Денсаулық

С.Қайырбекова: Бірінші кезең табысты аяқталды

 ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқытушылармен, студенттермен және жалпы облыстың медицина қызметкерлерінің активімен кездесті.

 

Еркектер аз өмір сүреді

Министр университеттің кіреберісіндегі келген қонақ тағзым етпей өтпейтін М.Оспановқа арналып қойылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Студенттердің ғылыми жұмыстарының көрмесін, университет мұражайын және оқу клиникалық орталықтарын аралап көрді.

Оқу ордасының мәжіліс залында өткен активте Салидат Қайырбекова «Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау мәселесінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында баяндама жасады. Министр 2010-2015 жылдарға бекітілген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының ел аймақтарында жүзеге асырылуы туралы айтты. Ол биыл мемлекеттік бағдарламаның үш жылға созылған бірінші кезеңі аяқталғанын жеткізді.

— Біз сіздермен бірге «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының бірінші кезеңін табысты аяқтап отырмыз. Осылай айтуға негіз бар деп ойлаймын. Еліміздің барлық аймақтарында медицина саласының жаңа ғимараттары салынып, материалдық-техникалық базамыз жаңғырды. Біздің елімізде адам өмірін ұзартуға қатысты бағдарлама тетіктері жұмыс істей бастады. Мәселен, 1995 жылғы көрсеткішті қарастырсақ, ерлердің өмір сүру жасының ұзақтығы 50-ден сәл жоғары, әйелдер 63 жастың шамасында деген баға берілген болатын. Халықаралық ұйымдар біздің еліміздің даму мүмкіндіктерін, денсаулық саласының барлық талаптарын сараптап, 18-20 жыл бұрынғы көрсеткішті жоққа шығарды. Яғни біздегі өмір сүру ұзақтығының орташа деңгейі 70 жастан артқаны көрініп отыр. Дегенмен, ер азаматтардың әйелдерден аз өмір сүретіні жөніндегі сандық деректер өзгерген жоқ. Мәселен, әйелдердің орташа өмір сүру жасы қазір шамамен 75 жас болса, ерлер 65 жыл өмір сүреді екен, — деді министр.

Ол сонымен қатар бағдарламаның бірінші кезеңі бойынша елімізде ана мен бала өлімін болдырмауға бағытталған жұмыстар жемісін бергенін атап өтті. Оның айтуынша, ана мен бала өлімінің көрсеткіші айтарлықтай төмендегеніне күдікпен қарайтындар бар екен. «Неге күдіктенуге тиіспіз? Бұл — халықаралық сарапшылар сан мәрте сүзгіден өткізген көрсеткіш. Егер осы жылдар ішінде менің өзімнен бастап, қатардағы медицина қызметкеріне дейін өз міндетін орындап келсе, алға қойған мақсаттардың орындалғаны емес пе?», — деді министр.

 

Медбикенің мәртебесі

Еліміздің бас дәрігері жүрек-қан тамыр ауруларының көрсеткіші еш төмендемей тұрғанын жеткізді. Ол осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар егер қазақстандықтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артпаса, нәтиже бермейтінін тілге тиек етті.

— Біздің адамдардың денсаулығын күтуге келгенде сауаты жетпейді. Мәселен, басы ауырып тұрған адам үйінде жатып ем-дом қабылдаудың орнына моншаға баруы, одан шығып қонаққа баруы, сөйтіп, түн ішінде қан қысымы көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығуы мүмкін. Инсульт, инфаркт сияқты қан айналым жүйесінің ауруларынан көз жұмғандардың 63 пайызы еліміздің орталық қалаларының емес, аймақтардың тұрғындары. Біз қазір жаңа жүйе бойынша ауруханаларда бір дәрігерге үш медбикені бекітіп қойдық. Медбикелер кабинетте отыруы тиіс емес. Олар өздеріне бекітілген аумақ тұрғындарының үйлеріне барып, қан қысымын өлшеп, денсаулықтарын қалай сақтау керектігі туралы ақпарат берулері керек. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға ауруды асқындырмаудың амалдарын үйретулері, сауаттандырулары тиіс.

