Мәдениет

Ақпандатып өткен ақын

Ақтөбе өңірінен ажырамай өткен, қазір ортамызда жоқ қадірлі ақынымыз Мұхтар Құрманалин бұл мақаласын 2009 жылы Ізтай Мәмбетовтің 80 жылдығына арнап жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған болатын. Бірақ, ыстық ықыласпен жазылған естелік-әңгіме бүгін де, алда да қадірін жоймайтын аңғарылып-ақ тұр. Біз мақаланың сол 80 жылдыққа байланысты ұсыныс-тілек айтылған тұстарын ғана қысқартып, сәл ықшамдап ұсынып отырмыз.

 

Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН
Ақпандатып өткен ақын

 

Қазақ поэзиясындағы көрнекі есімдердің бірі — ақиық ақын Ізтай Мәмбетов. «Ізтайдың, — деп жазыпты жыр жауһарын тап басып танығыш Сауытбек Абдрахманов «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» аталатын қазақ поэзиясының антологиясындағы аңдатпасында, — алғашқы кітаптарындағы өмірдің өзінен өрілгендей жайсаң жырлары салған беттен соншалықты жанға жайлылығымен, саздылығымен баурап алады. Сыршыл ақын тек сұлу махаббаттың ғана емес, адам көңілін баурап алар шынайы сезімнің қандай иірімдерін де қапысыз зерделеп, қалтқысыз ақиқатқа айналдыра білді…»

Расында да солай. Елуінші жылдардан бастап, ширек ғасыр бойы өзінің сыршыл да ойлы, назды да сазды лирикасымен қазақ өлеңінің асыл қазынасын байытқан Ізтай жырлары Алаш жұртына қызмет ете береді.

Мен Ізтай Мәмбетовпен көбірек араласқан көңілі жақындардың бірімін. Екеуіміз жас жағынан да шамалас едік. Біріміз Алматыда, екіншіміз Ақтөбеде тұрғанымызбен, арамызда көңіл алшақтығы болған емес. Біз іштей ұғыныстық… Осындайда еске түседі: біз астанаға барған сайын, ол жерлестерін ылғи Бірінші Алматы вокзалынан қарсы алып, вагонға ентіге енген күйі: «Ақтөбеліктер, қайдасыңдар, тез шығындар, сыртта машина күтіп тұр!» — деп айқайға басатын. Үлкен жүректі, жаны жайсаң ақынның алдымыздан аңқылдап шығып, құшағына қысып, бауырына басқан сағынышты сәттерін талай көріп, сезініп едік… Мұны айтқанда, мен өзімді айтулы ақынның деңгейіне көтеруден аулақпын. Әңгіме тек жан жарастығы туралы болып отыр.

Ізтай өмірге ерте араласқан. Ол Ақтөбедегі №6 мектепте оқып жүрген кезінен әр нәрсеге әуес, ынталы да өткір, табанды да қайсар болғанын қатар оқыған құрбылары (бүгінде ақсақал) ризашылықпен еске алады. Ізтай сол кездің өзінде боксшы да болған, жас палуан атанып, күреске де қатысқан, футбол командасының құрамында жасыл алаңға шыққан, облыстық театр сахнасында көпшілік көріністерде өнерге де бой ұрған. Ал мектептегі «Жас талап» қабырға газеті Ізтайдың өлеңдерінсіз шықпайды десе де болғандай.

Сол Ізтайымыз араға жылдар салып, орта мектепті үздік бітіреді де, Қазақтың мемлекеттік университетінде оқып, Мұхтар Әуезов бастаған ғұлама ғалымдардан дәріс алады. Университеттің соңғы курсында оқи жүріп, республикалық әдеби журналдың (бүгінгі «Жұлдыз») поэзия бөлімін басқарады. Қатардағы студенттің жай қызметкер емес, бірден бөлім меңгерушісі болуы — бұл ерте есейіп, тез таныла бастаған жас таланттың қалам қарымын байқатса керек.

Ізтайдың ақындығына азаматтығы, азаматтығына ақындығы сай еді. Ол өмірде де, өлеңде де жалғандықты, жағымпаздықты, ұсақтықты білмеген, «жығылсаң — нардан жығыл» дегендей, тұғыры биік тұлға болатын. Мәскеулік көрнекті ақын Ярослав Смеляков Алматыға келіп-кетіп жүргенде талай дәмдес болған және әріптесін дәйім «волчонок» (бөлтірік) деп атайды екен. Жігіттің жолбарысын тани білген ол ақынның Ізтайды жүрек жұтқан көкжал бөріге теңегенде, Ақтөбенің ақпандатқан боранындай адуын мінезін дөп басып айтқан.

Ақынның айналасы, яғни жасы үлкен ағалары, ибалы інілері Ізтайды бірауыздан «Із-аға» дейтін. Әкесіндей кісінің оны бұлай атауы біртүрлі ерсі көрінуі де мүмкін. Бірақ қандай жағдайда да, әрбір ісінде ірілік бар, құлашы кең, жаны жомарт, бітімі бөлек, мәрт мінезді ақынға бұл атау орынды да үйлесімді секілді еді. Ақынға асаулық жарасатын болу керек, бойдағы сол қасиетін сезінген ол Қуандық Шаңғытбаев ағасына арнаған өлеңінде:

«Ағасы бардың жағасы бары» рас-ау,

Жүреді көңіл жамаусыз ғана, сірә, сау.

