Мәдениет

Мың айдан да қайырлы…

Ата-бабаларымыз «Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл» — деп ерекше қадірлеген Қадір түні — қасиетті Құран түсірілген түн.

Биыл Қадір түнін шілденің 23-інен 24-іне қараған түні күтеміз.

— «Қадір» сүресінде: «Анығында, біз Құранды Қадір түні түсірдік» — делінген. Яғни, осы түні қасиетті кітап Ләухүл-Махфуздан Бәйтүл-Ъиззаға түсіріліп, кейін Пайғамбарымызға (Оған Алланың нұры жаусын!) жиырма үш жыл бойы бөліп-бөліп түсіріліп отырған. Ләухүл-Махфуз — тағдыр тақтасы, сыр, құпия сақталатын тақта, ал Бәйтүл-Ъизза «дүние аспаны» деген мағынаны білдіреді. Біз Рамазан айының 27-түнін Қадір түні ретінде күтеміз. Негізінде, бұл түннің нақты қай түн екені адамзатқа жұмбақ күйінде қалдырылған. Сахабалардың жеткізуінше, Пайғамбарымыз Рамазан айының барлық түндерін Қадір түніндей қастерлеуді, әсіресе, 27-түнді ұйықтамай, құлшылықпен өткізуді өсиет еткен,дейді облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Серікжан Еншібайұлы.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өз өсиетінде былай деген: «Кім де кім Қадір түнінің мол сауабына сеніп, шын ықыласпен өткізер болса, оның күнәлары кешіріледі».

— «Қадір» сүресінде: «Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін періштелер және Рух түседі. (Әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) Алланың рақымы мен есендігі жауады» — делінген. Жалпы, Рамазанның соңғы онкүндігін құлшылықпен, Құран хатым етумен, игі істермен өткізудің сауаб мол, маңызы өте зор. Пайғамбарымыз мұны бекер өсиет етпеген, — дейді Серікжан Еншібайұлы.

Алла Тағала Қадір түніндегі дұға-тілектеріңізді қабыл еткей!

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button