Мәдениет

Иман

Ғибратнама

«Көзбен емес, көңілмен көретін…»

Әбу Юсуф әңгімелейді: «Мен әкемнен ерте айырылдым. Анам мені бір тігіншіге көмекші болуға жіберетін еді. Ал мен тігіншіге барғаннан гөрі, Әбу Ханифадан дәріс тыңдағанды артық көретінмін. Бірде анам соңымнан жасырынып еріп отырып, Әбу Ханифаға барып жүргенімді біліп қалды да, ұрсып-ұрсып, жетектеп алып, тігіншіге апарды. Мен бірақ имамның дәрістерінсіз өмірді елестете алмайтынмын да, тігіншідегі жұмысымды тастап, қашып кете беретінмін. Төзімі таусылған анам бір күні ұстазыма келіп ұрыс шығарды: «Ұлымның әкесі жоқ. Мен оны асырап-бағу үшін, күндіз-түні отырып киім тоқып, сатамын. Өзі де аз-мұз табыс тауып, қолғабыс етсе деп едім. Бірақ сенің кесіріңнен, міне, мені тыңдамайтын болды!». Ал ұстазым өзінің сабырлы қалпымен: «Сен балаңа ұрыспа. Осы жерден алған білімінің арқасында ол кейін жаңғақ майына әзірленген файрузадж тағамының дәмін тататын болады. Мұны мен осылай боларына көзім жеткендіктен айтып отырмын» — деді. Бұл сөзге анам тіпті қатты ашуланды: «Қайдағы жоқты айтады екенсің!».

Жылдар өтті. Мен халифаттың жоғарғы қазысы дәрежесіне жеттім. Бір күні Харун ар-Рашидтің сарайында билеушімен дастарқандас болдым. Билеуші біздің алдымызға қойылған тағам туралы: «Жаңғақ майына әзірленетін мұндай тағам дастарқанға күнде келе бермейді. Өте сирек әзірленеді» — деді. Мен бұл ілтипатқа риза екенімді жеткіздім де, тағамның қалай аталатынын сұрадым. «Файрузадж» — деп жауап берді Харун ар-Рашид. Сол кезде бала күнгі оқиға есіме түсіп, күліп жібердім. Билеуші менің неге күлгенімді сұрады. Мен жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. «Иә, білім адамды екі дүниенің игілігіне жеткізеді. Ал Әбу Ханифа нені де болса, басқалар секілді көзбен емес, көңілмен көретін» — деді билеуші».

 

Нан және талақ

Бір күні Әбу Ханифаға бір әйел келіп, өзінің күйеуімен ажырасқысы келетінін айтады. Имам мұның себебін сұрайды. Әйел күйеуінің жұмыстан кеш келетінін, сол үшін екеуінің мүлде тіл табыса алмай жүргендерін, өзінің ырду-дырду өмірден шаршағанын, басқа әйелдерге қызығатынын, ал күйеуімен енді тұрғысы келмейтінін шұбыртып айта жөнеледі.

Оның әңгімесін тыңдап алғаннан кейін, Ұлық Имам Әбу Ханифа: «Олай болса, өтінішіңді орындап, сені ажыратамын. Бірақ бір шартым бар. Сен маған дәмді әрі үлкен етіп нан пісіріп әкел. Және: ол нанды пісіргенде өз үйіңнен еш нәрсе алушы болма, ұнды, суды, тіпті тұзды да көршілеріңнен сұрап ал және бұл заттарды неге сұрап тұрғаныңды оларға міндетті түрде айтып бер» — дейді.

Әлгі әйел дереу іске кіріседі. Алдымен бір көршісіне барып: «Маған су берші» — деп, су сұрайды. Көршісі таңғалып: «Сендердің үйлеріңде құдық бар еді ғой?» — депті. Содан әйел күйеуін жамандап, соңынан имамға барғанын айтып, бәрін бастан-аяқ айтып түсіндіріп шығады. Сол-ақ екен, көрші әйел де өз күйеуінің үстінен неше түрлі шағым айта жөнеліпті… Одан соң бұл жағдай тұз сұрай барған — екінші; ұн сұрай барған үшінші көршісінің үйінде де қайталаныпты.

