Мәдениет

Амасьяда ақтөбеліктер ән шырқады

Маусым айында Түркияда түркі тілдес елдердің өнері мен мәдениеті фестивалі өтті. ТҮРКСОЙ ұйымдастырған үлкен шараға әлемнің жиырма елінен келген делегаттар қатысқан.

Жыл сайын өткізілетін мәдениет мерекесіне Қазақстанның әр қаласынан өнер ұжымдары барады. Биылғы таңдау Ақтөбедегі Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға түсіпті. Фестивальге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, әнші Арман Төлесінов,  «Аққу» би ансамблінің мүшелері мен «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі барып қайтты.

Шара Амасья қаласында өткен. Түркияның Венециясы саналатын табиғаты ерекше, тұрғындары ұлттық салт-дәстүрін ерекше құрметтейтін, мәдени ошақтарға бай Амасьяда осындай үлкен деңгейдегі шаралар жиі өткізіледі екен.

— Біздің қаламызда да түрлі халықаралық фестивальдер өткізіліп жатады ғой. Дегенмен, біздегі шаралар жабық мәдени ошақтарда өтеді, әрі бас-аяғы екі-үш күнде аяқталатындықтан, тұрғындардың көпшілігі бейхабар болатыны жасырын емес. Ал аумағы Ақтөбе қаласымен шамалас Амасьяда фестивальдар өтетін уақытта қала түгел осы мәдени шаралармен тыныстайды. Көшеде кетіп бара жатсаң, тұрғындар тұра қалып сөйлесіп, қайдан, қай мемлекеттен келгенімізді сұрастырып жатады. Және мұндай үлкен деңгейдегі фестивальдер бір-екі күнге емес, он-жиырма күнге, тіпті бір айға созылады. Сондықтан тұрғындар қай жерде, қандай шара өткізілетінін алдын ала біліп, соларға қалмай баруды әдетке айналдырған, — дейді Светлана Айтбаева.

Амасьялықтар өздерінің дәстүрін, салтын, дінін, мәдениетін ерекше құрметтейді екен. Мемлекеттің әнұраны айтылып жатқанда көшедегі, қоғамдық көліктердегі, сауда орындарындағы — барлық жерде жүрген амасьялықтар тұра қалып, кеуделеріне қолын қойып, әнұранды бірге айтатын көрінеді. Ғимараттарда, үйлерінің терезелерінде ілулі тұрған туларында есеп жоқ. Егер үйде отаны алдындағы әскери борышын өтеуге кеткен ұл болса, соны мақтан тұтқан ата-ана «менің үйімде елін қорғайтын азамат бар» деген мақтанышпен, терезесіне ту іледі екен, ал бойжетіп отырған қызы  бар үйдің терезесінен қызыл қалы кілем ілулі тұрғанын көруге болады деседі…

— Тұрғындар дінін де қатты құрмет тұтатынын байқадық. Бес уақыт намаз кезінде азан шақырылған уақытта қалада барлық музыка, ән-күй түгел тоқтатылады.  Мысалы, біздің концерттік бағдарламамыз аясында әншіміз Арман Төлесінов Нұрғиса Тілендиевтің «Елім менің» әнін шырқап жатқан болатын. Әннің қақ ортасында сахнаға кеш жүргізушісі келіп, Арманның қолындағы микрофонды алып, әнді тоқтат деген белгі берді. Алдымызда мыңдаған көрермен отыр. Фольклорлық ансамбль мүшелері не болғанын түсінбей сахнадан түсіп кетті. Мен де аң-таңмын, бір қателік жіберіп қойдық па деп зәрем ұшты. Сәлден кейін аудармашылардың бірі келіп, азан уақытында барлық музыка тоқтатылуы тиіс екендігін айтты. Келесі күні де жағдай осындай болды. Концерт көріп отырған мыңдаған адам намаз уақыты аяқталғанша тып-тыныш отырып, концерттің жалғасын күтті, — дейді С.Айтбаева.

Ақтөбелік делегация сапарын Анкара қаласынан бастаған. Біздің өнер ұжымдарын Анкарадағы Түркия телерадио компаниясының қызметкерлері күтіп алған. Жеті мыңнан астам адам қызмет ететін, тоқсан жылдық тарихы бар компанияның қазақ, қырғыз редакциялары біздің өнер иелері туралы арнайы хабарлар түсіріп, сол жердегі қазақ радиосының тілшілері сұхбаттар әзірлеген.

— Қазақтық ұлттық музыкасы төңірегінде көп әңгімелестік. Ұлттық киімдеріміз турасында қызығушылықпен сұрақ қоюшылар көп болды. Біз Анкараға барғанда осындағы театрлардың бірінде Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының премьерасы өткізіліп жатқанын білдік. Оған қазақтың белгілі опера әншілері қатысып жатыр екен. Олар туралы да телекомпанияда бірнеше хабарлар түсіріліп жатты. Ресми түрде айтылмағанымен, бұл күн Анкарада қазақ мәдениеті күндері сияқты болды, —  дейді С.Айтбаева.

Ақтөбеліктер Анкарадағы ТҮРКСОЙ кеңсесіне арнайы шақырумен барған. Осы ұйымдағы Қазақстанның өкілі Мәлік Отарбаев қазақ елінен келген бауырларын ТҮРКСОЙ ұйымының жұмысымен, кеңсесімен таныстырған. ТҮРКСОЙ жиырма жылдан бері түркі тілдес халықтардың мәдениетін насихаттап, бізбен түбі бір халықтардың ұлттық өнерін, ән-күйін дамыту, өнер иелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуы жолында көп жұмыс атқарып келеді.

Қазақстан өнерпаздары  ТҮРКСОЙ өткізетін мәдени шараларға үнемі қатысып отырады. С.Айтбаеваның айтуынша, ТҮРКСОЙ кеңсесінде ілулі тұрған қазақ өнерлілерінің суреттері — соның айғағы. Олардың қатарында ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайбергеновтің де суреті ілулі тұр…

Түркі тілдес елдердің өнері мен мәдениеті фестиваліне барған жерлестеріміз ерекше әсермен оралғанын айтады. Фестивальге құр қатысып қана келген жоқ, бірінде жоқты бірінен үйренді, тәжірибе алмасты. «Жергілікті телеарналар мен радиоларға қазақ халық әндерінің, халық композиторлары шығармаларының жазбаларын тастап кеттік. Болашақта Түркия телеарнасындағы қазақ редакциясымен тығыз байланыс жасауды жолға қоймақпыз», — дейді С.Айтбаева.

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

 

*** Суреттерді С.Айтбаева «Ақтөбе» газетінің поштасына салады. Немесе суреттер «АВ» газетінде де бар дейді, Максимде, Таня Виноградовада.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button