Ақпейіл аға кеңдігіменен кешеді,

Інісі кейде көрсетсе мінез бір асау,

деп, өзіне тән өрлікті мойындай отырып, ағасынан кешірім сұрағандай күй кешкен. Ізтайдың ретті жерде жөнсіз кішіреймей, өз позициясын қорғай білетін табандылығы, тура тартып, кесіп айтатын өжеттігі бір басына жетерлік еді… Алпысыншы жылдары Алматыға барған бір сапарымда, орайы келіп, бұрын алыстан сыйласып жүрген ағалармен дастарқан басында дәмдес болғаным бар. Ас арасындағы үзілісте белгілі жазушы ағаларымыздың бірі (атын атамай-ақ қояйын) «Қазақ әдебиеті» газетінің сол күні шыққан санын қолына алып, парақтап, көз жүгіртті де, бірінші бетте басылған ақын Ізтай Мәмбетовтің өлеңін дауыстап оқи бастады. Бұрын өлең оқып машықтанбағандықтан ба, әлде көңілі толмады ма, әйтеуір, өлеңнің ырғағын дұрыс сақтамай, жүрдім-бардым оқыды. Өлең поэзиядан гөрі жай сөзге ұқсап кетті. Сол-ақ екен, жанымызда отырған Ізтай жатты да ашуланды.

— Әй, аға! — деді ол қатуланып.

— Оқитын болсаңыз, жөндеп оқыңыз! Өлеңді олай қорлауға болмайды! Ол Сізге қолжаулық емес!..

— Жазушы ағамыз:

— Неге шамданасың, бүлінген ештеңе жоқ, — деп тіксініп еді, Ізтай тіпті қатты кетті:

— Мысқылдап отырып, олай майдаламаңыз! Басқаны бала көресіз бе? Бес-алты шумақ өлеңді дұрыстап оқуға өреңіз жетпей жатқан жоқ. Мұрныңыздан күліп отырып мысқылдамақсыз ғой!

Өлеңге байланысты осы бір өкпе-реніш біраз жерге барып, әзер басылды… Ертеректе болған осы бір жәйтті еске алғанда, мен қос қаламгерге төрелік айтудан аулақпын. Меніңше, ақын Ізтай әлгі өлеңді өзі жазғандықтан ара түсіп жатпаған болу керек. Ол парасатты поэзияны пір тұтқандықтан оны қызғыштай қорғағаны кәміл… Міне, Із-ағаң осындай, қиянатқа ара түсе білетін батыл жан болатын.

Кейде мен Ізтайдың талжібектей төгіліп тұрған лирикалық өлеңдерін оқығанда, адуын ақынның бойында осындай сұлу да нәзік сезімдердің кестеленіп кете беретініне таңданушы едім. Ойлап қарасам, табиғи тума талант дегенің төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай тербеліп, небір жыр жампозын дүниеге әкеледі екен. Тек осындай ақын ғана:

Сүйе алмадың кей ашуды кешіре,

Қоштаса күліп, қамығасың несіне.

Бұрқ-сарқ еткен ақ боранды күн болса,

Алғайсың тек сонда мені есіңе, —

деп, сүйіктісі бола алмаған бойжеткенге ағынан жарыла сыр ашатын шығар.

Қазақ әдебиетінің қарт тарландарының бірі, марқұм Әбділда Тәжібаев өзінің «Өмір және поэзия» атты монографиясында Ізтайдың «Ақ ұлпа дала айнала» деген бас-аяғы бес шумақтан тұратын өлеңін ауызға алып, оның табиғатты терең суреттей білетін сезімтал ақын екенін атап өткен.

1966 жылы Ізтай қатты сырқаттанып, ауруханаға түсті. Тосыннан тап болған бұл дертті жеңілдетуге септігі тиер деген үмітпен Сағи Жиенбаев бастаған ақындар тобы жеделдетіп ақынның жыр жинағын шығарды. Өлеңдерінің өзгеше құдіреті ме, әлде төңірегіндегілердің риясыз ықыласы ма, әйтеуір, Ізтай, ақыры қайыр боп, үйіріне қосылды. Көп ұзамай Алматыдан менің атыма пакет келді. Ашып қарасам, Ізтайдың сол жылы шыққан әлгі жинағы екен. Беташар парағында мынадай қолтаңбасы бар: «Ақын дос Мұқтар! Осынау кітап өз атыңа арналған алматылық, сәлемдеме. Ізгі ниет, достық тілекпен жіберіліп отыр. Аман бол, табысты бол! Өзіңнің Ізтайың. 1966. Алматы».