Негізі, бізге медбикенің мәртебесі туралы ойланатын уақыт жетті. Біздің қоғамда «дәрігер болмаса, медбике ешкім емес» деген қате пікір қалыптасқан. Осыны өзгертуіміз керек. Мәселен, дамыған елдерде медбикенің атқаратын рөлі дәрігерден де маңызды. Оларда медбике қызмет сатысымен жоғарылай алады, — дейді С.Қайырбекова.

Ол онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші де адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан ақсап тұрғанын айтты. Бізде онкологиялық ауруы бастапқы кезеңінде емес, төртінші сатысында анықталатын жағдайлар жиі кездеседі. Яғни кеш анықталған аурудан адам айыға алмайтынын білген дәрігерлердің амалы қалмайды. Бұл жерде министр скринингтік тексерулердің маңыздылығын атап өтті.

 

Портал деген адам емес

Сонымен қатар, министр туберкулезге қарсы күрес мәселесін де қозғады.

— Біз қазір әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге талпынып отырған мемлекетпіз. Халықаралық ұйымдар, қауымдастықтар ел экономикасының даму қарқынын жоғары бағалап отыр. Әлем елімізді, Елбасымызды мойындаған халықпыз. Әлеуметтік аурулар санатына жатқызылған туберкулездің әлі де проблемалық деңгейде қалуы дәрігерлерге ой салуы тиіс. Бұл тұрғыда ақпараттық жұмыстар тұрғындардың жауапкершілігін күшейте түсуге бағытталуы керек.

Сонымен қатар, қазір біздің елімізде жол апаты салдарынан өлім-жітім көбейді. Ақтөбе облысында жол-көлік апатынан 98 адам өлімі болған екен. Яғни бұл бізге жол бойында жұмыс істейтін медициналық-санитарлық пункттерді көбейтуіміз керектігін көрсетіп отыр, — деді министр.

Ол дәрігерлік этика, науқасқа деген көзқарас мәселесі төңірегінде де әңгіме өрбітті. Министрге Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған жұмыс сапары кезінде бір қария: «Ауруханаға жатайын десем, портал деген кісі өткізбейді. Шырағым, сол порталға айтшы, маған ауруханаға жатуға рұқсат берсін», — деп өтініш айтыпты. Салидат Қайырбекова қарияға портал деген адам емес, ауруханаға жату үшін құрылған жүйе екенін айтып түсіндіріпті. «Алдарыңа келген науқаспен адамша сөйлесу қиын болып па? Науқас дәрігерге соңғы үмітін арқалап келетін кездер жиі кездеседі. Тұрғындардың бізге деген сенімін бағалауымыз керек», — деп министр медицина қызметкерлерін бір тұқыртып алды.

 

Ауылға барыңдар!

Ол сөзінің соңын студенттерге арнады. Жастарды еңбек жолын ауылдан бастауға, ауылдық ауруханадан тәжірибе жинауға үндеді.

— Мен еңбек жолымды ауылдық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастадым. Жұмыстың қиындығынан ешқашан қашқан емеспін. Біз қолына дипломын алған жас мамандарды қанша жерден ауылға бағыттағанымызбен, жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер тарапынан баспана мәселесі шешілмейтін болса, жастар ауылға бармайды, — деді минстр.

Осы сөзден кейін университет ректоры, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары денсаулық сақтау департаменттері басшылары университет студенттерін оқу бітірген соң, ауылдан баспана беріп, жұмысқа орналастыру туралы уағдаласқан үш жақты келісімге қол қойды.

Бұл жұмыс Ақтөбе облысында осы келісімге дейін де табысты атқарылып жатқаны туралы облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова айтып өтті.

— Облыста 3610 дәрігер бар. Орташа айлық жалақылары 119 мың теңге шамасында. Жас мамандарға қолдау көрсету бізде жолға қойылған жұмыс. Егер медицина саласының қызметкері ауылға барса, оның көшіп-қонуына 120 мың теңге көмек ретінде беріледі. Содан кейін жас мамандарға 15 жылға үстеме пайызсыз 2,5 миллион теңге несие және 2 миллион теңге шамасында көтермеақы тағы да беріледі, — деді С.Нұрқатова.

Одан кейін Салидат Қайырбекова Ақтөбеге жұмыс сапары Тәуелсіздік күні мерекесіне тұспа-тұс келгенін айтып, медицина қызметкерлерін құттықтады, үздіктерін марапаттады. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен 3 дәрігер, Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен 4 адам, Алғыс хатпен 4 адам марапатталды.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button