Мәдениет

Саңлақ сүлейдің тойы

 

Қонақжай ауыл

«Атасы бөлек болғанмен, жамиғи қазақ бір туған» деп жырлаған Базар жыраудың сөзінің ақиқаттығы  өткен аптада Жабасақ ауылында болған  жырауға ас беру кезінде тағы да көрінді. Ұйымдастырушылардың бағалауынша асқа жиналғандар жобалағаннан әлденеше есе көп болды. Ақтөбеден, Әйтеке би ауданының өзінен, көршілес Ырғыз, Шалқар аудандарынан адамдар көптеп қатысты. Қызылордадан, Атыраудан, Маңғыстаудан, Жамбылдан, Қостанайдан, Орынбордан, еліміздің өзге де шет аймақтарынан ат сабылтып қонақтар жетті. Ғалымдар, көрермендерге есімдері кеңінен таныс жыраулар, өнер иелері жиналды. Сөйтіп бір ауылдың, әрісі бір ауданның деңгейінде ұйымдастырылған ас исі қазақтың тойына, қуанышына айналды.

Асқа қатысу оңай шаруа да емес еді. Туып өскен бір перзенті «Елдің шетінде, желдің өтінде, Жабасағым!» десе дегендей, бұл өлкенің жер мойыны қашық екен. Әр жағы Торғай, Нұра, Мамытпен шектеседі. Бұл жаққа бағыт алған жолаушы Әйтеке би ауданының орталығына жетіп, одан әрі соқпақты жолмен Құмқұдық асып, және біраз жол азабын тартып, жалпы жиыны 500 шақырымға таяу қашықтықты артқа тастап қана бара алады. Бауыры аласа жеңіл көлікпен шыққан жүргінші көп қиналып жетеді, абай болып жүрмесе, жолда қалуы да мүмкін. Әне, сондай  қиыр шеттегі ауылда бабаға арнап ас беру кімге жайлы бола қойсын. Алыстан шақырылған қонақтарды асхана, мейрамханасы, қонақ үйі жоқ ауыл жағдайында күту, құрмет көрсету жеңіл жұмыс емес. Осындай жағдайда бұл жердің таңдалуын, осы шараның өтуіне  бастамашы болған, жыраудың тікелей ұрпағы Ағыбай Бердімұратов: «Балқы Базардың ұрпақтары негізінен осы Жабасақ округінде тұрады. Тек Жабасақ емес, іргедегі Қарасу, Байжанкөл, Аққұм ауылдарын қамтуға да мүмкіндік бар. Әрине, бабамызды үлкендер жағы, орта жастағы  ұрпақтары жақсы біледі. Ал бүгінгі жастар, қылқандай өсіп келе жатқан жас балалар таниды, шығармасын оқиды деп айта аламыз ба? Ас ауылдың ішінде өтсе, солардың есінде қалар еді деп ойладық. Болмаса,  облыс, аудан орталықтарының бірінде өткізуге де болатын еді», — деп түсіндіреді.

Көпті көрген ағаның уәжі құлаққа қонады. Дұрысында мұндай шараның мақсаты — ішіп-жеп кету емес, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету ғой. Осы тұрғыдан алғанда, асқа жиналғандардың, қонақтардың көптігіне байланысты азды-көпті қысылып-қымтырылу болғанмен, көзделген шара ойдан шықты. Ауылға тойдан бір күн бұрын, ертең болады деген күні, алдын ала келген қонақтар тұрғын үйлерге жайғастырылды. Оларға қонақжай тұрғындар бір малын сойып қонағасы беріп, үш мезгіл дастархан жайып, кете-кеткенше құрмет көрсетті. Мысалы, Сейділда деген азаматтың шаңырағында екі күн бойы 10-15 қонақ түстеніп, қонып шыққанда, өздері де бір қора жан, не бәйбішесі, не келіндері бір қабақ шытқан жоқ. Алыстан-жақыннан келген қонақтар орналасқан өзге үйлер де осындай қонақжайлық, дархандық таныта білді.