Ақыры келесі күні әлгі әйел Әбу Ханифаға  пісірген нанын әкеліп тұрып, «Міне, сізге кешегі нанды әкелдім. Бірақ мені күйеуімнен ажырата көрмеңіз» — дейді. «Неліктен? Бір күннің ішінде шешіміңді өзгертуіңе не себеп, қызым?» — дейді Әбу Ханифа таң қалған болып. Сонда әлгі әйел: «Көршілерімнің күйеулері туралы есіттім. Олар тіпті жаман екен. Менің күйеуім олардың бәрінен артық» — депті.

 

Ілім мен ғибадат

Бірде таң намазынан кейін Әбу Ханифа көптеген мәселелерге пәтуа береді. Сонда топ ішінде отырған біреу мұны жақтырмағанын сездіріп:

—  Таң мезгілінде бұдан гөрі Аллаһты зікір еткеніміз дұрысырақ емес пе еді, имам? — деп қалады

Имам бұған өзінің әдеттегі сабырлы қалпымен:

— Әр нәрсенің адал, арамын білдіруден артық іс бола ма? Адам жолға азық алмай шығар болса, қанша жүргеннен кейін, әйтеуір бір ашығатын болады ғой? Ал құлшылық үшін де іліміңді арттырып отыру керек, — деп жауап беріпті.

 

Көрші ақысы

Имам Ағзам Әбу Ханифаның бір көршісі маскүнем болыпты. Арақ ішіп алған соң, өз отбасында жанжал шығарып қана қоймай, көршілерінің де, ел-жұрттың да әбден мазасын алады екен.

Сөйтіп жүріп бірде абақтыға қамалыпты. Әбу Ханифа мұны естіген бойда қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алады. Екеуі бірге қайтып келе жатады. Мастығынан айыққан жігіт өз қылығынан ұялып: «Мен үшін несіне әурелендіңіз? Сізге жамандығым болмаса, жақсылығым жоқ еді…» — депті. Сонда Имам Ағзам: «Сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау — мұсылманға парыз. Мен сол міндетімді орындадым», — деп жауап беріпті. Осы оқиғадан кейін әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған екен.

 

Рамазан: қайырлы істен қалыс қалма

Қайсыбір мұсылманға осынау құтты айдағы қайырлы істерден қапы қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей:

1. Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту;

2. Тарауық және тәһәжүд намаздарын оқу;

3. Құранды қайталап оқу;

4. Садақа беру;

5. Ауызашар жасау;

6. Ауызашарда дұға-тілек тілеу;

7. Мешітте иғтикәфке қалу;

8. Қадір түнін құлшылықпен өткізу;

9. Ата-ананы қадірлеу;

10. Соңғы онкүндікте ерекше ықыласпен құлшылық ету;

11. Сәреге тұрып, тамақтану;

12. Ауызашарды уақытынан кешіктірмеу;

13. Кеңпейіл болып, надандықтан алыстау;

14. Ұдайы дәретпен жүру;

15. Азан айтылса, қайталап, дұғасын оқу;

16. Күнделікті бес намазды уақытылы орындау;

17. Сүннет намаздарды тастамау;

18. Алла Тағаланы көп зікір ету;

19. Сәскедегі нәпіл намазды орындау;

20. Намаздардан кейінгі тәсбих, дұғаларды айту;

21. Әрдайым истиғфар дұғасын айту;

22. Күнә-қателіктерге тәубе жасау;

23. Жетім-жесірге қарайласу;

24. Тәкаппарлықтан тартыну;

25. Адамдардың арасын жарастыру;

26. Туыстық қатынасты үзбеу;

27. Мұсылмандарға сәлем беру;

28. Ұмраға бару. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Рамазанда жасалынған ұмраның сауабы қажылықпен тең», — деген;

29. Пітір садақасын беру;

30. Ораза айтына лайықты дайындалу.

 

(Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Рамазан айының артықшылықтары» мақаласынан.)

 

 

Тәкаппарлық қасіреті

 

Суфиян ас-Саури (716-778 жж.) — бірнеше белгілі еңбектердің авторы, көрнекті имам. «Әбу Ханифамен салыстырғанда, біз қыранның қасындағы торғайлар сияқтымыз. Имам Әбу Ханифа — барлық Ислам ғалымдарының көшбасшысы» деген әйгілі сөзді айтқан — осы Саури. Оның бізге жеткен сөздері:

 

Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуі мүмкін, бұған үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт жоқ. Бұлай деуімнің себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсі нәпсіден еді.

