Мәдениет

Едігенің иті

Әңгіме

                                                                                  «Жақынды ит пен бала біледі»

                                                                                                          Халық даналығы.

 

Онда Едіге үйде. Өз жанымда. Үлкен балам үйге ит алып келді. Бала болғанда отыз алтыдағы жігіт. Бір ай бұрын ескерткен, әкелем деп.  Мен: «Дәу иттің керегі жоқ, қанден әкел, –  дегенмін. – Қанден сақ болады, шәуілдеп сигнал беріп тұрса жарайды». Бұлай деуімнің себебі бар, ана жылы Есенғали ағам: «Мына алабайдың біздің қазақы төбеттей емес, тайыншадай болып қасиеті жоқ нәрсе екен. Аңдаусызда баламды қапты. Кейде, тіпті, маған алайып қарайды. Оның үстіне күніге төрт-алты килограмм ет керек. Балалардың бірін жазым  қылар деп аттырып тастадым», – деген. Ертеректе Мұхтар ағам жазып еді, ұзақ іссапарға кеткен еркек, әйелім не істеп жатыр екен деп, жанындағы кілтпен есікті қапыл ашып кіріп келсе, биік үйдегі бөрібасар иті тұра ұмтылып, талап тастапты деп.

Мынау қанден емес. Зор. Құлақтарын, құйрығын шолтитып кесіп тастаған. Көкқасқа, шұбар тұмсық. Алабай! Жоқ, қоспасы бар.

– Жер үйде тұрғасын бір ит керек қой, –  дейді ұлым менің итті ұнатпайтынымды білгендіктен  тігісін жатқыза сөйлеп. –Танысымнан, почти, тегін алдым. Әйтпесе мұндай ит базарда 50-60 мың.

– Жас екен. Өзі алабайға шатыс бірдеңе ғой.

– Оның рас, таза алабайлар маубас болады,үрмейді.Тамаққа да тоймайды. Бұл қаны таза қазақы төбетпен екі ортадан шыққан. Күшік, бес айлық.  Саққұлақ. Ашушаң. Үргіш.

– Қазақы төбет пен қазақы тазы құрығалы қашан.

–Құрыған жоқ, бірен-сараң бар. Мұның иесі миллионер қазақ. Заказбен алдырады.  Жүзге тарта иті бар. Арнайы бақташылар, күтушілер ұстайды.

–        Ол миллионер соншама итті не істейді? –  дедім аңырып.

–        Қызыққа бағады. Төбелестіреді.

–        Бәрекелді! Жетіскен екен. – Бұрылып кеттім.

Бұрнадан естуім бар еді, сондай бір байлар болады, қоралап ит ұстайды. Таластыруға салады дегенді. Алла! «Жүре берсең, көре бересің» деген, мұндай сұмдықты кім білген. Қазақ ертеде ит-құстан қора күзету үшін маң төбет, аңға қосу үшін құмай тазы ұстайтын-ды. Өткен ғасырдың ортасында   көзімізбен көріп ек. Онда отарлық езгі. Онда жұрттың бәрі тақыр кедей. Үкіметіміз неғұрлым кедейлене берсең, солғұрлым жақсара бересің деп үгіт жүргізеді. Жоқшылық. Әке-шешелеріміз тегіс таңның атысы, күннің батысы колхоздың қара жұмысына жегілген. Жалақысыз істейді. Үш айда үш-төрт пұт бидай береді, қол диірменге тартып, нан қылып жеуге. Мұны да өліп қалмасын деп. Ауыр қара жұмысқа қазақ кереккендіктен. Өктем ел малды көбейтуге рұқсат етпейді, байып кетпес үшін. Үш бастан аспауы керек – сиыр, бұзау, баспақ. Бітті! Сөйте тұра әр шаңырақ жылына өкіметке 8 килограмм шыжғырылған, тортасын айырған сары май, 58 килограмм ет тапсыруға міндетті. Атаулы салық. Жеке малың бар ма, жоқ па оған қарамайды. Жоғарғы жақтың арнайы рұсатынсыз өз қозы-лағыңды сойғызбайды, тойынып кетпес үшін. Тоқ адам әрқилы ой ойлайды, отарлық езгі астындағы халықтың не ойлайтыны белгілі ғой, сондықтан аш құрсақ ұстау керек. Міне, сонда көргенбіз қазақы тазының қызығын. Жерасты суы өте жақын, шұңқырының бәрі жиде, шілік пен тал, тораңғы, қалың қорыс Ұлықұмның іші өрген қоян. Үлкендігі лақтай құмның сұр қояны. Ол замандағылар қолға түскенді бөліп жейді. Аңшылықтың жазылмаған өз заңы бар. Олжалы аңшы алдынан кім бірінші кездесіп «сыралғы»  десе, аңын соған беруге тиісті. Ауылдағылар әдеп сақтап, кезекпен шығушы еді. Өстіп, бір тазы жеті-сегіз үйден тұратын бір ауылды асырады демей-ақ қояйық, қызылсыратпайтын. Осылайша керегіне жарап, көмегіне келген итті қазақ «Жеті қазынаның бірі» деп қадірлеуші еді. Ал қазіргі заманда жұрттың, оның ішінде қала қазағының алабайды қай пайдасына жарататынын түсінбедім. «Төбелестіреді» дейді. А, Құдайым-ай! Не сұмдық! Еріккен сарт әтеш, бөдене төбелестіреді дейтін еді. Тағы бірдеңе істейді дейтін. Еріккен миллионердікі де соның кері-те.