 

«Өнердің төресі — осы!»

 

Балқы Базар бабаларына ас беруге ұйғарған ауылда қазіргі талғамға жауап беретін үш-ақ ғимарат бар. Өткен жылы пайдалануға берілген екі қабатты орта мектеп, сосын тоқсаныншы жылдардың аяғында тұрғызылған үлкен клуб үйі. Ол да екі қабатты. Үшіншісі — 1996 жылы ашылған Самырат мешіті.

Той ертең болады деген күні кеште аталған клуб үйінде аудан, ауыл өнерпаздарының концерті басталды. Адамның көптігі сондай, арада сағат өтпей, клуб іші жанып кетті. Бірақ залдағы  көрермендер мазасызданып отырса да, орындарынан қозғалған жоқ. Өйткені концертің соңы термешілердің сайысына ұласатыны хабарланған еді. Қазылар алқасының төрағасы «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы уақыттың тарлығын ескертіп, жыраулардың өнеріне «теңіздің дәмі-тамшыдан» өлшемімен баға берілетінін мәлімдеді. Жер тарпыған жүйріктей тыпыршыған жыраулар сахнаға бірінен соң-бірі көтеріліп, негізінен Базар жыраудың термелерін орындады. Термешілердің сайысын ақтөбеліктерге көптен таныс Мырзағұл жыршы бастады. Алқалы топты талай сүйсіндірген маңғыстаулық Сәрсенбай жыршы пысынаған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Қызылордалық әйгілі  сүлейлердің ұрпағы Майра қыз құлаққа таныс сазды әуенге салғанда, тыңдаушы қауым қиқуға басты. Бердіғали Рафбек, Демеубай Жолымбетов, Төлеубай Қобдабаев, Ғалым Әбдірахман, Заманбек Жамиев сынды ақтөбелік жыраулар да дүрмекті біраз қыздырды.

Кезек Наурызбек жыраудың шәкірті маңғыстаулық Өсербай жыршыға келгенде, тыңдармандар «қас жүйрік шапқан сайын өршеленер» деген жолдардың сырына тағы бір көз жеткізгендей күй кешті. Алқымы қызған жырауды төрешілер жүйрікке арқан кергендей қылып шақ тоқтаты.

Ақтөбелік Жетес жыршы Балқы Базардың термелерін сар желдіріп домбырамен де, төбе құйқаны шымырлатып қобызбен де орындады. Осы жерде шын жүйрік, нағыз өнер иесі екенін тағы да бір дәлелдеді.

Термешілердің соңын ала домбыра ұстап шыққан Жарқынбек Кеңесбаев  ақсақал сахнаға ілінген суреттегі Базар жыраудан түрі аумайтындай көрінді бізге. Ол термешілердің тізімінде жоқ екен. «Жасым сексенге келіп қалса да, атамыздың тойында дүрмекке қосылмай  қарап қалуды жөн санамадым. Ұлы адамды қайта тірілтіп, ұлықтау шараларын өткізіп отырған ұйымдастырушыларға, оған үлес қосқан барлық азаматтарға рақмет!», — деді де, Базар жыраудың термелерін сар желдіріп әдемі орындап шықты. Көпшілік риза болып, дүркірей қол соқты.

Жүйріктер көп қатысқан термешілердің сайысына төрелік жасау да оңай болмаған сыңайлы.