Енді мұны неге еске алып отырғанымды айтайын. Әлгі маған сәлемдеме ретінде келіп отырған кітаптың аты «Жолұзақ». Жинақты құрастырған достары, «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп, ақынға алда барар жолың, кешер ғұмырың ұзақ болғай деген ниетпен осылай атаған ғой. Бірақ олай болмады. Араға сегіз жыл салып, ақын Ізтай 1974 жылы наурыз айының басында қырық бес жасқа қараған шағында дүниеден өтті, қағазға түсіп үлгірмеген жыр жолдары қаламының ұшында кетті.

… Ақпанда Ақтөбенің ақ басқын бораны бой көтереді, қыс мезгілінің мінезі де ақындардың алақұйын екпініне ұқсас, асаулығын байқатады. Ақпан айы өлеңдерінен туған жер табиғаты көрініс беретін Ізтайды еске түсіреді. Ол ақ боранның арасында шабыт дейтін асау арғымақпен құйғыта шауып бара жатқандай елестейді… Бағыты — болашақ.

Қысқа ғұмырында елім деп еміреніп, халқым деп қабырғасы қайыса қалам тербеген ақын Ізтай (Ізбасқан) Тілеуліұлы Мәмбетовтің жарқын жүзі жадымызда. Ол қалдырған рухани қазына бізге аса қымбат. Соңдықтан да:

Әйтеуір, менің қойынға

тыққан жоқ тасым,

Ақ, адал жаным —

қорғаным әрі жақтасым.

Арманым жүрек адамды

сүйіп тоқтасын,

Арманым елім ұлым деп

сонда жоқтасын, —

деп өзі жазғандай, ақын Ізтайды әркез жоқтайтынымыз да, еске сақтайтынымыз да атқан таңдай ақиқат.

Ақпан айы туса, «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деп жырлап өткен ақын Ізтай Мәмбетов есіме еріксіз түседі.

…Бүгінде қайсыбір «әдебиеттанушылар» алпысыншы жылдарға теліп жүрген сыршыл сезім лирикасы қазақ поэзиясында елуінші жылдары-ақ, жеке адамға табынушылық тұсында Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков секілді бірен-саран бірегей тұлғалардың өлеңдерінен басталып, алғаш рет одақтық аренаға шыққанын ұмытпағанымыз жөн ғой. «Жаныңа жас шағымда-ақ жақын бардым» немесе «Өгей шеше» аталатын лирикалары сол заманда туған еді. Ендеше, Ізтай Мәмбетов ел-жұрты еске алуға, ардақтауға лайық ақын деп білеміз.

 

2009 жыл.

Ізтай МӘМБЕТОВ

 

Ағалық

 

Қуандық Шаңғытбаевқа

 

«Ағасы бардың жағасы бары» рас-ау.

Жүреді көңіл жамаусыз ғана, сірә сау.

Ақ пейіл аға кеңдігіменен кешеді,

Інісі кейде көрсетсе мінез бір асау.

 

«Інісі бардың тынысы бары» тағы рас.

Інідей көнбіс қолғанат деген табылмас.

Қиын да қыстау қаракет күні кездессе,

Ізі бар кісі өлер де болса тайынбас.

 

Аға мен іні әйтеуір әсем сыйластық,

Бар болса бүтін, тірлікте айыл жимас түк.

Табиғат өзі жомартықпенен жаратқан

Бір-бірін басқа тілеуге тіпті қимас қып.

 

Осынау достық үлкенге үлес жаны ізгі,

Үлкендер бастап өтейді өшпес парызды.

Сондықтан ба екен,

ағалық деген ақынның,

Жыр жазып болған жайқын бір көңілі тәрізді.

 

Жол ұзақ

 

Келіппін біраз жерге енді,

Кейінде талай жол қалды.

Өтіппін жазық, белеңді,

Өтіппін сайды, орларды.

 

Қарасам артқа бұрылып:

Кетіппін кейде жүгіріп,

Жатыппын кейде жығылып,

Қалыппын кейде сүрініп.

 

Әйтеуір осы ғұмырда

Көрмеппін сылбыр аяңдап;

«Себебі бар, — деп, — мұның да»,

Тұрмаппын босқа аялдап.

 

Артымда сондай жол қалды,

Алдымда жол бар тағы ұзақ.

Соны да өтсем болғаны

Аяңды білмей жалғыз-ақ.

 

* * *

Аспанды суыт бұлт бүркеп,

Асыға сүңгіп ай кетті.

Төңірек тегіс күркіреп,

Сабады нөсер әйнекті.

 

Төпеп бір төпеп ол солай,

Өтті де кетті жүгіріп.

Сүт емген сәби баладай,

Жер-ана жатты сіміріп.

 

Булығып барып төгілер.

Осылай кейде өлең де,

Ел-ана оқып елжірер,

Сондықтан сол жыр өлер ме?!

 

* * *

Таң атпай жатып сұр аспан

Түйді де тұнжыр қабағын,

Төкті кеп селін тынбастан,

Төбесін төпеп қаланың.

 

Алатау бұлтты жұмарлап,

Жұмарлап мықтап сыққандай,

Көшені толқын нығарлап,

Іздеді таса жұрт қалмай.

 

Жас терек, бірақ ықпады,

Ғашықтай қайта ынтығып,

Сімірген сайын бұлт нәрін,

Барады бұлтқа ұмтылып.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button