– Атын Рекс қояйық, –  деді бәйбішем көсемсіп.

– Жоқ, төсі ақ екен, Ақтөс, –  дедім мен өзімді әрең іркіп, жөн сөйлеуге тырысып. – Едігенің иті. Едігенің Ақтөсі!

Едіге – немеремнің аты. Құдай қаласа осы жазда екіге толады. Біздің даңқты мемлекетіміз Дешті Қыпшақтың билік тұтқасын 17 жыл ұстаған атасының атын иеленген бала. Бұл да атына сай – ақылды, мейлінше жомарт һәм ер жүрек батыр.

Сәбиге жақсы ат қою парыз деген соң Едіге деп қойғанмын. Едіге болғанда – «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» деп аты тарихи деректерде қалған, ал халық санасында «Ел билеген Едігем», «Ел қамын жеген  Едіге» боп бейнеленген, 1382 жылы Тоқтамысқа еріп барып, әскер бастап, Мәскеуді шапқан, 1399 жылы түбегейлі басып алмақ болып шекарамызға ақтарыла кірген Литваның ұлы князі Витовттың Тевтон орденді рыцарлары мен Польша және  батыс орыс княздіктерінің біріккен әскерін талқандаған, Ақсақ Темір империясы иеленіп кеткен Сыр бойын 1404 жылы қайырып алған, Хорезмді өзіне қаратқан, сөйтіп елінің өрісін кеңейткен, 1408 жылы Мәскеуге жорық жасап, бас игізіп, алым-салық салған, 1416 жылы шарттан ауытқыған, келісімді бұзған Киветі өртеген, осы жылы даңқты Витоватты  біржола жерге қаратып, енді еңсе көтерместей қылған Едіге.

Сөйтіп, кежегем кері тартып тұрғанымен түзік сөйледім. Себебі, баяғыда, жетінші класта оқып жүргенінде осы балам не төбет емес, не овчарка емес, дүбара, сықпыты жаман күшікті алып келіп, асырамасам болмайды деп жылап-еңірегенде, қитығып атын «Қасқыралмас» қойып едім. Сол Қасқыралмасым кейінен иттің төресі болып шықты. Ол заманда біз ауылда тұрамыз. Қаладағыдай емес, итті тар жерге қамамайсың, байламайсың, бостан өседі. Қасқыралмас үйді күзетеді. Алда-жалда біз жоқта біреу кіріп кетсе, енді өлді шығармайды, мен немесе әйелім келмей. Жазда қозы не тоқты-торым сойсаң түнде, салқында, шыбын сейілген кезде, кептіру үшін өреге іліп қоясың. Түнімен соны күзетеді, бөтен ит пен мысықтан сақтайды, өзі де тимейді. Көршілердің сиыры жинаулы пішенімізге түссе, сүргітіп айдап шығады. Аудан орталығындағы ағайдың үйіне ертіп кету қажет болса, автобусқа артқы есіктен кіреді де, жолаушылардың мазасын алмай тып-тыныш жата қояды. Жүк машинасымен жол жүрсең, қажетті жерінде  қорабына қарғып мініп, қарғып түсе береді. Үйреткен ешкім жоқ, өзі іштен біліп туған. Дүниенің рақаты. Иттің сұлтаны. Қызметін көп көрдік. Айыбы ит демесең, адамнан бетер-ді. Адамнан артықшылығы –  иесі үшін жанын қиюға әзер-тін.