— Мен мынадай әдемі, «артистікке жатпайтын», одан гөрі жоғарыда тұрған, бір кездері біздің қазақтың кез келген ауылында болған  өнерді көріп өкініш пен қуаныштың ортасында тұрмын. Ежелгі жыраулардың, термешілердің, жыршылардың сөздері  қазақтың көкірегінен шыққан, сол себепті біздің қазақ олардың әрқайсысын әулие тұтқан. Екіншіден, олардың заманы бөлек болған. Бұлай бекер жасадық-ау деп, мен өкініп отырмын. Киіз үйді тіктіріп, соның ішінде елдің мейірі қанғанша айттыруымыз керек еді. Бірақ оған уақыт тар болды. Біз өзіміздің өнерімізді өзіміз менсінбейтініміз болмаса, өнердің төресі — осы, — деді Мейірхан Ақдәулетұлы. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, термешілер сайысына қатысқан, шаппай бәйге алатын белгілі жыршыларға бағасын беріп, көңілін аулай келіп, төреші: «Базардай ұлы жыраудың  тойына қатысып, оның шығармаларын шебер орындап, көптің көңілінен шығудың өзі — біле-білгенге үлкен марапат» деген тоқтам жасады. Жыршылардың сайысында ерекше көзге түскен қызылордалық термеші қыз Майра Сәрсенбаеваның, жасы ұлғайғанына қарамай, дуда қызып тәп-тәуір өнер көрсеткен Жарқынбек ақсақалдың, әйтекебилік  жас термеші Заманбек Жамиевтің  өнерлерін айрықша атап, оларға арнаулы жүлде тапсырылатынын айтты.

 

Көрме залы

 

Базар жырауды ұлықтаудың себебімен, ауыл  клубында осы өңірдің тарихын баяндайтын көрме залы жасақталып қалды. Мұны шағын мұражай десе де болады. Қабырғаға  «Елім деп соққан жүрегі» деген тақырыппен осы өңірден шыққан Темірбек Жүргеновтің  суреттері, ірі тұлғаның өмірі мен қызметін баяндайтын құжаттар ілінген. Анасының, зайыбының, қоғам қайраткерімен тағдырлас болған басқа да адамдардың сирек ұшырасатын суреттерін де осы жерден көруге болады.

«Тағылымы мол тарих тарауы» Самырат (Шахмұрат) Алматұлының, Алматұлы Төремұраттың еліміз тәуелсіздік алғанан кейінгі жылдарда мәлім бола бастаған деректерін баяндайды.

Көрме залындағы «Саңлақ сүлей – Базар жырау» бөлімі Балқы Базар бабамыздың тұлғасын әр қырынан ашып көрсететін жәдігерлерге толы. Оның ішінде шығармалары, күйтабақтары да бар. Базар жыраудың асыл сүйегі жатқан жер 1976 жылы белгіленген екен. Өзбекстанның Бұқар облысы Үшқұдық ауданы Жалпақтау етегіндегі сол орынды анықтауға қатысқан ұрпақтарының суреттері де осы жерде сақталған.

Бұқар жыраудың табаны тиген бұл өлкенің бұрынғы және қазіргі тарихы көрме залында молынан қамтылған. Жабасақ жерінен Төлеумұрат Кішкентаев, Әбдібек Мәмбетовтей Социалистік Еңбек Ерлері шыққан. Ұлы Отан соғысына қатысқан Алеукие Құбеков Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, әлде бір себеппен берілмей қалған. Осы жерде туған полковник Серіхан Жанболов Ұлттық  қауіпсіздік комитетінің ардагері.

 

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық»

Осы сөздің жаны бар. Астың негізгі бағдарламасы өткен сенбі күні ауыл адамдары мен қонақтарға қызықты тамашалап үлгерудің өзі оңайға түспегендей. Ауыл мешітіне барып, құран бағыштап, аруақтарды еске алды. «Балқы Базар жырау шығармашылығының өміршеңдігі» тақырыбында өткен ғылыми практикалық конференцияға қатысты.  Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалин құттықтау сөз сөйлеген осы жиынға Ақтөбе қаласынан тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, қызылордалық, филология ғылымдарының докторы, профессор, Базар жыраудың ұрпағы  Бағдат Кәрібозұлы, басқа да көптеген ғалымдар қатысып, жыраудың шығармаларын әр қырынан талқылаған баяндамалар жасады. Бір игі іс, бұл баяндамалар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен алдын ала кітап болып басылып шыққан екен.

Осы кітапша және «Арыс» баспасынан биылғы жылы басылып шыққан жыраудың жаңа кітабы асқа қатысушыларға тегін таратылды.