***

Рахымшыл тақуа кедейлерге бес таңдау бұйырылған: жан рахаты, жүрек тыныштығы, Раббысына ғибадат, қияметте жеңіл есеп, жәннатта жоғары дәреже. Бай адамдар үшін: жанның шаршауы, жүректегі мазасыздық, дүниеге құлшылық, қияметте қиын есеп, жәннатта төменгі дәреже.

***

Аллаға жақын болғың келсе, әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шешен сөздерден алыста!

***

Лұқпан хакім баласына былай деп өсиет етіпті: «Ұлым, даналық немесе хикметке жеткің келсе, жүрегіңді өлі күйге душар етпе — міскін көрсең бірге отыр; адамдарды мақтауға арналған мәжілістен қашық жүр; төмен адамдарды қадірле; құлды азат ет; ғаріпке пана бол; пақырға қолыңды соз. Осылай жасап дағдылансаң, көлденең қауіп-қатерден аман жүресің, бұл амалдар соғыссаң құралың болады, жалаңаш қалсаң шапаның болады».

 

іslam. kz, muslim. kz,  islam. ru сайттарының материалдары бойынша әзірленді.

 

Рамазан айындағы жаңалықтар

Электронды жайнамаз

 

Бес уақыт намаз бен үтір намазының оқылу  тәртібін үйрететін электронды жайнамаз ойлап табылды. Оның авторы — қазақстандық азамат Алханбай Сатыбалдыұлы.

Арнаулы құрылғы орнатылған жайнамаздың көмегімен ниетті жандар намаз оқу тәртібін үйрене алады. Ұзындығы 140 см болатын электронды жайнамаздың зағип жандар үшін тиімділігі тіпті айтып жеткізгісіз. Алханбай мырза электронды жайнамаздың Қазақстан ғана емес, мүмкіндігінше, әлемдегі басқа мұсылман елдері үшін де қолжетімді болғанын қалайды.

Дінімізді насихаттау бағытында бүгінгі заманғы технология мүмкіндіктері пайдаланылып іске асырылған бұл дүниені ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие болады деп сенеміз.

 

«Рамазан қазынасы»

 

Татарстан астанасы — Қазанның Привольже ауданындағы «Тынычлык» мешіті аумағына жоқ-жітікке арналып «Рамазан қазынасы» деген атпен мұздатқыш қойылды.

Үйіне артық тағам алып қойған не жоқ-жітікке садақа беруді ойлаған кез келген адам бұл мұздатқышқа тағам әкеліп қоя алады. Бүгінгі күні мұнда су, нан, жарма өнімдері, печенье, қалбырдағы тағамдар әкелініп жатқан көрінеді.

Татарстан мүфтиі Камил хазірет Самигуллин: «Біздің арамызда күнделікті ішіп-жеуге тағам таппай қалатын жандардың да бар екенін білеміз. Оларға көмек қолын созу —  мұсылмандық парызымыз. Мұнда тағамды мол етіп әкелесің бе, аз әкелесің бе — ол жағы маңызды емес, ең бастысы, қолыңдағы барыңды жоқ-жітікпен бөліссем деген ниетің» — дей келіп, басқа мешіттерді де осы акцияға қосылуға шақырып отыр. Қазіргі күні тағы бір мешіт — «Юлчы» мешіті осы акцияға қосылуға дайын көрінеді. Кейін Қазандағы басқа мешіттер де олардың қатарына қосылады деп жоспарланған.

 

Ең үлкен ауызашар

 

Мәдина қаласындағы Харам мешітінде күніне шамамен 300 мың адамға ауызашар беріледі.

Бұл үшін мешіт ауласында 12 мың метр дастарқан жайылып, ал азық-түлікке 290 мың доллар қаражат жұмсалады екен. Бір қызығы, ауызашарға жиналғандар 15 минуттан артық отырмайтын көрінеді.

Ауызашар беру — үлкен сауап. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Оған да аузы берік адамның алған сауабындай сауап жазылады» — дегенде, сахабалардың кейбірі ауызашар беретіндей жағдайлары жоқ екенін айтады. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір түйір құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де сауап жазылады», — деген екен.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button