Бірде аудан орталығынан ауылға жаяу қайттым. Екі орта жеті шақырым. Шілде. Күн өртеніп тұр. Қасқыралмас қасымда. Тілі салақтап, аузының суы шұбырып,  екі бүйірі солқ-солқ етеді. Жолай көлге шомылып, салқындап алмақшы болдым. Әуелі итті түсіріп,  жүзуге үйретуге талап қылдым. Олай итердім, былай сүйредім түспеді. Көтеріп алып салайын деп ем, өмірі көл көрмеген бейбақ қаңсылап қашып, азар да безері шықты. Жақсылап боқтап, өкпеге бір теуіп, түспесең қой деп, суды белуарыма дейін кешіп бардым. Қасқыралмас жағада аңырып қарап тұр, мұндайды, көлге түсуді көрмеген көргенсіз ит қой. Су белуардан асқанда құлаш ұрып жүзе жөнелдім. Жүзу анау айтқандай оңай шаруа емес, құлашты алма кезек ұрасың, соған орай аяқты ышқына сілтейсің, батып кетпей ілгері жылжу үшін жан ұшырған опыр-топыр қозғалыс. Жан-жағың шапшыған, шашыраған су. Мұны көрген итім қыңсылап жиекте ерсілі-қарсылы жүгірді, сосын шыдай алмай көлге қойып кетті де, маған қарай жүзе жөнелді. Байғұс, мені суға батып бара жатыр деп аяп, өз басын қатерге тігіп, құтқармаққа ұмтылды. Жүрегім елжіреп кетті, қайран дана бабаларым, итті жеті қазынаның біріне жатқызуың тегінен тегін емес екен ғой. Серігімді қинамайын деп жағаға шықтым. Кейінгі бір жылда мен үшін тағы да осындай жанкештілік танытып еді. Оны айтсақ әңгіме әуені басқаға ауып кетеді…

Сонымен,  бақилық боп кеткен Қасқыралмас еске түсіп, жөн сөзге көштім. Атын Ақтөс қойдым. Иесі – Едіге. «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей, иесі Едіге мен иті Ақтөс әуелі бір-біріне қиғаш келді. Есі кірмеген, екіге әлі толмаған Едіге есік алдыда қамауда тұрған Ақтөске аяқ астындағы ұсақ тастарды лақтырды. Өршеленіп, бірінен соң бірін. Дәл тигізу үшін мейлінше жақындай бергенде, ит арс ете түсті. Бала қорқып кетіп, бақырып маған қарай қашты. Құшақтай алдым. Итке ақырып сес көрсеттім. Содан соң балам оның жанына жоламайтын болды.

Үнемі қамауда тұрған соң аяп, кейде кешкісін босатып, аула ішінде жүгіртіп алатыным бар еді. Алты айлық күшік қой, ойнайды, секіріп сайранды салады, жолындағы әлдеқандай заттарды тістелеп лақтырады. Сыртқы есіктің кіреберісінде қолыма таяқ ұстап, тәйт-тәйт деп қақпайлап, тәртіпке үйретіп тұрғанмын. Ауланы тағы бір айнала жүгірген ит менің қарсы алдыма келіп тұра қалды, сосын олай бір, бұлай бір секірді. Күшікке ойын керек, менімен ойнағысы бар. Басын бұлғақтатып  маған арс-арс етіп үре бергенде сырттан әкесіне еріп Едіге кіріп келді. Арсылдап адамға ұмтылып жүрген итті көріп, шошып кетті де оқыс дауыс шығарып, сыртқа қашты. Әкесі ере шықты. Бала қорықпасын деп мен есікті жаба қойдым. Сөйткенімше болған жоқ, Едіге жүгіріп қайыра ішке кірді. Бойын жинап, қатайып алған. Бар сұсы бетіне шыққан. Келді де менімен иттің ортасына айбат шегіп тұра қалды. Арадағы ойынның уақыты өткенін сезген Ақтөс қаша жөнелді. Әуелі іс байыбына бара алмай сасып қалған, шошып кеткен Едіге өзі қашып, атасы қауіп астында қалғанын, дәу иттің оны жеп қоюы мүмкін екенін білгенде баяғы Қасқыралмас сияқты басын бәйгеге тігіп, қатерге қарсы ұмтылғанын сонда барып сездім. Жүрегім езіліп кетті. Бұрынғы дана қазақтан қалған сөз бар еді, «Жақынды ит пен бала біледі» деген.