Алыстан келген қонақтарға қонақасы орта мектептің асханасында берілсе, Балқы Базарға арналған ас ауылдың іргесінде арнайы жасақталған орында,  далаға орнатылған шатырда берілді. Оның жанында он екі қанат екі киіз үй тігілді.

Астан соң  шараға қатысушылар ат бәйгесін қызықтады. Көрші Қостанай облысынан, өзіміздің облыстың аудандарынан белгілі  жүйріктер қосылып, жарыс тартысты өтті. Дегенмен бас жүлде Әйтеке би ауданының өз жүйрігіне бұйырды.

Жиын соңында бәйгеден озып келген шабандоздарды, көзге түскен жырауларды мараптаттау рәсімі өтті. Осы шараны ұйымдастырға бастамашы болған Ағыбай Бердімұратов пен Игілік Сағиевтер әйгілі жырауға ас беріп, ұлықтауға қал-қадірінше үлес қосқан  А.Ф.Чемодановқа, Б.Тұрмағамбетовке, М.Сейтмағамбетовке,

А.Дабыловқа, К.Балшықбаевқа, Қ.Сарбасовқа, Қ.Бөкеновке, Ш.Мақановқа,

Р.Рахиевке, Т.Шағатаевқа,   К.Орынбековке, А.Көшербаевқа, А.Ермағамбетовке, М.Дуанбековке, А.Бердалинге, К.Асимбетовке, А.Мырзалинге, С.Куралинге,

Ж.Алдабергеновке, Б.Карбузовке, А.Соңғыбаевқа, басқа да азаматтарға алғыс айтты. «Жауынмен жер көгерер, алғыспен ер көгерер» деп бекер айтылмаған болар деп, тойшы қауым мұны құптады.

 

Аманқос  ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Базар – Балқы – оның ішінде Жауқаштысы. Біздің елде Жауқашты руынан біраз ұрпақтар бар. Ал Ағыбай Бердімұратовты Базардың тікелей ұрпағы деп жарнамалу өте қате және орынсыз екенін айта кету керек. Бүйтіп тарих пен шежірені бұрмалай беретін болсақ, көршілес Өзбек елінен Қарағындыға көшіп келген Базар атамыздың тілкелей ұрпақтарына не бетімізбен қараймыз. Жауқаштылардың тікелей ұрпақтарын қай тесігімізге тығамыз.
    Біз біреу той жасап, сол тойына шақырса болды, бықсып жатқан тезегіне дейін мақтайтын ауруға шалдыққанымыз былай тұрсын, шапан жапса ханға теңей де саламыз. Бұл бүгінгі өкінішті жайлардың бірі.
    Негізінен Балқы Базарға ас беру жөнінде сонау 90-шы жылдары бастама жасаушы, Жабасақ елінің азаматы, әуесқой компазитор әрі ақын Алтынбаев Қуаныш ақсқал еді. Әрине ол кезде қаржының да тапшылығы, алас толас, бір меншіктен екінші меншікке ауысып, алыс-тартыстың уақытына тап болған ұсыныс шешімін таба алмай кейінге қалып қойды. Көп ұзамай ағамыздың көзі де көрмей қалды. Оны бұрынғы Комсомол ауданына қарасты елдің бәрі жақсы біледі. Сәті түсіп, Базар атамызға ас берілді.
    Ас беруге демеушілік жасаған азамттарға мың да бір рахмет. Атамыздың рухы риза болып, Сіздердің де өрендеріңіз елге танымалы боп өсе берсін. Елдің азаматтары осындай шараларда, қиын – қыстауда танылады. Сондықтан бар тілеріміз осындай азаматтарымыздың қатары бұзылмай, Жаратушы иеміз амандығын берсін! – делік.

  2. Ағыбайың қырт. Базар жыраудың тойын өткізем деп балқылардың ақшасын жинап алды. Тойға барған балқылар құрмет көре алмай шөлдеп, ашығып, шарашап қайтты. Балқылар Ағыбайдың пайдакүнем сұм екенін танып енді көрмегеніміз Ағыбай сұм болсын деп түңіліп жүр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button