге тұрады. «Жұлдыздарға қара» байқау-жобасы арқылы ұтып алған 200 мың теңге көлеміндегі грантқа бұрын пайдаланылған бұл қондырғыны жеке адамнан сатып алдым. Ескі станок болғанымен, күтімі жақсы. Жұмыс істейтін қуаты да мықты. Бұл — менің кәсібіме қажет бірден-бір көмекші құрал. Бұдан бөлек былтыр мен «Даму» қорының көмегімен кілт жасайтын станок алдым, — дейді Ғани.

Осыдан он жыл бұрын жазатайым жағдайға ұшырап, биіктен құлаған Ғанидың диагнозы — остеомиелит. Оған 2009 жылы мүгедектік тағайындалыпты. Бүгінде  үшінші топ мүгедегіне берілетін 16 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақысы оның күнделікті қажет ететін дәрі-дәрмегінен ауыспайды.

Қазір кәсіп етуге ниеттенген жандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Тек жасайтын ісіңді дұрыс таңдап, тиімді жүзеге асыра білу керек. Сонда ғана ойлаған жоспарларың іске асады. Мен мұндай жағдайға тап болғанға дейін аяқ киім жөндеп көрген адам емеспін. Бұдан әрі өзімнің физикалық күшті талап ететін еңбекке жарамсыз екенімді біліп, осы іспен шұғылдануға біржола бел байладым. Аяқ киім жөндеуге икем керек. Шұқыма жұмыстары көп бұл кәсіпті игеру  бастапқы кезде маған қиынға соққаны рас. Оның үстіне, бір қолым іске жарамсыз. Дегенмен іштегі жан күйзелісімді ешкімге білдірмеуге тырыстым. Ақырында бұл істі тез меңгеріп кеттім.  Қазір шеберханамнан күнделікті түсіретін табысым отбасымды асырауға мол жетеді, — дейді Ғани.

Іскер жігіт мүгедек жандарға жанашырлық танытып, қолдау көрсетуді мақсат еткен  байқау-жобаның ұйымдастырушыларына шексіз алғысын айтады.

 

Сайт және семинар

 

Әліби Сабыр, Ақтөбедегі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі:

— «Жұлдыздарға қара» жобасының әкімшілік және техникалық қолдауынан бөлек, 2009 жылдан бері «Даму» қорының мүгедектерді бейқаржылау қолдау қоры бойынша «Даму-көмек» ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама аясында «Даму» қоры қаржыландыру қызметін көрсетпейді, тек мүгедектігі бар кәсіпкерлер мен потенциалды демеушілер және кредиторлар арасында байланыстырушы ретінде әрекет етеді. Қазір www.damu-komek.kz сайты арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардан өтініштер қабылдау жүзеге асырылады. Сайтта бизнес жүргізу үшін қажетті қызметтер мен тауарлар тізімі көрсетілген. Бұған қоса, осы сайт арқылы мүгедек жандардың өтініші бойынша қайырымдылық қолдау көрсетуге дайын демеушілерді іздеу жүзеге асырылады. Биыл 10 шілдедегі дерек бойынша, бұл сайтта 1463 өтініш орналастырылған. Қазір 1074 өтініш білдірушіге демеушілер тарапынан көмек көрсетіліп отыр. Оның  650-і — әйел-кәсіпкерлер.

Тағы бір айта кететін жайт, қордың барлық өңірлік филиалдарында мүгедектігі бар кәсіпкерлерге заң консультациялары, сондай-ақ бизнесті жүргізу мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі. Бұдан бөлек, жарымжан жандарға қордың барлық өңірлік кеңселерінде бизнес-жоспар құру мен бизнесті жүргізу бойынша тегін семинар-тренингтен өтуге мүмкіндік бар. Бұл — мүгедек жандарға өз бизнесін дамыту үшін қосымша көмек. Биыл өтініш білдірген қатысушылардың жартысынан көбі «Даму» қорының «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқытудан өтті.

«Жұлдыздарға қара» байқау-жобасы  екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жолы болмаған кәсіпкерлер өз күштерін сынап, жобаның екінші кезеңіне де өтініш бере алады. Екінші кезеңге өтініш қабылдау мерзімі 1 қыркүйек — 26 қазан аралығында жүргізіледі. Жобаға мүгедектік тобы берілген, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын немесе кәсібін енді ғана бастаған адамдар қатыса алады.

P.S. Бұл байқау-жобадан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалып жатқанын айқын аңғаруға болады. Мемлекеттік қаржы институты мен екінші деңгейлі банктің бірлесіп қолға алған жобасының нәтижесінде мүгедектер әлеуметтік ортаға бейімделіп қана қоймай, олардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға жағдай жасалып отыр.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button