Анада, қыста да осыған ұқсас бір оқиға өткен. Шаштаразға баруға орайы келмей, кабинетімде бәйбішеме шашымды алдырып жатқам. Өзге де шаруасы көп әйелдің онша ықыласы болмай, күштеңкіреп көндіргенмін. Үстімізге Едіге  келді. Мойыным тұмшалаулы, кеудем ақжаймамен  шаш түспес үшін оралып тасталған, яғни қол-аяқ матаулы. Ықылассыз сұп-сұр кемпір жаналғыштай төбемнен төніп тұр, қолындағы  бау-шуы салақтаған көне мәшінке дар-дұр етеді. Оңды-солды сілтейді. Мұндай сұмдықты алғаш көрген сәби шошып кетті. Жылап кері қашты. Әзірейіл кемпір атасын өлтірейін деп жатыр деп ойлаған. Минуттың алтыдан бір бөлігі шамасында қайта оралды. Қатайып бойын билеп алған, әжесіне атаны жібер, менің басымды кес дейді, басын көрсетіп.

Ол жолы терең пайымдамаппын, Едігенің атына сай ер екенін, соншалықты дарқан екенін. Осы жолы, екінші ретте ғана байыбына жеттім. Мұндай істі ердің ері істей алса керек, болмаса қай бала өзге үшін өз басын құрбандыққа шалады.

Айтпақшы, Тамерлан өсіп келе жатыр. Алтын Орда мен Осман империясын қиратып, ту-талақайын шығарған, құдіреті жеткен соң тарих дөңгелегін кері айналдырған Ақсақ Темір-Тамерланның құрметіне атын иеленген бала.  Біздің құда жеті ағайынды. Құдағидікі бұдан да көп. Немере сүйгені қаншама, одан асып шөбереге жеткені бар. Шүкір, үпір-шүпір балалы.  Едігемен қатарының өзі бір дюжина  – жасты, бір жас, жарым жас үлкен дегендей. Алысса, кейде шатақ шығып кетсе, қимылы шалт Едіге жайпап салады. Шешелері мұны көргенде «Едіге тентек келе жатыр» деп балаларын көлкештейді. Олардың ішінде тек Тамерланға жақындамайды. Сескенеді. Шындығында, сескенбейді, сақтанады. Тамерланның туысы бөлек  – бала болып ойынды білмейді, түйілген қабағын ашпайды, өмірі күлмейді. Сұсты. Айбарлы. Аллатағаланың құдіреті күшті,  мында – Едіге, анда –Тамерлан өсіп келеді. Бірі – қыздан, екіншісі – ұлдан. Тамерланның бар екені ақиқат, сондықтан Жаратқан иеміз Едігеге де денсаулық, ұзақ ғұмыр бергей.

Едіге қазір нағашы әжесінікінде жүр, шешесімен бірге. Екіге жақында толды. Кішкентай. Құрттақандай сәби. Кішкентай болған соң қашан оралары белгісіз.

Ақтөс біздікінде. Едігенің әлгі жүрек жұтқан ерлігінен кейін екеуі достасып кетті. Шолақ құйрығын шошаңдатып, басын бұлғақтатып сұраса – жаны жайсаң, қайрымы мол, мәрт, тумысынан мырза, сахи Едіге қолындағы бар тәттісін беретін. Ақтөс иесін көрсе мәз болатын. Иесі кеткелі қабағы салыңқы. Баяғыдай емес, ойынды қойды. Көп үрмейді. Сұлық түсіп жатады да қояды. Күтіп жүр. Бірақ Едігенің қашан келері белгісіз. Алайда, түбі бір соқса керек…

 

                                                                                        Жұбаназар  АСАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button